Бас тақырыпКоронавирус

Қарағанды облысында қандай кәсіпорындардың жұмысына рұқсат берілді?

Қарағандыда қандай кәсіпорындар жұмысын жандандырады? Саяжайға қалай баруға болады?  Қоғамдық көлікпен жүруге бола ма? Осы және басқа да сұрақтарға “SARYARQA” телеарнасында тікелей эфирде өткен баспасөз мәжілісінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров жауап берді.  

–  Мемлекет басшысы елдегі төтенше жағдай 11 мамырға дейін ұзартылғаны туралы мәлімдеді. Президенттің тапсырмасы және мемлекеттік комиссияның шешімі негізінде Қарағанды облысында 28 сәуірден бастап карантин режимін жеңілдетілді. Әйтсе де, Теміртау қаласы әлі де қатаң бақылауда болады. Карантиннің  ерекше жағдай сақталып, тек,  ішінара жеңілдету жоспарлануда, – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аймақта шектеу шараларын жеңілдету төрт кезең бойынша жүзеге асады.  Бірінші кезеңде бірқатар кәсіпорындар қайта ашылып, 57 мыңнан астам адам жұмысқа кіріседі. Ал, келесі кезеңдерді енгізу аймақтағы эпидемиялық жағдайға байланысты болмақ.

Бірінші кезеңде өндіріс ошақтары, құрылыс, жол-құрылыс кәсіпорындары және қоғамдық көлік қызметі қайта жанданады. Автобустар таңғы сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін және кешке сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін жүреді. Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсететін компаниялардың жұмысына рұқсат берілді. Атап айтқанда, көлік жөндеу және қызмет көрсету шеберханалары, ТҚС, шиномонтаж, автожуу, химиялық тазалау, кір жуу орындары, қоймалар мен автосалондар. Ал, құрылыс материалдарын, тұрмыстық техниканы, электронды тауарларды және саяжайға қажетті дүниелерді сататын сауда нысандары жеткізіп беру режимінде жұмыс істейді.  Бұдан бөлек, оптика салондары қайта ашылып, екінші деңгейлі банктер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары ерекше режимде жұмыс істей бастайды. Адвокаттар мен нотариустар алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді.  

Бағбандарды толғандырған мәселенің де орайлы шешімі табылды. Тұрғындарға саяжайларға баруға рұқсат берілді. Сондай-ақ, қала тұрғындарына күндіз әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын сақтай отырып серуендей алады. Спорт және балалар алаңдарын пайдалануға болады. Десек те, әзірге саябақтар мен гүлзарларда серуендеуге тыйым салынған.  
– Қарағанды облысында санитарлық бекеттер алынып жатыр. Осындай сегіз бекет болған. Қалалар мен аудандар арасында, сондай-ақ облыстың сыртқы шекарасында орнатылған блок бекеттер әзірге жұмысын жалғастырады,  – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Аймақтың эпидемиологиялық ахуалы әлі де өзекті екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары тұрғындарды сақтық шараларын сақтап, медициналық маскалар мен антисептиктерді пайдалануға және әлеуметтік қашықтықты ұстануға шақырды.  

Басқа материалдар

Back to top button