Баған

Мәртебе мен мансап

Дүние есігін аша сала еңбектеп, есің кіре қара жерді қаз басасың. Есейе келе санаң сан-саққа жүгіреді. Жан сарайың кеңейіп, тынысың ашыла түседі. Томағасын сыпырған бүркіттей көкейіңді өршілдік пен өзімшілдік билейді. Асау арманның жетегіне ілесесің, балауса мінезің еркіңді дегеніне бағындырады. Қаныңдағы туа біткен қасиет, ата-ананың әлдиінен басталған тәрбие, өскен ортаның ықпалы мен әсері, түйсінгенің мен көргенің азаматтық тұлғаңды қалыптастырып, қолыңа биік мақсаттың кілтін ұстатады.

Алдыңдағы тарау-тарау жол айрығына жолығып, тағдырыңда жазылған таңдауыңа кезігесің. Мақсат қоясың. Мақсат – әр адамның болашағының бағдаршамы. Талпынысының темірқазығы. Өмір керуенінің керулі кермесі. Құрыш білекті, жаны жайсаң жұмыскер болу немесе ғаламды санасында тербеткен ғалым болу, тіпті, қаннан дарыған, таласқа түспейтін талантпен даралану, тағы бірі биліктегі тегеурінді тізгін иесі лауазымды мансапқа жету. Осылардың біреуін еншілесем деп мақсат қоясың. Адалдан бұйырып, тапқан-таянғаныңмен алаңсыз өмір сүрудің кепілдігі кәдімгі қарапайым еңбек. Қарым-қабілетіңді, ой-санаңа түйгеніңді, сабақтап пайдаланып, алғыс пен батаға бөлену қалтқысыз қызметшілік.

Өзіңе ғана тән табиғи тас жарар талантыңмен мұра боларлық туындылар туғызып, тұлғаңды тарихи нысанға айналдыру ұлттық құндылық. Ал бірде өрлеп, бірде өрмелеп барып жететін биліктегі лауазым – мансап. Ол шексіз билік, бірде бар, бірде жоқ баяны мен азабы қатар жүретін бақ. Бірде ащы, бірде тәтті тойымсыз ындын, жүгенсіз кетсе ерік-жігеріңді құм қылатын дауасыз дерт.

Мақсатқа жетіп, мансапты ұстап тұру үшін Ұлы Әлекең айтқан мінез керек. Пенде біткеннің бәріне бірдей жетпей жүргені сол мінсіз мінез ғана. Ал, баққұмарлық билікке, билік мансапқа, мансап өзімшілдікке жетелейтін жегі құрт. Мұратына жету үшін қарым-қабілетін бәйгеге тігіп, талаптанған адамның тағдыр жолы екі айырылып, біреуі мәртебеге екіншісі мансапқа апарады.

Тақымы Таққа тиген кей баққұмар пенделер аяқ астынан өзгеріп, кесір пайда болып, жан сарайы семіріп шыға келеді. Жақынын да жат санап, танымай кететіні де бар. Басшы болған азаматтардың әншейіндегі қарапайымдылық пен қайырымдылықты мансұқ етпей, бәрінен биікте тұратын ар таразысы бар екенін естерінен шығармаса, қоғамда әділетсіздік пен мейірімсіздіктің зардабын тартатындардың қатары азаяр еді.

Биік мансапты ел игілігіне, ұлт мұратына арнайтын туа біткен текті, парасатты азаматтар да жетерлік. Десек те, қолына тиген лауазымды қоғам мүддесінен гөрі өзінің қара басының пайдасына көбірек жаратуды бірінші кезекке қоятындар көптеу. Олар өзін дәріптеп, насихаттайды, парақорлыққа дәнігеді. Үстемдік жүргізудің амалдарын ойлап табады.

Мәртебенің өлшемі адал еңбектің қуатымен келетін абырой мен даңқ. Даңқы жер жарса да қарапайымдығын сақтап, кісілігін қасиет тұтатын жайсаң жандар көп. Олар түрлі салиқалы мінбеге шығып, тұғырлы билікте тұрғанда да байсалды қалпынан өзгермейді. Өйткені, олардың «Тағы» мәртебе. Осындай тұла бойынан зиялылық төгіліп тұратын, мінезі көркем, ерік-жігері қуатты, мәртебелі адамдар өзгелерге де өмірдің жан рақатын сыйлайды.

Айналып келгенде бәріміз де баянды ғұмыр кешуді қалаймыз. Кім болсақ та фәнидегі қамшының сабындай қысқа ғұ­мырды еңбектеуден бастап, өзімізге тиесілі бес күндік қана тіршілікті өз аяғымызбен жүріп өтіп, базарымыз тарқағанда бақилық мекенге шалқамыздан жатып, басқа адамдардың аяғымен жүріп баратынымызды ұмытпасақ болғаны…

Тұңғышбай МҰҚАН,

«Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button