Жаңалықтар

Оқыдық, пікір айтамыз! Соңғы көштің тұрағы (Жазушы Жанболат Башардың «Абыз бен аңыз» атты кітабы туралы ойсүзгі)

Көзіміз ашылып, хат танығалы көкірек санамыз кітаппен көркейіп, бетін парақтағанша тағатымыз таусылып, оқыған сайын ойымыз ұшталып, сарайымыз ашылып, шығармадағы оқиғалардың ортасында жүргендей ұшы-қиырсыз қиялды бастан өткергендігіміз – бүгінде ертегі сияқты. Көркем туындыларды таласып оқып, жастанып жатып тауысқанымыз өткен күннің еншісінде қалып бара жатқандай. Алайда, оқырмандарын сарғая күтіп сөрелерде қатталып тұрған кітаптарды көргенде патша көңілді өкініш қариды. Десе де, оқырмандары шам алып іздейтін әлдебір көркем туындылардың қолдан-қолға өтіп иессін тауып жатқанына тәуба дейміз. Өткен жылы ғана «Жалғанның жүзі» деген туындысымен жалпақ жұрттың жүрегін жаулап алған жазушы Жанболат Башардың сиясы әлі кеуіп үлгермей жатып ел ішін аралап кеткен «Абыз бен аңыз» деген XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ елінің басынан кешкен оқиғалардың біраз тарихы тізбегімен суреттелген роман жанрындағы көркем туындысы өткеніңді танып білуге деген құштар көңілдің сезім пернесін дөп басып тұрғандай.Біздің ұрпақ рөмір сүріп жатқан бүгінгі өркениетті дәуір өз тарихын өзі жасампаздықпен жалғастыруда. Алаңдатарлығы – жетімсіреп бара жатқан түптеп, түгендеп, түлетіп, жаңғыртуды қажет ететін әр шаңырақтан басталып, әрбір ата-текті қамтып, әулетаралық болып құралып барып эпопеяларға айналатындай көшпенділер деп аталған қазақ ұлтының бастан кешкен ғұмырнамасын жазу десек, Жанболаттың қалам тартқан жаңа тақырыбымен дана бабалар мен баһадүр батырлар өмір сүрген байырғы заманның тарихын суыртпақтап жеткізетін көне сүрлеуге тағы бір тың соқпақ салып тұрғандығы құптарлық. Романның уақиға желісі Керегедей қарт Шыңғыстан қомданып, Қарқаралыны көктей өтіп, Тоқырауынды бойлап барып Ақ теңізге тірелген Тобықты атадан тараған үш арыс Дадан ұрпағының көлікті көші мен құтты қонысын аңыз бен ақиқатты қабыстырып баяндауға бағытталған. XVII ғасырдың алғашқы ширегінде Торғауыттың нояны Хоөрлөг бастап Еділге барып орныққан 50000 түтін Құба Қалмақтың қыспағынан іргесін алыс салған Тобықты елінің ежелгі ата мекені Шыңғыстан Қызылқұм мен Сыр бойына жұрт ауыстырған көшінің «ақтабан шұбырындыда» Ұлытауды өрлеп Мұғалжарға жетіп, Шәкәрім шежіресінде айтылғандай 1780-ші жылдары топырағы құнарлы, суы нәрлі, күні нұрлы «жеті ел келіп, жеті ел кеткен» қарт Шыңғысқа қайтып оралуы – өз алдына тарқатылар тарих. Бұл шығарма Қараменде бидің қартаң тартқан шағын, жоңғар жойылып, қалмақ қырылып, қазақ елінің орыс империясына бодан болғанынан кейінгі Тобықты атаның соңғы көшін арқау еткен. Жазушы тұтас Тобықтының екіге бөлініп, елден елдің жыраққа көшуінің себеп-салдарын ағайынды екі бидің арасындағы әредік аңызға ұласқан араздықтан емес екендігін дәйектеген. Бұл өңірге бұрынырақ келіп иеленіп алған көрші елмен арадағы жағдайды бағамдаған Қараменде бидің «Шыңғыстау толғағы бір Тобықты баласына болашақта тарлық етеді-ау, өрістің тарлығы ғана емес орыстардан келер қауіптің зорлығы тағы бар» деген тұжырымы мен Семейден бастап бекіністер сала бастаған орыс отаршылдығынан сескеніп, «аты жақсы дарияға бет түзейік» деуі ағайын арасындағы алауыздық емес, керісінше, тұтас елдің қамын жеген тоқтамы екендігін шығармадан айқын аңғаруға болады.

Дадан ата ұрпағының соңғы көш жолындағы басынан өткізген тағдыр тауқыметі, балалары Келте, Сәрік пен Туыстың ауыр қазасы, аттың жалы, түйенің қомындағы көшпенді өмірдің қилы кезеңі, бабаның әулие-қожаларға деген сенімі, құрметі нанымды дәйектелген. Ал заманы тұстас болған Қараменде би, Жидебай батыр, Сеңкібай батыр, Жарылғап батыр мен Шабанбай билердің арасындағы өзара құрметтен туған сыйластық Қаракесек пен Тобықты елін табыстырып, ажырамас туыстыққа жолықтырғандығы романда айқын аңғарылады. Тар жолдан талықсып келе жатқан қаралы көшке қыстап шығар шұрайлы қоныс берген көк бөрі Жарылғап батыр мен Жиделі Байсынға бет түзеген Дадан жұртына тоқтау салып, елдің бетін Ақ теңізге бұрғызып, жаз жайлауын Тоқырауын бойымен көктей өткізген Жидебай батыр, Шабанбай бидің, Қарқаралыға шектесетін Қаражал-Маутанды қиған Сеңкібай батырдың қысылғанда қол ұшын созуы достықтың айғағындай суреттелген. Батагөй бабаларымыздың арасындағы ажырамас бәтуәлі байламдарының сырын олардың ел басына күн туғанда тізе қосып бір жерден табылып, келелі шешім шығарған кемеңгерлігінен іздеу керектігін де меңзейді. Тіпті, Абылайды 1771 жылы қазақ халқының Ұлы ханы етіп сайлағанда Орта жүздің атынан ел абыройын арқалап, көзі тірі осы батыр бабаларымыздың бірге барып қатысқандығы туралы ұғым да сенім ұялатса керек. Арқаға тұрақтап қоныстанған Дадан Тобықты елінің Қара-Шор мен Әлтеке-Сарым елімен біте қайнасып, жерсініп кеткендігін романдағы кейіпкерлер Қаражал-Маутанда Қожантай мен Айбас батырларға, Тоқырауынның өр басында Орманбет болысқа, төр басында Қараменде бабаға, қақ ортасында Сана биге, сағасында Нарманбет ақынға, көл жағасында Шот бабаға топырақ бұйырғандығы айғақтап тұр. Туындыны оқып отырып Нарманбет ақынның әкесі төрт дүркін болыс болған Орманбет пен оның әкесі жалпақ елдің басын біріктіріп, өрісін кеңейтуді ұстанған Байжомарт батыр, ну қамыстан жолбарыс соғып, Құнанбайдың қаһарынан құдайға сыйынып құтылған Мәнжіғұл батыр мен апандағы атанды жалғыз суырып алып, аюдың жағын айырған Жанбай балуан, Дадан елінің тақуа биі Сармантай болыс пен ел дауына бітімгер болған Байыз сопы, Шәуешек пен Құлжаға керуен тартқан Бөртебай көпестер туралы шытырман оқиғалар көз алдыңнан күні кеше ғана көргендей тізбектеліп өткенде сол дәуірде солармен бірге жүргендей күй кешесің.

Романдағы белгілі рулардың бас атауын иеленген тұлғалардан бастап кейіпкерлердің бәрінің азан шақырып қойған өз атымен айтылуы ата-тектік шежіре тарқатқандай әсерде қалдырып, жер-су атауларының түп-тұқияннан жеткендей көне нұсқада жазылуы автордың қазыналы қарттарға сүйеніп, көп ізденіп, тер төккендігінің жемісі дерлік. Аты айтып тұрғандай, шығарма желісінде аңыздарға да орын берілуі оқырманды еліктіруімен қатар, соның бірі Бәйтелі бақсының бәйгеге қара қобызын қосуының шындығын фольклорлық аспаптарды зерттеуші профессор Болат Сарыбаевтың қобыздың киесі туралы ғылыми тұжырымынан тануға болады. Автор көркем шығармасында тілімізде сирек қолданылатын көнерген сөздерді қиюластырып кірістірген.

Уақиғалар тартымды, бірімен-бірі сабақтасып, оқырманды жетелеп отырады. Қараменде бидің өсиеті мен данагөй билерден жеткен нақыл сөзер талғаммен енгізіліп, кітаптың құндылығын байыта түскен. Шығармадағы дала заңындай болып қалыптасқан ғұрыптық салт-дәстүрлер мен ақындық толғаулар, барымта мен саятшылық қазақ ұлтының тыныс-тіршілігінің бай үлгілерін жариялап тұр. Бұл деректі көркем шығарма бүгінде өсіп-өніп, қара ормандай қалың ел болып отырған Дадан Тобықтының арғы-бергі тарихының екі тарауын тарқатып берген.

Тұңғышбай МҰҚАН,

өлкетанушы.

Басқа материалдар

Back to top button