Көкейкесті

Сөйлеу тілі сұйылып барады

Көгілдір экран мен әлеуметтік желінің бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі орасан. Таңның атысы-кештің батысы ұялы телефонға телмірген жастарға қарап, осылай демеске амал қалмады. Кітап оқитын жас некен-саяқ. «Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында айтар ой мен жазар сөз қысқа да нұсқа болуы шарт» дейміз ғой. Оның себебі – уақытты үнемді пайдалану, екіншіден, оқырманды жалықтырып алмау мақсатында. Соның салдарынан қазіргі жастардың сөйлеу мәнерінде шұрайлы тілдің жұрнағы да қалмай барады. Ал, бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

«Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» – депті Мөңке би бабамыз. Шыны керек, шұбар тілді, сөзге шорқақ жастар қатары күн санап артып келе жатқаны қынжылтады. Негізі, «Тәрбие басы талбесік» демеуші ме еді?! Қазіргі таңда қазақ отбасының «Доча, сына» деп ұл-қызын еркелететінін естіп те, көріп те жүрміз. Ал, сол сөздің орына «Қызым, ұлым» деп неге айтпасқа? «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақта әдемі сөз бар. Ал, осы сөздің түп-төркініне үңілген кім бар?

Отбасынан кейін, баланы тәрбиелейтін ортасы – мектеп. Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды қазақ тілінде сөйлесу мәдениетіне үйренеді.

Оқушылардың арасында өздерінің қолданатын «жаргон» сөздері бар. Яғни, жастардың «жаргоны». Мысалы, «столовка», «инетте отырдым», «маяк тастадым», «жынды киініп алыпты» деген сынды тағы басқа да сөздер жетерлік. Тіпті, бүгінгінің ұл-қызы «жаргонмен» сөйлегенді сән көреді. Ал, бұның түбі тілдің шұбарлануына әкеліп соғады. Осы тұста дана Абайдың «Сөзінің бірі жамау, бірі құрау» деген сөзі еріксіз ойға оралады…

Одан қалаберді, орысша-қазақшасы араласқан қойыртпақ тіркестер пайда болды. Бұл жастардың емес, күллі қоғамның дертіне айналып бара жатыр. «Мен Абдировада тұрамын», «Гапеева жақтан автобусқа мінемін»… Сіз үшін таңсық сөз емес шығар?! Біз мұндай қойыртпақ сөздерден қашан арылады екенбіз?!

Кішкентай кезімізде әке-шешеміз газет-журнал оқытатын. Газет-журнал деген үнемі келіп тұратын. Батырлар жыры, ертегілер кітабын жастанып жатып оқитынбыз. Қонаққа еріп барғанымызда әкем «менің балам батырлар жырынан үзінді оқып береді» дейтін. «Шындық» термесін де жатқа білетінмін бала кезімде. Қазір сол оқыған кітаптарым өмірлік азығым болып келеді. Бала жастайынан не нәрсеге дағдыланса, соған бейімделіп өседі екен. Қазіргінің балалары не нәрсе үйреніп жүр? Таңның атысы, кештің батысы әке-шешелері жұмыста. Үйдегі бала әлеуметтік желідегі түрлі видеоларды көріп, боқауыз сөздер үйреніп жүр. Кітап оқымақ түгілі, үйге берілген өлеңді әзер оқытасыз. Міне, осының салдарынан жастардың тілі сұйылып барады, – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Аман ақсақал.

Қарағанды – өзге ұлт өкілдері көп жиылған қалалардың бірі. Одан қалаберді, орыс тілді, аралас мектеп саны да едәуір көп. Жыл сайын жастардың арасында қала, облыс деңгейінде жастар арасында түрлі байқаулар өткізіліп келеді. Дегенмен, оқушылар арасында өткізілетін мұндай байқаулардың саны аз. Мәселен, «Аталы сөз – баталы сөз» деп, бірауыз сөзге тоқтаған халықтың ұрпағымыз ғой. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы бата беруді дәріптейтін байқауды қайта қолға алды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында бірді-екілі облыстық жыр мүшәйралары өткізіліп келеді. Ең бір өкініштісі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту мақсатында өтетін дәстүрлі байқаулар өткізілмейді. Қалалық деңгейде өткізілер, бірақ, облыстық деңгейде өткенін естімеппіз.

Е – Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың сөйлеу мәдениеті өзгеше дәрежеде. Жастардың бір ауыз сөзді кібіртіктеп, ойланып барып әрең жеткізетінін, одан қала берді орысша ойлайтын жастарды көріп жүрміз. Әлеуметтік желі, компьютерлік-технологиялық прогресс және әдебиеттен бас тарту сынды өзгерістер жастардың тұтас тілдік бейнесін бұзды. Жастар – өсіп келе жатқан жас бұта секілді. Қай жаққа бағыттасаңыз, солай қарай бейімделеді. Тәрбиенің алтын діңгегі – отбасы. Барлық тәрбиенің отбасынан басталатыны айтпаса да белгілі. Ал, отбасы – мемлекеттің қайнары, – деді Балқаш қаласының №8 мектептің ұстазы Жансара Жетпісбаева.

Демек, отбасындағы тәрбие мен тіл мәселесі бәрімізге ортақ міндет. Сонымен қатар, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның да басты міндеттерінің бірі. Сөйтсек, сұйылып бара жатқан тіліміздің тамырына қан жүгіріп, еңсесін тіктер еді…

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button