Бас тақырып

Ақылды адам кедей бола ма?

«Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы».

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» жолдауынан.

Бұл сұрақ әркімді мазалайды. Әсіресе, қазіргі нарықтық қоғамда бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Бірақ, елдің бәрі оған жауап іздеуге талпынбайды. Себебі, кей адамдар «Мен кедей отбасында тудым, енді осылай кедей болып өмірден өтемін» деп ойлайды. Ал, енді бірі «Мен ауқатты отбасында дүниеге келдім, осылай өмір сүремін» деген сеніммен жүреді. Жастау кезімде қарапайым отбасыда тудым, осы жетер-жетпес өмірмен дүниядан өтемін, кедейлік біздің маңдайымызға жазылған деп ойлайтынмын. Кейін шынайы байлық пен кедейліктің мүлдем басқа нәрсе екенін түсініп, осы кезге дейін қате ойлап келгеніме өкіндім…

Жалпы, «Адам жаралғанда маңдайына тағдыры жазылады» деген тәмсіл бар. Жатсам-тұрсам осыған миым жетпейді. Егер, бәрі жазылып, сызылып қойылған болса, өмір сүрудің не мәні бар? Алайда, «Тағдыр» деген ұғымның бар екені анық. Мұнда тағдыр түсінігін ауқымды түрде қарастырған жөн деп білемін. Яғни, меніңше, адам жақсылыққа жаны құштар болса, тағдыры солай қарай оң бағытқа бұрылып, біздің айтып жүрген бақытты өмірге жетелейді. Ал, жамандықты таңдасақ, тағдырымыз да теріс бағытқа бой түземек. Демек, «Барлық амал – ниетке байланысты» деген сөз бекер емес. Сонда, адам әуел бастан жақсы ниет қылуға бейімделген жөн екен. Мұны бабалар «Жақсы ниет – жарым ырыс» десе, қазір «Не ойласаң, сол болады» деп заманға сай қолданып жүр.

Сонда, тек қана жақсы ой ойлап, жақсы ниетпен жүретін адамды «ақылды» деп айтуға болады-ау, шамасы. Хакім Абайда «Нұрлы ақыл» деген түсінік бар. Яғни, біздің «ақылды» деп жүргеніміз жәй сөз. Ақыл-есі түзу адамның бәрі ақылды емес екен. «Ақылды» деп өмірде мақсаты айқын, қайдан келгенін, не мақсатпен жаратылғанын, қайда бара жатқанын бағамдаған адамды айтса керек.

Демек, «ақыл» сөзін осындай кең ауқымда қарасақ, ондай адамның кедей болып өмір сүруге хақысы жоқ деп топшылауға болады. Біз бұл бағытқа зер салсақ, Абай іліміне жүгінеміз. Абайтанушы ғалым Омар Жәлел «Махаббатсыз – дүние дос» кітабындағы «Ақыл» жазбасында тұщымды ой айтады.

Қазақта «Құдай қарғайын деген пендесінің ақылын алады» деген керемет мақал бар. Құдайдың қарғысына ұшыраған, Құдай атқан, Тәңірі атқан деген сөздер ақылын жоғалтып, өмірде қиындықтарға душар болғандарға қарата айтылған. Шынында Құдай Тағаланың «Мені таныған ақылымен таныр» дегеніндей, ақылы жоқ пенде Жаратушысын тани алмайды, өзін тани алмайды, дүниені тани алмайды. Ал, бұл үш танымнан ада пенде жалпы Адам деген атқа лайықты болмайды. Қазіргі қазақтың ең басты проблемасы – ақылын өсіре алмай отырғандығында. Әлбетте, ақыл өсіру үшін, ақылдың өрісін ұзарту үшін – ғылым-білім керек. Ақылды, ақыл арқылы табылатын ғылым-білімді ең басты байлық деп таныған елдер бүкіл әлемді ақылымен, ғылым-білімімен мойындатып отыр, – дейді абайтанушы ғалым.

Сонымен қатар, Бөлтірік шешеннің «Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол ақыл» деген ұлағатты сөзін мысалға келтіріп, қазіргі отбасындағы ажырасу, діндегі фанатизм, тәрбиедегі адасу, қоғамдағы жемқорлық сынды келеңсіз құбылыстардың барлығы осы ақылсыздықтан туындап отырғанын алға тартады.

Байқасақ, бар гәп өзіміздің ішімізде, миымызда екен. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп жырлаған Сұлтанмахмұт не деген көреген еді. Бұдан бір ғасыр бұрын осыны білген, ұрпағына мұра еткен. Сонда, біздің өміріміздегі қиындықтардың бәрі ақылсыздықтан болып отыр. «Ақылды» деген сөзді терең түсінбеуімізден. Ғылым-білімнің бастауы екен ғой, ақыл деген Алланың нығметі.

Жөн делік. Ақылды адам кедей болмайтынын білдік.

Енді, «байлық» деген сөздің өзін «дүнияуи нәрсе» деп кейде қателесеміз. Шындығында, байлық ол – аман-есендік, он екі мүшеңнің аман-саулығы. Демек, жүрегің соғып тұрғанда, өзің жатып, өзің тұрып жүргенде «кедеймін» деу – күнә екен.

Құдай бізге бәрін беріп қойған екен, сөйтсек. Сүйікті жар, зерек бала-шаға, тату отбасы, абыройлы жұмыс, бейбіт көрші, жанашыр туыс бәрі бар. Бірақ, біз өзімізді сонда да «кедейміз» деп есептейміз. Осылайша, біз шынайы байлық пен кедейлікті шатастырып аламыз, кейде. Сонда бізге бәрін берген Аллаға неге шағым айтуымыз керек?!. Бай-қуатты болып өмір сүру үшін бізге денсаулық берді. Әркімнің мінезіне, болмысына лайық қабілет берді. Осыны дер кезінде тани білсек, ешқашан Жаратушыны жазғырып, кедейлігімізді біреуден көрмес едік.

Қабілетіңді таныдың ба, енді соны дамыт. Қосымша табыс тап, кәсіп аш. Еңбек ет, босқа жүріп, пайдасыз іспен айналысқанша, табысыңды арттыр. Осылайша, адал еңбегі арқылы жағдайын жасаған ел сияқты бай-бақуатты өмір сүр. Ең қымбат қазына уақытымызды, өмірімізді адал еңбекке арнасақ, біз не үшін кедей болуымыз керек, – дейді психолог маман Думан Нұрланұлы.

Біздің түйгеніміз – алдымен «байлық» деп Құдайдың саған бергенін бағалап, оны өміріңнің өзегіне айналдыру парызың. Ата-баба «Қолда барыңды бағала», «Алдыңнан аққан судың қадірі жоқ» деп бекер айтпаған. Сонда біздің «байлық, кедейлік» деп жүрген түсініктеріміздің өзі айналып келгенде өзімізді, Жаратушы Иемізді тануға деген талпыныс болып шығады. Ал, біз оны «боқ дүние» деп ойласақ, қателескеніміз екен.

Кейде, ауқатты адамдарды жек көреміз. Олардың бәрі күнәһар сияқты көрінеді, көзімізге. Ал, олар сол байлыққа адал жолмен ақылы арқылы жеткен болса, оны неге үлгі тұтпасқа?.. Үлгі тұту үшін де біз өмірдің мәнін, сондағы келеңсіздіктің бәрі ақылсыздықтың кесірі екенін білгеніміз жөн.

Қазір техника дәуірінде икемді болсаң, үйден шықпай-ақ, мол табыс табуға болады. Мемлекет тарапынан да халықтың кәсіп ашуына, әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөлінуде. Интернетке кірсең, «Мол табыс табуды үйретемін» деген жарнамадан көз сүрігеді. Осылардың барлығы Абайдың «Нұрлы ақыл» ілімін меңгеріп алғандар. Табысты болу мен жолы болмаудың барлығы адамның өзінен екенін, адам қаласа бәріне қол жеткізетінін ұққандар. Қазір, жылтыраған дүниеге әуес болып, қызық қуа бермей, Абай іліміне, жалпы ізгілікке, ғылым арқылы еңбекке ден қою керек. Дүниедегі дамыған елдердің бәрі мұны баяғыда білген, – дейді жеке кәсіпкер Ұлықбек Исмайлов.

Демек, ақылды адам кедей болмайды. Бұл – анық. Ақылы кемел адам, ақылдың не екенін түсінген жан дүнияуи тұрғыдан кедей болған күннің өзінде оған бола өзін «кедеймін» деп есептемейді екен. Осыған көзім жеткелі бері менің де өмірім өзгерді. Артық негативтен арылдым. Өмірдегі күрмеуі қиын нәрселердің түп негізін ақырындап түсініп келемін. Себебі, мен үшін кедей адам деген – үй-күйі жоқ емес, жүрегінде жақсы ой, ізгі ниеті, өмірге талпынысы, арман-мақсаты жоқ адам. Бай адам – Алла берген денсаулығы мен қабілетін бағалай білетін, «Нұрлы ақыл» иесі.

Ал, Сіз қалай ойлайсыз?..

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button