Жаңаарқаның жастары бірінен-бірі өтеді
Сейсенбі күні Жаңаарқаға жол түсті. Ел арасында жаңашылдығымен атағы шыққан өңірде бүгін де тың жаңалық. Енді жаңаарқалықтар үшін кинозал жұмыс істейді. Былтыр әкім грантын жеңіп алған жас кәсіпкер Саламат ИКЕННІҢ кинокафе бизнесінің салтанатты ашылуына қатыстық. Және облыс пен аудан әкімдерінің грантын иеленген басқа да жастардың кәсіптерін көзбен көріп қайттық. Біз көрген бизнес нысандар бүгін де Жаңаарқаның трендіне айналып үлгерді. Кәсіптің негізгі жетістігі де, жемісі де осы емес пе?
Жаңаарқадағы жалғыз кинокафе
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, бұрын-соңды Жаңаарқада кинозал болмапты. Тек, бұл жерде ғана емес, басқа ауылдық аудандарда барын естімеппіз. Саламат «кәсіпке бет бұрғаннан бастап, бізде жоқ дүние іздедім» дейді. Жастардың кешкілік демалатын орны – кинозал ашу ойға келген. Бірден бизнес жобасына кірісіп, әкім грантына қатысуды көздейді. Ал, бұған дейін жас кәсіпкер тәтті букетті қолдан әзірлеп, саудалаған. Бірақ, бұл кәсіптің мереке күндері ғана пайда әкелетінін білген Саламат көзді жұмып, кинозал ашудың жолын іздейді. Не керек, бизнес жоспары жұп-жұмыр Саламат комиссия назарына бірден ілігеді.
Міне, былтыр жылдың аяғында алған мемлекеттік қаржыға көп созбай, қажетті техникалар мен жабдықтарды алады. Әрине, кинотеатр ашуға 500 мың ғана кетті дегенге ешкім нана қоймас. Өзінің қалтасынан тағы да жарты миллиондай қаржы салады. Әйтпесе, кинопроектор, дыбыс күшейткіш, басқа да керек техникалар қазір арзан тұрмайды.
Ашылу салтанатына аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Еркегүл Тәттімбекқызы, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Асаугүл Жетпісбаева мен кәсіпкердің жақын-жуықтары қатысты. Шашу шашылды. Жылы лебіздерін білдірді.
– Жаңаарқада кафе көп. Бірақ, кинокафе – аудан тұрғындары үшін үлкен жаңалық. Әкім грантын ұтымды пайдаланып, өз кәсібін өрге сүйрейтін жалынды жастарды көргенде шын қуанамыз. Қазір Жаңаарқадағы жас бизнесмендердің саны артып келеді. Жаңаарқалық жастар үшін де, балалар үшін де жақсы демалыс орны болары сөзсіз. Оның үстіне кафесі бар ішінде. Кәсібіңізге сәттілік, табыс тілейміз, – дейді Еркегүл Тәттімбекқызы.
Салтанатты ашылуы кеше өтті демесеңіз, кинозал өз жұмысын өткен демалыс күндері бастап кеткен. Алдын ала брондау арқылы кино көре аласыз. Кемі екі адамнан он адамға дейін кіруге болады. Онымен қоса, фаст-фуд тағамына да тапсырыс бере аласыз. Айтпақшы, кинозалдың асханасының мәзірінде де түрлі тағамдар бар. Саламат Әлихан есімді жас кәсіпкермен бірлескен. Жалға алып отырған мекеменің ақшасын тең бөліп төлейді. Түрлі жанрдағы киноны таңдап көре аласыз. Билет құны – 1500 теңге. Жас кәсіпкердің сөзінше кешкі уақытта зал босамайды.
– Бүгін біз үшін қос қуаныш. Ұлым бүгін 25 жасқа толды. Және осы жасында үлкен кәсіп бастауда. Ата-ана үшін мақтанып, марқаятын дүние деп ойлаймын. Жас кезінен бастап, бизнесмен болуды армандайтын еді. Міне, сол арман-мақсатының жолындағы алғашқы қадамы жасалып отыр. Балам үшін шын қуаныштымын. Үлкен кәсіп иесі болатынына сенімім мол, – дейді әкесі Аманкелді Икенұлы.
Кәсіпкер жұмыс тәртібін бір ізге келтірген соң, 1 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Өйткені, тапсырыстың легін көріп, үлгере алмайтынына көз жеткізіп отыр. Күндіз балаларын мултьфильм көруге жіберетінін айтып, хабарласқан ата-аналардан да қоңырау көптеп түсуде.
Жас кәсіпкер аудан басшылығына айрықша алғысын жеткізді. Көптен бері ойда жүрген кәсібін ашуға қаржылай қолдау көрсеткені үшін бек қуанышты Саламат Икен. Кәсібі өрге домаласа, кинокафеге тағы бір зал қосуды да жоспарлап отыр. Алғашқы күннен-ақ өзіне сенімді Саламат секілді жас кәсіпкердің болашағына біз де сенеміз. Күні ертең жомарт жүректі кәсіпкер атанарына. Бұйырса, алдағы күндері көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға әжептәуір жеңілдік жасайтынын да, қайырымдылық шараларға да бір кісідей атсалысатынын да өзі жеткізді.
Әлеуетті жас кәсіпкерлер әлеумет үшін қызмет етуде
Кинокафенің ашылу салтанатынан соң, «Шар әлемі» дүкеніне бардық. 2019 жылы жас кәсіпкер Айжан Исабекова аудан әкімінің грантына (500 000 теңге) кәсібін ашады. Ал, екі жылдан соң, облыс әкімінің грантына бизнесін ұлғайтады. Иә, бұл дүкен де жаңаарқалықтарға кеңінен танымал. Жаңаарқа тұрмақ, іргелес ауылдардың бәрі жақсы біледі. Туған күн, мерекелік шара болсын шар немесе соған қажетті дүниелердің бәрі бар. Тауарды тікелей Алматыдан алдырған соң, бағасы да қаланікімен бірдей. Алғаш шарға жазу жазатын аппаратты Ресейден 150 000 теңгеге алдырыпты. Облыс әкімінің қаражатына дәл осы аппараттың үлкенін алыпты. 350 000 теңгеге. Мұның түрлі функциясы бар. Сондай-ақ, қабырғаға ілетін мерекелік баннер үшін түрлі-түсті принтер алған. Және шар үруге арналған 3 баллоны бар екен. Біреуінің құны – 130 000 теңге. Бір баллонға гелий толтыратын болсаңыз, 78 000 теңге. Айына бір баллон жұмсайды. Жас кәсіпкер наурыз айына дейін дүкенінің бір бұрышына гүл әкеліп, сатуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер тұрақты тұтынушыларына, көпбалалы аналарға жеңілдікті жиі жасайды. Сонымен қатар, үнемі қайырымдылық марафонына қатысады екен. «Қолы ашықтың жолы ашық» деген осы шығар.
Альбина Омарова. Жаңаарқадағы жас кәсіпкерлердің бірі. Былтыр аудан әкімінің грантын ұтып алып, массаж салонын ашқан. 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күніне 5-6 адам қабылдайды. Бағасы – 3500 теңге. Курс арқылы 10 күнге 30 000 теңге. Әзірге құрылғылары жоқ. Грант қаражатына 200 000 теңгеге массаж курсын оқыпты. Белгілі дәрігер және массажшы Жамиля Ермағамбетовадан білімін арттырған. Альбинаның негізгі мамандығы да дәрігер. Ем қабылдаушылардың көбі елден естіп келеді екен. Омыртқадағы острехандроз, ұйқының нашарлауы, бас ауруы, қанқысым секілді мазасыздықтарға ем. Массаж 2-3 күнде өз нәтижесін береді. Көбіне ауылдардан келеді дейді. Жас кәсіпкердің алға қойған жоспары да ауқымды. Жазда Spa салон ашуды мақсат етіп отыр. «Көктемде біліктілігімді арттырып, курс оқимын» дейді. Сондай-ақ, қазір сұранысқа ие денені арықтатуға арналған құрылғы алуды көздеп отыр.
Тағы бір әлеуеті зор жас кәсіпкерлердің бірі – Ақмарал Талғат. Облыс әкімінің 1 миллион теңге грантын былтыр ғана ұтып, бизнесін ұлғайтты демесеңіз, осы уақытқа дейін кәсібін өзі дөңгелетіп келген. Таза былғарыдан жасалған таңдаулы өнімдер ұсынады. Бұл дүкенде белдік, әмиян, қолсағат, ер және әйел сөмкелері бар. Сондай-ақ, жарнама тақтайшаларын да әзірлейді. Алматыдан құны 1 миллион теңге тұратын өрнектеуге арналған станок алдырған. Мұның көмегімен әмиянға, сөмкеге жазу жаздырады. Қазір нағыз сыйлыққа таптырмас дүние. Тек, жаңаарқалықтар үшін ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Өздерінің өндіретін арнайы цехы да бар. «Тұтынушылар instagram парақшасы арқылы көп келеді» дейді кәсіпкердің өзі. Енді ұлттық нақыштағы кәдесыйды сатуды жоспарлап отыр.
Тұтынушыларына әр мереке сайын жеңілдік жасайды. Қайырымдылық шараларына қатысып, жиі демеушілік көрсетеді. Бірақ, игілікті ісін жария етуді жөн көрмейді. Мұнысы заңды да.
Қысқасы, біз барған әлеуетті жас кәсіпкерлер әлеумет үшін қызмет атқаруда. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы желге ұшып жатқан жоқ, осылайша ел кәдесіне жарауда…
Қасымхан ҒАЛЫМ.
ЖАҢААРҚА ауданы.