ВакцинацияКоронавирус

Ревакцинация тұрақты иммунитет үшін керек

Наурыз айына эпидемиологиялық болжам жасалды. Жағдай оптимистік сценариймен өрбісе, наурызда тәулігіне 250 жағдайға дейін тіркеледі. Нақты сценарий бойынша күніне 310 жағдайға дейін анықталуы мүмкін. Пессимистік сценарийде күніне 360 жағдайға дейін орын алуы ықтимал. Болжанған мөлшерден асып кетпеуі үшін сақтық шараларын сақтап, вакцинация мен ревакцинация жасату қажет.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осындай болжаммен бөлісті. Ол алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдерін үнемі жетілдірудің арқасында «омикрон» штамының таралу шегі төмендеп, аурудың өсу ұзақтығы бір ай шамасында болғанын, ал әлемнің бірқатар елдерінде індет 2-3 ай бойы белең алып, таралуы төмендемей қойғанын атап өтті.

Мамандар коронавируспен күрестегі негізгі бағыт вакцинациялау екенін алға тартады. Бүгінгі таңда ел бойынша 10,2 миллион адам вакцинаның бір дозасын алды, бұл жалпы халықтың 53,7% құрайды. Ревакцинациядан өткендер саны 2,5 миллионнан асты. Бұл ревакцинациялауға жататын халықтың 56%-дан астамы үшінші бустерлік дозаны алғанын білдіреді. Облыс бойынша 147 583 адам ревакцинациядан өтті. Вакцинацияның бірінші компонентін 665 766 (74,2%) адам, екіншісін 599 565 (66,8%) адам алды. Осы уақытқа дейін облыс бойынша ауырғандар саны – 151 285 адам. Ал, республика бойынша бұл көрсеткіш 1 302 810 адамға жетті.

Әлемнің бірқатар елдері өз аумақтарындағы төтенше жағдай режимі мен шектеулерді алып тастауда. Мәселен, көршілес Өзбекстан билігі маска режимін алып тастады. 1 наурыздан бастап Латвия мен Литваға теріс нәтижесі бар ПТР тесті бойынша 72 сағаттан аспайтын немесе антиген тесті бойынша 48 сағаттан аспайтын уақытта кіре алады. Мұндай рұқсат Грузияда да жарияланды. Иорданияға да кіру кезінде барлық ПТР сынақтары алынып тасталды. Ал, Израиль 1 наурыздан бастап барлық туристер үшін вакцинацияның болу-болмауына қарамастан ашылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 180 елде коронавирустың бәсеңдегені айтылады. Карантиндік шараларды алып тастап, қалыпты өмірге оралуда. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцинация деңгейі аса маңызды. Ал, сол иммунитетті сақтап тұру үшін ревакцинация қажет болады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button