РесмиРуханият

Арқада – Абай күні

Бұл күні (10 тамыз) Қарағанды қаласы көзін Абай ескерткішінің алдында ашты. Жұмыс күні кемеңгер рухына тәу етуден басталды десе болғандай. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ таңертеңгі сағат 10-нан аса Шалқыма концерт залының алдындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойғанда, ақынның «Көзімнің қарасы» әні баппен шырқалып тұрды.

Біздің ұлттық идеологиямыз Абайдан басталу керек сияқты. Себебі, «қарадан хакім шыққан» ақын өзіне дейінгі рух пен ақыл-ой асылының бәрін бойына сіңіріп, кемел келешекке темірқазық қылып кетті. Кезінде Серік Ақсұңқарұлы «Алашсыз Абайдың, Абайсыз Алаштың жоқ күні…» дегенде, соны нұсқаған секілді. Облыс әкімімен Хакім ескерткішіне гүл қойғанына қарап тұрып осы өлең еске түскен. Шынында, Алаштың Абайсыз күні қараң. Оны дәл осы Абай күні шыққан «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. «Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады» деді. Ал, Абай болса, «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін» деген. Өркениетті елге айналамыз десек, Хакімнің айтқандарын үлгі тұтып, іс жүзінде жүзеге асыруымыз керек. Бүгінгі күн игіліктерімен астастыра алсақ, тежеусіз даму жолына түсеріміз тағы анық. Мұны Абайдан кейінгі зиялы қауым өкілдерінің қай-қайсы болсын айтудан жалыққан емес.

Ескерткішінің алдында Абай өлеңі оқылып, «Көзімнің қарасы» әні шырқалды. Үкіметтің қаулысымен бекіген Абай күнінің маңызы жайлы әңгіме болды. Алаш баласы Абай күнін атаулы мереке қылғаны дұрыс, бірақ науқандық шараға айналдырып жібермесе игі. Осы ой мен рухтың күніне орай жариялаған мақаласында Президент те былай депті, өйткені. «Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді» деген жолдардың мағынасы терең. Әйтпесе, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» деп атаушы ма еді роман-эпопеясын? Қазақ қоғамына Абай үлгісінен басқа жол жоқ.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button