Жаңалықтар

«Асыл текті азамат»

Елге білім шашқанның, шөлден құдық қазып,

су шығарғанның, хикметтің сырын ашып,

ғылым қалдырғанның иманы кәміл, рухы мәңгі.

(«Құран-Кәрім»).

Асқар таулы, айдын көлді алтын Арқаның тумасы, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Бақытқали Мұқаметқалиұлы МҰСАБЕКОВ қастерлі Семей өңіріндегі кіндік қаны тамған Қайнардың даласындай дархан мінезімен, мектеп табалдырығын аттағаннан Қарағанды политехникалық институтының студенті атанғанша, білім-тәрбие алған Қарқаралының заңғар көкке сұғына біткен Жартасындай сымбатымен, жасындай жарқ етер оқшау өнер-білімімен елін сүйіндірген жан еді. Өнер болғанда да, өнердің сұңғыласы – ұлт мүддесін талай қорғап, небір дүлей күштің бетін қайтарған, қиналғанда қамал болған Сөз өнерін меңгерген, қазақтың би-шешен, ақын-жырауларының қызыл тілі жез таңдайынан төгіліп, бізге жеткен шығармаларын шебер мақамдаушы-оратор, журналист-публицист, әнші-сазгер болатын.

Сурет Б.Мұсабеков жеке мұрағатынан

Жер бетінде жасаған ғұмырында өз ортасының руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Бақытқали Мұсабековтің «Өмір сүргім келеді» кітабындағы мақала, сұхбаттарының әрқайсы ана тіліміздің қолданыс деңгейі озық елдер тіл-мәдениеті деңгейіне жетсе деген перзенттік тілекке, ел-жұртымызды соған жетелеуші мемлекеттік қызметшілердің іскерлік, эрудициялық, ождандық, намыскерлік мінез-тұлғасы «Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл. Асыл текті азамат – әрі төре, әрі құл» дейтін халық мақалындағыдай, әркімге эталон-үлгі болса деген ұстаздық арманға толы.

Жасынан фольклор әлемі қызықтырған ол жадында тұнған ұлағат-ғақлияны сөз қадірін ұғар кез-келген аудиторияда мақпал тембрлі үнімен мәнерлеп-насихаттай жүретін. Ал, өзінің шығармашылық кешінде сегіз қырлы-бір сырлы Мұсабеков сонау ықылым замандарда-ақ, адами адал қарекетпен ғұмыр кешіп, ұрпақ өсірудің, ел мен жерді сақтаудың моралін, заңдық этикасын ұсынған грек философы Демосфеннің, римдік Сенеканың, қытайлық Құң-фу-цзы, француздық Дидроның, арабтық Әбу-Әли-ибн-Синаның (Авиценна) сөздерінен бөлек, даналық әфсәна қалдырған Ұлы Дала философтары Майқы би мен Аяз бидің, Асан-Қайғы бабаның, әз-Жәнібектің қарадан шыққан кеңесшісі Жиреншешешеннің, тоқсан тарау толғайтын Ақтанберлі, Шалкиіз, Қазтуған жыраулардың, Қараменде-Жанғұттының, Сырым мен Мөңкенің, Қазақтың бағына біткен Әнет бабаң, Төле, Бұқар, Қазыбек билердің, қараңғыда қалғыған елін күннің өткір сәулесіндей Сөзімен оятқан кемеңгер Абайдың мұрасын тыңдарманға гауһар, лағыл, маржандай шашқаны жадымызда!

Техникалық мамандығы бойынша Қарқаралы «Қазсельхозтехника» бірлестігінде, кәсіптік-техникалық училищесінде еңбек жолын бастап, облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасы бастығының орынбасарлығына көтерілген Б.Мұсабеков 1993 жылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы үкіметтік саясатты қолдау кезінде әкімдіктің тағайындауымен «Тілдерді дамытудың Қарағанды қалалық бөлімінің» бастығы (1993-1996), облыстық әкімдіктің ішкі саясат кеңсесінің жетекшісі, әкімнің кеңесшісі (1996-2005) қызметтерінен соң, облыстық Тілдерді дамыту басқармасына басшы болып тағайындалды. Сол жылдары тегінен дарыған қабілетімен өңірдің ономастика, топонимика ісін жаңа сапаға көтерді, кезінде бұрмаланған сан ақиқатты қалпына келтіру ісіне жергілікті билік қызметшілерін қатыстыра білді. «Тілдерді оқыту орталығы», «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені дүниеге келді, Қазақша балабақшалар ұйымдастырды, «Көркемсөз оқу» шеберлерінің, «Тіл жанашырларының» конкурстары өтіп жатты, оның бастамашылығымен «Абай оқуларын» өткізу дәстүрге енді. Мекеме атауының өзі «Тілдерді дамыту басқармасы» болғандықтан және сол жылы әр қазақстандық жастың келешекте кем дегенде үш тілде еркін сөйлеп-жаза білуі алға қойылғандықтан, «ұстараның жүзімен жүрген» Мұсабеков Халық ақыны Қадыр Мырза-Әлінің: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» нақылын «Тіл басқармасының ұраны» дейтін. Планета жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Бессмертие народа – в его языке. Каждый язык – достояние общечеловеческого гения. Мы не вправе пренебрегать ни одним языком, какому бы народу он ни принадлежал, на каком бы ступени развития ни находился. У каждого из нас есть сыновний долг перед народом, нас породившим, беречь родной язык, приумножать его богатство. …Вместе с тем невозможно развивать духовную культуру наций без активного использования достижений более высокоразвитых культур» деген ұлағатын аузынан тастамайтын. Осынау жылдар мұғдарында ол «Тіл және аударма» Лингва институтын аудармашылық бойынша, «Фемида» заң академиясын заңтанушылық бойынша оқып-бітірді.

Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланып, күллі зиялы қауымға рухани-мәдени құндылықтарымызды сақтау, ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпай, игілікке жарату мақсаты қойылған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғанда, сонау қарқаралылық жылдардан, аудандық газеттің редакторы кезімнен идеялық досым, рухани туысқаным болып кеткен Бақытқали Мұсабеков шат-шадыман қуанды. «Цицерон мен Демосфеннің атын да естімеген көшпенді варварлардың бойына Жаратушымыз осыншама қабілет дарытқан халық өзіне қомсына қарайтын халықтар арасындағы құрметті орнын иеленеді әлі!..» деген Янушкевичтің айтқаны келді!..», «Асан Қайғы, Қазтуған жыраулар мұрасын енді көненің көзі деп емес, жаңаның басы деп қарауымыз керек!» деген репликасын үсті-үстіне төпеп, электрон поштама жолдап жатты.

Оны айтасыз, сол жылы Б. Мұсабеков басқа жұмысынан кері шақырылып, облыс әкімінің өкімімен «Қарағанды өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Рухани қазына» жобасының бас менеджері» болып тағайындалды. Мен де ол кісінің поштасына: «Есімінің өзі «бақыт» деп басталатын, сыбағасына кіл-жаңа кеңселер құрылтайшысы болу бұйыратын, Бәке, нағыз орныңды табуыңмен құттықтаймын!» дегенді жолдаған едім (түсіндіре өтейін: отағасымның қызмет бабымен Қарағандыдан бір-ақ шыққан 2005 жылы «Взгляд на события» газетінен «Тіршілік» атты қазақтілді беттер ашып, Бәкенің мақұлдауымен газет беттерін «Тілүйрену сабағына», «Термин/сөздікке», «Атадан қалған асыл сөз», «Топонимика бұрышы», «Ұлттық тағам», «Ұлы Дала ойындары», «Лингвистика әлемі» тақырыптарына арнадым, ТВК телеарнасынан қазақша «Кешкі ертегі» авторлық бағдарлама жүргізе бастадым…)

Сол жолы Бақытқали Мұқаметқалиұлы бір керемет фактіні назарыма салып, ой-қиялымен бөліскен-ді. Қазақ елі 1920 жылы РФ құрамындағы автономия атанғанда, оқу-ағарту Халкомы Ахмет Байтұрсынов мұғалімдік техникумдар үшін «Педагогика» оқу құралын жазуды Мағжан Жұмабаевқа жүктепті. Тұңғыш ұстаздар оқулығының авторы Мағжан ақын сонда: «Болашақта таза ұлттық мінез негізіндегі мектептің оқулықтарын жазуымыз керек» деген екен. «Ертең ел иесі болатын азаматтарға Мағжан айтқандай таза ұлттық мінез сіңіру үшін – біз ендігіде ортағасырлық жырау-шешендерімізден бастап, бүгінгі айтыскер-ақындар шығармаларын факультатив-үйірмелерде жіліктеп тұрып оқытуымыз керек…», – деді сонда Бақытқали.

Сол пікірі ойымда қалған мен зейнеткерліктегі уақытымның бірер сағатын компьютерде өткізетін дағдыммен, бірнеше жыраудың толғауын оқушыға құр жаттатып қана қоймай, жырдың моралін бүгінгі ұғыммен «жіліктеп» жеткізудің проект-жобасын жасай бастадым. Соның бірі – өзіміздің Бұқар бабамыздың:

Биік тауға жарасар ығынан тиген панасы,

Терең сайға жарасар тобылғылы саласы.

Ер жігітке жарасар қолына алған найзасы.

Би жігітке жарасар халқына тиген пайдасы.

Ақсақалға жарасар тілеуқорлық айласы,

Бәйбішеге жарасар емізіктеген сабасы,

Келіншекке жарасар емшектегі баласы, –

дейтін бас-аяғы жинақы-жұмыр, ұйқасы мінсіз толғауының әр жолында жасырынған мәнді оқушының өзіне аңдатып, эссе жазуға тапсырма берсе, ол үйдегі үлкендермен бірге талдай отырып, қаншама мағлұмат алар еді!

Мәселен, толғаудың алғашқы екі жолы бойынша ауыл ақсақалы оқушы-немересіне: «Табиғат экологиясын сақтауда біздің қазақтан асқан халық жоқ: жылдың төрт мезгілі бойы қыстаудан көктеуге, одан жайлауға, одан күзеуге көшіп жүріп, аталарымыз өзен-көлдің қайнары бітелмеуін, кемері ортаймауын, суға өлексе тасталып иістенбеуін (жылқы малы сасыған суды ішпейді), жайылымның тозбауын, қазіргі «тазалықшылардай» мусор-қоқысты сай-салаға төкпеуді, т.с.с. экология талабын қатаң ұстанған; ежелгіде әр атаның атқамінері қыстау мен жайлауға мөлдір сулы, ықтасыны мол тау бөктерін қоныс қылуды көздеген» деп, қаншама ақпарат берер еді.

Толғаудың үшінші жолын талдау арқылы оқушылар бағзы заманда әр азаматтың ұшқыр аты, қару-жарағы даяр тұрғандығын, тұтқиылда ел қорғауға әзір болу міндеттелгенін айта келіп, «Отан қорғауға бүгінгі біздер даярмыз ба» деген мәселеге ой жүгіртер еді. Толғаудың төртінші жолындағы «Би жігіт» – бүгінгінің заңгері, соты, прокуроры, адвокаты; «олардың білімі күшті, ары да, алақаны да таза болса, елдің тентегі мен жемқоры ауыздықталып, жақсылық молаяр еді» дегенді меңзеп, замананың тағы бір «сырқатына» жеткіншектің назарын аударар еді.

Жыраудың «Ақсақалға жарасар…» және «Бәйбішеге жарасар…» жолдары бойынша мұғалім оқушыны «еліне еңбек жасай жүріп қартайған ақсақалдың парызы – жастарды Ата-салты мен ауызбірлікті сақтауға баулығаны, ал Бәйбішенің өнегесі – ер-азаматының табысын ұқсатып, төрт түлік малдың сүмесін асыл тағамға айналдыратын қонақжайлық салтын сақтауы» екенін талдап-баяндауға жетелейді. Осы толғаудағы «Келіншекке жарасар…» деп басталатын соңғы жол бойынша санасында саңылауы бар ұл мен қыз «Адамзаттың анасы – әйел» жөнінде, келешекте ана болар бойжеткен тәрбиелі де дені сау болып өсуі тақырыбында, «Дүниедегі сұлу әйел – сәбиін алдына өңгерген Сикстин мадоннасындай, бала емізген Қазақ әйелі» турасында парақ-парақ ой төгер еді. Оқушы жастар ұғымға жеңіл эпитет, ұйқаспен өлеңдетіп отырып-ақ, әлеумет мәселесін билік басындағы атқамінер, хандардың назарына салушы жырауларды халықтың неге әулиедей қадірлегенін ұғынар еді де, сол дәстүрді жалғастырушы бүгінгі айтыс ақындарындай елжанды болуға талпынар еді.

Бақытқалидың «жырау, шешендер мұрасын қазіргі оқушы жастар түсінетін форматпен мектеп тәрбиесіне енгізу керек!..» деген аманатының орындалысына атсалысу үшін, стандарттық үлгіде түзілген бірнеше жобамды алда қалалық білім бөліміне ұсынбақшымын.

***

«Ат аунаған жерде түк қалады». Б.Мұсабековтей мемқызметші ширек ғасырға жуық Тіл мен Руханият саласын күйттеген жерде өнеге қалады.

Назипа АСҚАР,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button