Жаңалықтар

“БЕСМАРШАЛ” деген қай маршал?

«Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті.

Қазақтың байтақ даласында атаусыз жер бар ма?! Тал-көдесін таңбаға балап, бел-белесін тарихи атаумен бедерлеген атам қазақтың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жерінің өзі шежіре шертіп, тарих тарқатып тұрғандай. Жерінің атауынан-ақ сыр аңғарып, байлам жасауға әбден болады. Мұның өзі – дала ономастикасының дара көрінісі. Қысында қыңыр желі, жазында аңызағы толас таппайтын белді «Тектұрмас» атап, арналы өзенін «Өткелсіз» деп айдарлаған елміз анығында. Құлан жортпас құла түзде атаусыз сайы, айдарсыз төбесі жоқ қазақтың. Өкініштісі сол, бүгінгі ұрпақ жадында сайын дала төсіндегі тарихи атаулардың көмескіленіп бара жатқандығы. Тым әрідегі атауларды былай қойып, ХХ ғасырдың жуан ортасында бұрын ел қонып, құдық қазылып көрмеген құба жонда пайда болған қоныстардың атауына да мән бермей бара жатырмыз. Мән бергеннің өзінде, сол жердің тарихы мен атауын өз ру, өз атамызға теліп не болмаса бұрмалауға үйір болып алғанымыз жасырын емес. Мәселен, жазиралы Жаңаарқаның Ақтүбек, Ералиев ауылдарының ортасында, Сарысу өзенінің теріскей жағалауында өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары қоныс тепкен бес үйдің орны бар. Иә, елдің бірлігі мен берекесіне ұйытқы болған бес үйдің орны. Жергілікті халық «Бесмаршал» атап кеткен. Ең қызығы, дәл осы «Бесмаршалдан» шығысқа қарай 3 шақырым жоғары орналасқан бұрынғы «Сарысу» бөлімшесі қазіргі уақытта «Бесмаршал» аталып кетті де, бес үйдің ескі жұрты ұмытыла бастады. Бұл мекен неліктен «Бесмаршал» атанды? Деректі сан-саққа жүгіртіп, қалжыңға бұрып жүрген қылжақбастар әртүрлі дәлел айтады. Несін жасырайын, бала кезімде осы төңіректің өткен-кеткенін жақсы біледі-ау деген үлкен кісінің бірінен мен де сұрағанмын. Мардымды жауап ала алмадым. Алтай-Алсайға жиендігі бар әлгі «тарихшым»:

«Алсайдың Совет үкіметіне қарсы болған бес шалы елден жырақ кетіп, оңаша қоныс теуіпті. Содан бері бұл жер «Бесмаршал» аталып кеткен екен», – десін қуақылана. Тағы бір қылжақбастар «Ұлы Отан соғысы кезінде Гитлердің алғашқы екпінінен қауіптенген Совет Одағының Жуков, Рокоссовский бастаған бес Маршалы бас сауғалайтын жер (болашақ «бомбоубежище») іздеп келіпті» деп, мүлде ақылға сыймайтын сандырақтарын да қосып жіберетін.

…Қыстың қысқа күнінде Ақтүбекке сапарлап, кешегі көнекөздердің соңы, осы өңірдің арғы-бергі тарихын жетік білетін қадірлі ақсақал Кенжеғара Қуанышевпен ұзақ әңгімеге отырдым. Шежірені шебер толғайтын сергек қария «Бесмаршал» жөніндегі әңгімеге қарық қылып, осылай аталу себебін нақты дәлелдермен дәйектеп берді. Дуалы ауыз ақсақалдың айтуынша, бұл мекеннің қазығы 1957 жылы қазылыпты. Алғаш қоныстанған шаңырақ Смайыл Қирабаевқа тиесілі. Осы төңіректе бірталай мойынсерік басқарып, бірнеше колхоз тізгінін ұстаған қадірлі қария Смекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін осындай ұйғарым жасапты. Ал, Смайыл ақсақал – академик Серік Қирабаевтың әкесі. Өзінің «Өмір тағылымдары» атты мемуар-кітабында Серік Қирабаев әкесінің бұл байламы туралы былай әңгімелейді:

«…Мен туған жер – Қарағанды-Жезқазған теміржолының бойындағы Жаңаарқа ауданы. Аудан орталығынан асфальт жолмен Жезқазғанға қарай жүрсең, 70 шақырымдай өткен соң «Бесмаршал» деген жер кездеседі. Бұрын Жезқазғанға қатынайтын автобус аялдамасы да солай аталған. Елуінші жылдардың бас кезінде зейнетке шыққаннан кейін біздің әкей (Смайыл Қирабаев) осы жерден қоныс теуіп, үй тұрғызған екен. Соны көріп, өзімен құрбы тағы төрт шал (ішінде Көкі, Жүкен деген аталас туыс-замандастары бар) үй салыпты. Бұрын бұл жерде қыстау көрмеген бір өкіл өтіп бара жатып, қасындағы Өндібай деген жігіттен «Бұл кімдердің үйі?», – деп сұрапты. Сонда қуақы Өндібай «Бұл жерде бес маршал тұрады», – депті. Содан бұл жер «Бесмаршал» атанып кеткен». Ақиқаты осы шығар, бәлкім… Бірақ, қоңсылас қонып, қадірлес тірлік кешкен бес қария қалайша маршал атанды? Серік Қирабаевтың осы еңбегін оқығаннан кейін ағайын арасының ынтымағына ұйытқы, елдің бірлігіне дәнекер болған, кезінде ел басқарған ақсақалдардың адуынды мінез, болаттай болмысына бола «маршал» атанып кетуі мүмкін ғой деген ойға келген едім. Кенжеғара ақсақалдың да пікірі менің ойымды қуаттады.

– Әкем Қуаныш науқасқа шалдығып, шаруадан қалған соң біздің үй «Өндіріс» колхозынан қоныс аударып, «Құдайменде» өзенінің күнгей қабағынан үй салды. Басты құрылысшы – 49 жасында өмірден өткен туған ағам Құлшынбай екеуміз. Құлшекең ағам – Жаңаарқа ауданындағы алғашқы ұстаздардың бірі. Аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен бірнеше колхозда ұстаздық қызмет атқарды. Мен мектепте оқимын, жаспын. Ағайдың еңбек демалысы ма, әйтеуір, екеуміз атпен лай айдап, кірпіш құямыз. Сөйтіп жүргенде, ағамның қызметіне кедергі келтірмейін деді ме, менің жастығым әсер етті ме, әкей марқұм ұйғарымын өзгертті. Смекең үй салған мекенге көшіп, сол жерден үй тұрғыздық. Сөйтіп, Алсайдың әр бұтағынан Смайыл Қирабайұлы, Көкі Ақтайұлы, Дүйсенбек Мырзекейұлы, Жөкен Жақаұлы және біздің үй бес шаңырақ болып, осы жерге қоныстандық. Ол уақытта Қарағанды-Жезқазған арасындағы қазіргі асфальт жол жоқ. Көрші колхоздың басқармалары мен ауылсовет төрағалары ауданға дала жолымен қатынайды. Қысы-жазы атпен, ара қонып жүретін жолаушылар көбіне біздің ауылға ат шалдырады. Әсіресе, мынау Түгіскен, Карл Маркс (қазіргі Ералиев) колхоздарының атқамінерлері жиі келеді. Қай үйден түстенсе де, ауылдағы бес қарияны шақырып алып, әңгіме соғады. Меніңше, біздің ауылды «Бесмаршал» деп атап кеткен осы екі ауылдың адамдары болса керек, – деп бір қайырды ұзақ әңгімесін Кенжеғара ақсақал. Ағайын болған соң, ел ішінде алауыздық, араздық деген болмай тұра ма?! Дәл осы бес қарияға тиесілі ағайын ішінде де болған шығар. Бірақ, ушыға қоймапты. Смекең бастаған Алсайдың бес ақсақалының алдында талқыға түскен мәселе қайта қаралмайды екен. Бірлікке қорған болған бес қарияның қас-қабағын баққан «Бесмаршал» ауылы берекенің бастауы болған деседі жұрт. Кенжеғара ақсақал да әкелерінің ұшан-теңіз ұлағаты мен өлшеусіз өнегесі жайлы сарқылмай әңгімелейді. «Бесмаршалға» қоныстанған уақытта Кенжекең азамат болып, ел ісіне араласып қалған. Аудандағы алғашқы көлік жүргізушілерінің бірі болып, темір тұлпар тізгіндеп жүрген кезі. 1959 жылы желтоқсан айында марқұм жұбайы Рауза шешемізге қосылып, шаңырақ көтерген екен. Ал, 1960 жылдың 1 қаңтарында бес маршалдың үлкені Смайыл ақсақал дүние салыпты. …Бес үйдің орнын түгел көрсетіп, мектеп үйінің орнында тұрғанымызда Кенжекең өткір жанарын теріскейге бұрып, қалың қорымды нұсқады да әңгімесін жалғады:

– Мына қорымға алғаш жерленген адам – Смайыл ақсақал. Өз өсиеті бойынша осында қойылды. Қабірін өз қолыммен қазып, 1960 жылы 4 қаңтарда осы жерге жерледік. Кенжеғара ақсақалдың бұл дерегін Серік Қирабаев жазбасынан да кездестірер едіңіз. Секең кітабында: «Кейін әкем өзін сол жерге жерлеуді өсиет етті. Ол кісі сол жерге қоныстанғанда-ақ сүйегін сонда қалдыруды ойлаған сияқты. Өзінің өлетінін де алдын ала сезді. Аздап науқастанып жүрді. Естіп, көңілін сұрай елге барғанымда, «қайратым қайтқан жоқ, бірақ кеуде жағым босатпайды, ентіге берем» дегенді айтты. Емдету жайын сөз еткенімде, оған құлық танытпады. «Осы жерден топырақ бұйырса» дегенді қайталай берді. Кейін білдім, көңілін сұрай барған інісі Жаманды өз үйі мен үлкен жолдың орта тұсындағы бір шидің түбіне ертіп барып, «Олай-бұлай болсам, мені осы жерге жерле» депті. Жаман жақын жерде жатқан әке-шешесін, басқа туыстары жатқан қорымды еске алған екен, оған көнбепті: «Сүйектің бірге жатуы міндетті емес, рух табысады», – депті. Ақыры сол жерге жерленді. «Смайылдың қасына жатамыз» деген замандастары, туыстары көбейіп, кейін ол жер үлкен қорымға айналып кетті», – деп жазды.

Арқадан шыққан абыздардың асылы марқұм Серік Қирабаевтың тағдырымен тамырлас болған бұл мекенде сол бес қария – бес маршалдан қалған қасиет бар бүгінде. Бес үйдің орнынан соны таныдым. Бес үйге ортақ жалғыз құдықтың орнында көзге байқалар-байқалмас ошақ орнындай ойпаң ғана жатыр. Бірақ, тектілердің сарқыты сақталған алтын көмбеге бергісіз қазына аңғарылды маған. Кенжеғара терең күрсініп тағы сөз бастасын:

– Шырағым, осы төңіректегі ағайын елдіктің туын тігіп, еңселі болмыста ғұмыр кешкен бес маршалдың санына жете алмай жүр. «Осында алғаш үй салған бес ақсақалдың бірі – менің әкем» деген шындыққа жанаспайтын әңгіме көбейіп барады. Көзкөргендердің соңғы көшінің басында біз тұрмыз. Тіпті, бертіндегі тарихтың өзі сол жылдарды көзімен көрген біздер аман жүргенде осылай бұрмаланады. Біздің көзіміз кеткен соң, мүлде ие бола алмай қаларсыңдар. Сондықтан, дәл осы жұртқа ең алғаш қазық қағып, үй көтерген бес әкемнің атын атап, аңызға айналып бара жатқан ақиқатты нақтылап кетуді өзіме парыз санадым. Тасқа таңбаланған тарих бұрмалана қоймас. Қайталап айтамын, Смайыл әкемізбен ілесе жүріп, іргелес қонуды мақсат тұтқан төрт замандасы – Ақтайдың Көкісі, Мырзекейдің Дүйсенбегі, Жақаның Жөкені және менің әкем Қуаныш Бекқожаұлы. Смекең дүние салған соң, қалған бауырлары біртіндеп қоныс аудара бастады. Сол тұста мына «Сарысу» бөлімшесіне малшы, механизатор болып келген отбасылар қоныстанды. Бірақ, олардың ешқайсысы бес маршалдың қатарынан емес. Міне, «Бесмаршалдың» тарихы – осы, қарағым, – деп түйіндеді әңгімесін.

…Ескі жұрттың орнына бесін ауған шақта келіп, екінтіде аттандық. Қыстың қысқа күні ұясына сырғып бара жатқанда, біз де үзеңгіге аяқ салдық. Соңыма қарайлап келемін. Бұл жерде бес үйдің орны ғана емес, берекенің бастауы бар. Ойыма ақын Бақтыбай Аманжоловтың «Бесмаршал» деген жер аты» атты өлеңі оралды: «Кетті арыстар келелі аңыз болып, Аспаны тұр аққұйрық тамызда еріп. Көрінеді құт мекен қыдыр иген, Қара шалдың құшағы тәрізденіп». Денем мұздап сала берді. Қара шалдың құшағындай болған қасиетті мекеннен алыстап бара жатыр едік…

Ерсін МҰСАБЕК.

СУРЕТТЕ: кешегі бес маршалдың ұрпақтары.

Басқа материалдар

Back to top button