АймақШет

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы»

Ұстаз – құрметті сөз. Әр баланың жүрегінен екінші анасы болып орын таба білген қасиетті тұлға. Шәкіртінің бойына білім нәрін сусындатып, ақылын айтып, қателерін түзеп, оны кешіре білген ардақты ұстаздарымыздың дәрежесі әрқашан жоғары.

Баланың тәрбиесі отбасынан басталады, бірақ ол тәрбиенің құндылықтарын арттыратын тағы да мектеп. Ал, мектептің жаны мен жүрегі – мұғалім. Сондықтан отбасынан кейінгі баланың тәрбиесі сыныпта, мектеп ошағында қалыптасады.

Жақсы ұстаз өз шәкіртіне әрқашанда үлгі болып қалады. Осы бір қанатты сөздің аясында ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Менің ойымша, жақсы ұстазда біріншіден, терең білім болуы тиіс. Ал содан кейін үлкен жүрек болуы керек. Себебі, барлық баланың еркелігін көтеріп, әрбір баланы өзіне тарта білу және оны тыңдай білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Міне, сондықтан үлкен жүрек пен шәкіртіне деген шексіз махаббат әр ұстаздың бойынан табылуы керек алтын қасиет.

Ұстаздардың орны әрқашан ерекше. Дүние есігін ашқаннан кейін бала жетіліп, өмір сүруге қадам жасағанда өз тәжірибесімен бөлісіп, балаға арқа сүйер адам бола білген кісі шәкіртінің мәңгі есінде қалары сөзсіз. Әр оқушының өзі үлгі көретін бір ұстазы болады.

Мамандық айналамызда жетерлік, бірақ кез келген маманды маман қылатын ол да ұстаз. Ол кісілердің еңбегін бағалап, өздерін сыйлап, құрмет тұту әр шәкірттің міндеті. Себебі, ұстаздық оңай мамандық емес.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы» дегендей ұстаздың міндеті ауыр, сонымен қатар жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Шыдамдылық пен төзімділік қасиеттері ұстаз маманына ауадай қажет.

Ұстаз – өз кәсібін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы сүйіспеншілігінің арқасында шәкірттерін алға жетелейді, бағыт-бағдар береді, шабыттандырады, баланың мақсат қойып және оған жетуіне сенім ұялатады, іске батыл және сенімді қарап кірісуіне септігін тигізеді. Ұстаз үнемі лүпілдеп соғып тұрған жүректің жадында сақталады. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластық, өзара қамқорлық сезімдері шәкіртінің шыңдалуы мен білім нәрімен сусындауына септігін тигізеді.

Ақниет РАМАЗАН,

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы базасындағы тірек мектебінің 10-сынып оқушысы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button