АймақНұра

Еңбегі – ерек, болмысы – бөлек

Таңның атысынан күннің батысына дейін ел қамы үшін тер төгіп жүрген еңбеккерлер қауымының еңбегі еселі. Егін егіп, жер жыртып, экономиканың дамуына, әрі өндірістің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген мәрт азаматтар «байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» екенін бізден артық білер. Сондай жанның бірі – Жараспай ауылында механизатор болып қырық жыл жұмыс істеп келе жатқан Дүйсенбай БЕЙБІТОВ.

Ел арасында еңбекқорлығымен танылған Дүйсенбай Бейбітов 1962 жылы Жараспай ауылына қарасты Арықты елді мекенінде дүниеге келген. Үйдің үшінші баласы. Көпбалалы отбасында 7 ұл мен 2 қыз тәлім-тәрбие алған. Әкесі қарапайым малшы болған. Дүйсенбай аға әкесінің тынымсыз еңбегін көріп қана өскен жоқ, қолғабыс жасап жүріп, біліп те өсті. Еңбектің наны тәтті болатынын сол кезден-ақ түсінген.

Ауыл мектебінен орта білім алды. Кейін ауыл шаруашылығы техникаларына деген ынтасы ашылып, 1979 жылы Чернигов (қазіргі Көбетей) ауылында орта кәсіптік техникалық училищесіне түсіп, механизатор оқуын оқыған. Араға көп уақыт салмай 1980 жылдан бастап Жараспай совхозындағы жұмысқа бел араласа кірісіп кеткен. Қысы-жасы тракторды тізгіндеп, ауыл игілігі үшін аянбай тер төккен. Шөп тасып, жолдарды қардан тазалап, қолдан келетін дүниеден ешқашан аянып қалмаған. Ауыр еңбектен қашпай, керісінше, бұл еңбектің қыр-сырын меңгерген ағамыз заман ағымымен «Жараспай» ЖШС-не механизатор болып жұмысқа тұрып, осы күнге дейін адал жұмыс істеп келеді. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында ортада қадірлі, ұжымда сыйлы.

Әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміздің жұмыс уақыты әрқилы. Таңсәріде үйден шығып, тас қараңғыда қайтқан кездері де аз емес. Көктемде далалық жұмыстарға қызу кірісіп, егін алқабына тұқым себеді. Мамыражай жаз шығысымен жер жыртып, оны өңдеп, шөп тасумен айналысады. Күзбен қатар келетін орақ науқанының орны мүлдем бөлек. Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы астықты жинайтын кезде немістің «Claas» комбайнына отырады. Бұл машина жай техника емес, заманауи тетіктерімен жабдықталған. Компьютерленген, навигаторы бар. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ақылды техникалардың бірі боп тұр. Бұрынғылардан әлдеқайда артық екендігін кейіпкеріміз өз сөзінде де айтып отыр.

– Жасымыздан тракторға отырдық. Содан «К-700»-ді, бұрынғы комбайн мен тракторлардың түр-түрін жүргіздік. Уақыт өте келе қазіргі шетелдік техникаларды да игеріп алдық. Олармен жұмыс істеу қолайлы, көп сынбайды. Бұрынғыдай рульді қолмен ұстамаймыз. Қазіргі техникада өзінің навигаторы бар. Орта жолда тоқтап қалып, берекеміз қашпайды. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймай, кешке дейін тоқтамай жүреміз, – дейді майталман механизатор.

Орақ науқаны басталған сәтте кейіпкеріміз «Claas» астық жинайтын комбайнын тізгіндеп, бір күнде шамамен 40 гектар алқаптан астық орады. Тіпті, қытымыр қыста да қол қусырып отырмай, тынымсыз еңбектің үстінде жүреді. Осылай өмірдегі еңбек жолы бір мезгілден келесі мезгілге дейін тығыз сабақтасып келеді.

Жаны жомарт, көңілі ашық, өзі жайсаң мінезді Дүйсенбай аға ешқашан жұмысқа жеңіл-желпі қарамаған. Әр бейнеттің түбінде зейнеті барын білген. Бақыт та, еңбек те маңдай термен келетінін жастайынан түсінген.

Еңбегі – ерек, болмысы – бөлек ағамыз өзіне тән қарапайымдылықтың арқасында ауыл азаматтарының ілтипатына бөленіп, сый-сияпаттарына кенеліп жүр. Еңбегі халықтың ыстық ықыласымен жоғары бағаланған.

Түтіні түзу шаңырақтың қамқоршысы, әрі тірегі. Жұбайы Дина Жақсыбаевамен отасқанына биыл – 30 жыл. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай 4 баласын әлпештеп, аялап өсірді. Соңдарынан ерген екі атқамінері мен қос кестетігері бар. Бүгінде інжу той иелері абзал ата мен асыл әже атанып, немере-жиендерінің қызығын қызықтап, бақытқа бөленіп отырған отбасылардың бірі десек – қателеспейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button