Руханият

Желдей жүйрік жүгендеп

Ауылда өскен әр қазақ бала кезінде, әйтеуір бір жануарға бауыр басады. Онысын кәдімгідей өбектеп, оған арнайы уақыт бөліп, лақап ат таңады. Адамның бұйрығын орындау жағынан тез иліккіш, ересек адам тұрмақ баланың да бұйрығын тыңдауға бейіл бірден-бір хайуан ит шығар. Бала кезімізде әлдебір кинодан көргенімізді күшігімізге үйретуге тырысатынбыз. Ал, енді осы секілді бұйрықтарды жабағысына үйретіп, ол жабағы бүгінде дөнен болғанына қарамай бұйрықтарды орындап жүрсе таң қалмасқа шара жоқ. Таң қалуымыздың тағы бір белгісі осының барлығын тырнақтай ғана қыз бала жасауда.

Танысып қойыңыздар, бүгінгі кейіпкеріміз Шет ауданы, Көктіңкөлі ауылының тұрғыны Назерке Сембиева. Әкесінің айтуынша, Назеркені атқа мінуге арнайы ешкім үйретпеген. Өзі малсақ болып, қора маңынан шықпайтын болыпты. Сөйтіп жүріп алты-жеті жасында жуас аттарға өз бетінше міне беретін дәрежеге жетіпті.

Сөз басындағы бұйрық орындауға үйренген жабағыға қайта оралсақ. Назеркенің әкесі желтоқсан айының соңына таман үйірден бір жабағыны ұстап әкеледі. Ондағы ойы соғымға кішірек жабағы іздеген адамдар болса келісімді бағаға сату. Себебі, көпей жабағыны ат қылам деген ойы болмапты. Алданыш ағамыз жабағыны қораға байлап, сол күні түс ауа әлдебір шаруаларымен Қарағандыға тартып кетеді. «Қырсыққанда тоғыз қатынның толғағы қатар келер» деген мәтел бар ғой. Ағамыз қалаға жете бере жабағы оттыққа құлап, үйелеп қалды деген хабар жетеді. Не керек, Алдекең ауылдағы бауырларына хабарласады. Бауырларының да қолы бірден тие қоймаса керек. Олар келгенше Назеркеміз байланбаған биенің шу асау жабағысын оттықтан шығарып, шөп салып, ыңғайлы орынға жайғастырып қойған екен. Осылайша әкесі қаладан келгенше Назерке әлгі сатамыз деген жабағыны өзі үйретіп, ауыл көшесінде армансыз шапқылапты. Көзге шағын болғанымен шабысы жақсы көрінген жабағыға Назерке «Ветерок» деп ат қойыпты. «Ветерок» аты сол беті қалып қойғанымен бұл дөнен бүгінде «Көкдауылдың» нақ өзі.

– Интернеттен әлдебір цирк атының басын иіп, адамға сәлем салғанын, жаттықтырушыға алдыңғы аяғын ұсынғанын көрдім. Осы әдістерді өз жабағыма үйреткім келді. «Ветерок» әуелгіде екі аяғын кезек беруді үйренді. Мынаны істеген жылқы басқа да бұйрығымды орындауы керек қой деген оймен сәлем салуды, тіпті, бұйрықтан соң қос аяғын көтере қарғуды да үйреттім. Мен жылқыны еш қорқытпай, ұрмай-соқпай бұйрық орындату әдісіне жүгінемін. Әр бұйрығымды орындаған соң қант немесе кәмпит беріп, оның қызығушылығын арттырып отырамын, – дейді Назеркенің өзі.

Назерке қазіргі таңда Алматыдағы Қазақстан Ұлттық Аграрлық университетінің «Мал дәрігері» мамандығы бойынша ІІ курс студенті. Ол Алматыда оқи жүріп, қалалық ипподромда қосымша жұмыс істейді. Осылайша кәсіби жокейлік пен атбегілік өнерін меңгермек. Әзірге сынақ тапсырмағандықтан тек қана әуесқой жарыстарға ғана қатыса алады. Биыл әлемді алаңдатқан пандемия болмағанда жокей ретінде ипподромда бақ сынап та үлерер ме еді, кім білсін?.. Не болса да біз қаршадай ғана қарындасымыздың әр ісіне береке тілеп, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілектеспіз.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button