Руханият

Ортақ қазынамыз көп еді…

28.09.18. Тура осылай жазылған ескі қағаз қолыма түсті. Редакцияның күйбең тірлігімен аса маңызды бір құжатты таба алмай әуре-сарсаңға түскен болатынмын.

Сүйегі сарқыраған ескі үстелдің соңғы тартпасының көр шегесін қайырып, суырып алсам, осы қазына жатыр. Әбден қуандым, Мағауияға көзі тірісінде жазған хатымның көшірмесі екен. Былай басталыпты:

Нағыз қазақ!

Қыран қазақ!

Ұран қазақ!

***

«Бұқардың толғауы көзіме оттай басылды, нағыз қазаққа арналған:

Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат

Қандай көрегендік, 3 ғасырдан астам уақыт бұрын қазақтың ай нұрын ұстап мінетінін болжаған.

– Ел ортасында Қазақтың қыраны туралы дерекке кез болып едім, анығында оны Бұқар жырау ауданы, Тасшоқы ауылының тұрғыны Жәуәтай қариядан естідім.

Шамасы жетпісінші жылдардың соңы болуы керек. Жаз ауған шақ. Мал жайып жүрген Жәуәтай ақсақал кәдімгі алып қырандай суылдап келе жатқан ұшақты байқап қалады. «АН – 2» ұшағы Тасшоқы елді мекенінің жарлауыт өзегіне келіп қонады, мал үркетіндей болмады. Қалбалақтап, бір қанатын жарға тіреген сәтте қозғағыш қалақшасы баяу айналып тұрды, ұшаққа сызат түспеген. Ұшақтан маңдайындағы терін сүртіп, қазақтың жас баласы түседі. Жөн сұрастыра келе, есімі Тоқтар екенін біледі. Ұшақтың жанармайы таусылып қалған соң, шұғыл шешім қабылдап, құмдақ жерге бағыт алған сәті екен.

– Ел ортасы шамға жинаған керосиннен жинап бердік, ұшаққа қайыра жан бітті, – Жәуәтай қария жақсылығымды пұлдамайын деп жәй әңгіме өрбітті. Бір қойдың басын асып, қонақ етіпті».

Осы сыр ішіме симай, алдында Тоқтар құпиясын Тілешке айтқан болатынмын. Мағауия Тілеуқабыл Байтұрсынұлы екеумізді «екі дос» деп айтатын. Мағаудан «Ұлы Тоқтар жайлы жазуға әлі ертерек…» – деген хабар жеткен соң, салым суға кетіп, біраз жүрдім. Бұрын «Мағауия Сембайға» деп ашық жазатын мақалаларыма енді Нұрқанатқа, Ерсін Кәрібайұлына деп хат жазатын болдым. Мағауияға баруға бет жоқ.

Бір қылмыс жасап қойғандай күйде жүрмін. Әлде осы құпияны Мағауия білді ма екен, қайдам… Ортақ қазынамыз көп болатын.

Бұқар жырау ауданында «Знамя Ильича» газетіне қызметке тұрғанымда да «Орталыққа» алғашқы тұсаукесер мақалаларымды шығарып тұрған болатынмын. Әсіресе, аға газетпен Бұқар жырау толғауларының құпиясы туралы ортақ қазынамды бөлісе бастағаным газеттің бас редакторына қатты ұнап қалған болса керек. Содан бір күні қызмет кеңсеме ешқандай ескертусіз бас редактор Нұрмұхан Оразбековтің келгені бар емес пе?! Қатты састым, «Бұл төңкеріс…» деп әлемді шулатқан қайраткердің едені сықырлап, линолеумі жыртық менің кабинетіме кіріп келгені қайран қалдырды.

– Сен ұлды көріп кетейін деп келдім, болашағың зор екен, – деді амандық-саулықтан соң. Жігерленіп, қайраттанып кеттім. Тұрмыстың тауқыметі әбден қажытып, пәтерден-пәтерге үш баламен көшіп жүрген кезім. Төсекке пимамен ұйықтап, балаларды жылы көрпемен бастырып, жұбайым Алтын екеумізге төбеден қар жауып тұратын бөлме ғана тиесілі болып қалатын. Азаматтың жігерлі сөзі соның бәрін ұмыттырды.

Кейіннен Мағауия мені жігерлендірді. Бұқар жырау ауданында көрген азабым жұмақ екен. Мұнда он бес пәтер ауыстырдым.

Бірде салып ұрып, Нұрмұхан Оразбековтің тәрбиесі ме, еш ескертусіз кабинетіме Мағауия кіріп келді. Қазпоштаның бөлмелерін жалға алып, бишара күйде отырғам. Мағауия оның бірін елемеді. Амандықтан соң өзінің қызмет көлігіне ертіп апарды. Астанадан командировкадан келе жатқан беті екен.

– Сен Тоқтар жайлы жазбадым деп ренжіме, ол болашақтың тақырыбы деді күмілжіп. Жігерлі бол, сенің маңдайыңа Қазақстандағы орыс аудандардың газеттерін қазақшалау жазылған, – деді. Міне қызық, тура Нұрекеңнің тәрбиесі дерсің. Қақ-соқ әңгімесі жоқ, тұрмысың қалай екенінде шаруасы жоқ… Алға қоғамның мақсатын ұсынып отыр. Бұл құпияны сірә оған Тоқтар айтқан болуы керек…

Бәлкім осы ерліктің Мағаудың қаламынан жазылғанын қалап тұрды ма…

Жәуәтай қарияның құйып берген 50 литр керосинінің есебін арада жылдар өткенде мың есе етіп қайтарып, ұшағына жанармайды тамтұм құйғызып, Солтүстік полюске барып қайтады, Тоқтар.

– «Қан тілеп тұрған Қара теңіздегі авиатасушы крейсерге «АН – 2» ұшағын Тасшоқы елді мекенінің жарлауыт өзегіне қондырған тәжірибесімен бір қанатын жарға тіреген «МиГ-29 К» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады Тоқтар», – деп жазбақ болды ма екен қайран Мағау… Биылғы бірінші туар айға жеткенде ғой көсілер ме еді қайраткер тұлға…

Әйтеуір, түйін шешілді-ау…

Сержан СМАХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button