«Е-е…бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрыңғыда кім өткен?..»
Бұрын әжелер ертегі айтатын. Аталар аңызды аңырататын. Немере қисса-дастанға құмартқан. Зере әжесінің тізесін қағып қойып, ертегі-аңыз, қисса-дастан, жыр сұрайтын бала Абайдай бүгін бала бар ма? Бала дейміз-ау, немересіне ертегі-жырды жалықпай жеткізетін ата, әже, ана ше? Табылар ма? Күдігіміз қалың, күмәніміз көп. Ертеде ата, әже, немере бір-бірінен ажырамас, мықты одақ болса, осы күні ол одақ ыдыраған. Ата-әже ертегі-аңыз айтудан, немере оны тыңдаудан қалған. Бұрын немересін арқалап, одан қалды етегіне салып әлдиін айтса, қазір соның бірі жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын құрып барады деп жағымыз талмай қақсап едік. Араға біраз уақыт салғанда оның жоғалғанын көреміз. Батысқа қарап бой түзеген түріміз – ата мен әженің тәрбиесін көрмейтін халге жеткізді. Ата мен әже бауырындағы бала қандай-ды? Жалпы, осы қазақ әдебиетіндегі, қазақ қоғамындағы айтулы тұлғалардың барлығы ата-әже тағылымын алып шыққандар десек, кетәрі демессіз. Ал, бүгінгінің ата-әжесі әлі «жас», әлі «бала». Олардың өздеріне бір-бір әже, бір-бір ата керек болып тұр…
«Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам, менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалмаса деп қорқамын» деп өткен ғасырда ұлттың болашағын болжап кеткен Бауыржан Момышұлының әулиелігі XXI ғасырда айнымай келді. Батырдың қорқынышы – бүгіннің шындығына айналды. Қариясы азайған елдің қазынасы да кемитінін солай көрдік.
Қазына болғанда қап-қап алтын, дорба-дорба доллар емес. Рухани қазынаны сөз қылған жөніміз. Баланың тұлға ретінде қалыптасуындағы, дүние танымындағы, өмірлік ұстанымындағы мақсаттарды айқындауда, сол тәлімнің көне көздермен келмеске кетіп қалғанын айтамыз.
XXI ғасыр оны керек қылған жоқ. Жаңа ғасырдағы Еуропа мен Батыстан қалмаймыз деп, құндылық атаулыны құрбандыққа шалған шалағайлықтың жемісі – бұл. Бүгінгі бала ертегісіз, бесік жырынсыз өсіп келеді. Тыңдамайын демейді-ау, айтатын, оған қызықтыратын қарияларымыз азайған. Сондықтан, оның ертегісі – батыстың төртбұрышты, үшбұрышты басты, я жалғыз көзді, не нәрсе екені беймәлім құбыжықтары. Бесік жыры – беймәлім тілдегі мультфильм.
Негізі, ертегі – қанымызда бар. Сонымен ұйықтап, сонымен армандап, сонымен мақсатына жеткен қазақ. Балам кішкентай күнінде ұйықтар алдында ертегі сұрайтын. Әжемнен естіген бала күнгі ертегілерімді күнде айтып, таусылды бірде. Қайталауға көштім. Балам жатып келіп ашуланды. «Қайталама. Басқасын айт» деп. Сасқан жерім, біткен жерім сол болды. Айтар өзімнің жаңа ертегім жоқ. Не жүгіне қояр әжесі жоқ. Сонда ұққанбыз қазақтың әр баласының ынтызары ертегіде. Ол оның еркінен тыс атойлап тұрады. Әйтпесе, ертегіні қайдан біледі? Неге тыңдағысы келеді? Демек, бұл оның сонау ертеде геніне кодталып қойған. Бірақ, сол ертегіні айтатын ата-әженің жоқтығы – ауыр. Содан көзге көрінбейтін, білінбейтін, қолға ұсталмайтын рухани һәм моральдық аштық басталды. Осы күні баланы қазақша сөйлете алмауымыздың, ұлттық дәстүрден, құндылықтан мақұрым қалдыруымыздың – тұқияны осында. Отбасы институтындағы білдей ата-әже академиясын жойып жібердік. Оның асқынғандағысы сол – ата-ананы бұл күні бала керек қылмай тастап кетеді…
Тіпті, қазаққа кесір болып тиген кеңес кезінде ата-әже академиясы мұнша тоқыраған жоқ. Керісінше, сол кездегі ата-әженің рөлі өте күшті болған сыңайлы. Ол уақыттың өзінде біз құралыптас балалар ертегі-аңыз тыңдап, ұлттық салт-дәстүрлерді біліп өсті. Жоғалтпауға, ұмыттырмауға ұмтылды үлкендер. Ал, өз аузымыз өзімізге жетті. Өзімізге өзіміз егеміз дегенде, оның бәрі қожырап қала берді. Бара-бара қол үздік. Сонда дейміз, ұлттық болмыс-бітімді сақтау үшін қылша мойнымыздың тұсында үнемі қанды қылыш ілініп тұруы тиіс пе?
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды… Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.
Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деді.
Шын жаңғыруды қажет еткен осындай ұлттық, әлеуметтік институттарға ендеше неге «патша» көңіліміз түспейді екен?
Қызғалдақ АЙТЖАН.