Бас тақырыпБасты тақырып

КҮНТІЗБЕ: Ай мен Күн

Күннің қабағына қарап күнделікті қам-қарекетін қарастыруға қалыптасқан қазақ табиғаттың тылсым құпиясына терең бойлай білген. Жаңа туған Айдың жатысына қарап алдағы ауа-райына батыл болжам жасаған. Шаруа баққан, соның ыңғайымен көшпенді тұрмыс кешкен ата-баба бойынан сондай сан қырлы қасиет табылады. Бірақ, бүгін басқа рәуіштегі әңгімені тілге тиек етеміз.

Ай – уақыттың табиғи өлшемі. Жаңа ай 29,5 тәулікте толады. Мұны адам баласы қазір қолданып жүрген күнтізбеден әлдеқайда ерте аңғарған. 30 мың жыл бұрын! Ай алмасудың есебін ежіктеген із Франция мен Германияның тау-шатқалынан табылған. Қазақтың кең даласында кездесетін дің мен обаның құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Бірақ, болжам бар.

Ал, бір жылда 12 ай болуының сыры неде? Неге 11 немесе 13 емес? Тура 12! Бұл сауалға астарында аңыз жатқан жауап бірнешеу. Соның ішінде көңілге қонатын қисындысы – жылдың төрт мезгіліне қатыстысы. Өйткені, жыл маусымы да – уақыттың табиғи өлшемі. Жаңа жыл санауды көктемнің алғашқы айындағы Күн мен Түннің теңелетін тұсынан бастаған атамыз қазақ бірдеңені бұрыннан білген?!

Күнтізбе қолданыла бастаған ерте заманда маусымның ауысуына қарай өлшенетін Жыл бірнеше айға бөлінген. Ал, әр айдың ұзақтығы 28 бен 31 күн аралығында болған. Соның ішінде ең қысқа ай – ақпанға қатысты әртүрлі болжам бар. Бұл тұрғыда ежелгі римдік император Нума Помпилийдің 10 ай мен 304 күннен тұратын ежелгі күнтізбеге жасаған реформасы назар аудартады. Ол кезде жыл наурыздан басталып, желтоқсанмен аяқталған көрінеді. Күн-ай циклын орнықтыруды ойлаған ол күнтізбеге тағы екі ай – қаңтар мен ақпанды қосады. Сонда әр айға 29 не 31 күннен келеді.

Кейін Нуманың бұл күнтізбесі Юлий Цезарьдың б.д.д 45 жылдықтағы нұсқасына негіз болады. Императордың жарлығымен математик Созиген 12 айға бөлінген 365 күннен тұратын жаңа күнтізбе жасайды. Ол 29,5 күннен тұратын жаңа Ай циклына негізделеді. Сонда жұп айларға – 30, тақ айларға – 31 күннен келген. Юлий Цезарь қайтыс болғаннан кейін «квинтилис» айы императордың құрметіне «юлий» (июль) деп өзгертіледі. Одан кейін таққа отырған Августқа да бір ай бұйырады: «секстилис» айы «август» деп аталады.

Бірақ, қолданыстағы күнтізбеде жұп айларда 30 күн болғандықтан, сол кездегі саясатшылар соңғы ай ақпанның бір күнін августқа қосып, қос император атындағы екі айдағы күнді теңестіреді. Алайда, Жердің Күнді бір айналуы (ол заманда Жерді Күн айналады деп ойлағандар да болған – авт.) «Жыл» саналуына сәйкес, әр жылда шамамен 6 сағат «артылып» отырған. Сондықтан, төрт жыл сайын соңғы айға, яғни, ақпанға бір күн қосып отыруға шешім қабылданады.

Содан бері төрт жылда бір келетін «кібісе жылдан» басқасында ақпан 28 күнмен аяқталады. Қазіргі қолданыстағы күнтізбедегі Ай мен Күнге қатысты аңызбен астасып жеткен ақиқат осындай.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button