АймақТеміртау

Теміртау тойы – тартуға толы

Теміртауда қаланың 75 жылдығына орай жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Әртүрлі спорт түрлеріне арналған залдары бар заманауи ғимарат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен тұрғызылды.

Нысанның құрылысы 2019 жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қаражатымен басталды. Кең залдарда бір уақытта 320 адам спортпен айналыса алады. Мұнда күрес, футбол, баскетбол, бокс залдары және көрермендерге арналған стендтер бар.

Жаңа кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев арнайы барды.

– Бұл – бұқаралық спорттың дамуына серпін беретін заманауи нысан. Спортпен шұғылданатын жастар өз қажеттіліктерін қанағаттандырып, амбицияларын осы жерде іске асыра алады. Болашақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай мысалдары көбірек көрініс табуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім келесі жылы Теміртаудағы «Металлург» стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Бұл үшін облыс бюджетінде қажетті қаражат жоспарланды.

Қала мерейтойына арналған тағы бір сыйлық – қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында ашық теннис корты ашылды. Кортты «Имсталькон» компаниясы тарту етіп отыр.

Теміртаудың іскер әйелдер кеңесі де мерейтойдан шет қалған жоқ. Кәсіпкер ханымдар қалаға алма бағын сыйлады.

Бақтың негізін қалау рәсіміне облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Мұнда отыздан астам жас ағаш отырғызылды.

– Менің ойымша, ағаш отырғызу және туған қаланы өзінің туған күнінде безендіру дәстүрі келешекте қарқын алады. Бұл бақ теміртаулықтардың серуендейтін сүйікті орындарының біріне айналады деп үміттенемін, – дейді Теміртау іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Марина Шиллер.

Сондай-ақ, мерейтой күні облыс әкімі Елбасының үзеңгілес серіктері – Қуаныш Омашев, Нина Вахитова, Тоқтархан Ысқақов, Ермек Төлеубаев және Виктор Никоновпен кездесті. Кездесуде қонақтар қаланың даму келешегі туралы ойларымен бөлісті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button