Руханият

Әліппем болған «Орталық Қазақстан»

1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысынан кейін мектепке барғандардың есінде болар, кітап, дәптер, қалам, сия, қарындаш бола бермейтін. Соғыстан соңғы жетімсіздіктің әсері ғой. 1947 жылы мектептің 1 сыныбына барғанымда шешем тігіп берген киіз сөмкемде (дәлірек айтқанда қоржынымда) қаттап салған біраз газетім («Советтік Карағанды») бар еді, оқулығым да, дәптерім де сол болатын. Газетті жинайтын себебім: 1945-1947 жылдары ФЗО-дан қашып, колхоз орталығынан алыс (160 км) біздің үйімізде болған жиеніміз (кейін Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, Жаңаарқа ауданында көп жылдар зоотехник, кеңшар директоры болған Құсайын Жұмашев) поштаға қатысқан әркімдерден газеттер алдырып оқитын, газет оқуды маған да үйрететін. Қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарын ұқтырып, арифметиканы да оқытатын. Сол үшін мен газетті асыл бұйымыма балайтынмын.

Ол, ол ма? 1950 жылдың басында КСРО Жоғарғы Кеңесіне Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаев пен жаңылмасам, Қарағанды облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Хасен Байзақов депутаттыққа кандидат болып тіркелді. Сайлау науқанына орай үгіт-насихат жұмысы қызу жүргізілді. Депутаттыққа кандидаттармен кездесу ұйымдастырылатын болды. Сол күндері мектебіміздің директоры Жампейіс Садықбеков аулымызда тұратын халық ақыны Бұралқы Құдайбергенов шығарған өлеңін «Қаныш Имантайұлы келгенде оқисың, жаттап ал» деп, маған берді.

Ол өлең:

Мектептегі оқыған сізге сәлем, балалар,

Үйреткенді ұғатын бәріңде де сана бар.

Өскен соң қолға түспейді, жас күніңде санап ал.

Ұшы жоқ ұзын білімдер аспанды өрлеп жағалар.

Білімнің нәрін үйретер ортаңда Қаныш аға бар,

Халықтың сыйлы ардағы – дананы сыйла, балалар!

Әрине, өлеңді мен кездесуде оқып бердім. 2 сыныпта ғана оқитын мені, өлеңді оқып болған соң, ғалым аға бетімнен сүйіп, кездесу аяқталғанша алдына отырғызып алды. Фототілшілер суретке түсірген ғой. 4-5 күн өткен соң Бұралқы ақынның өлеңімен қоса Қанағаңдардың, менің де суретім «Советтік Қарағандыда» басылғанын көрдім. Бұл тарихи сурет менде сақталмапты. Өлеңі бұдан ұзақтау еді, ұмытып қалыппын.

Ұмытылмайтыны – сол күннен бастап «Советтік Қарағанды» менің газетім болды. Газетке редакторлар болған ардақты ағалардың да есімдері жадымнан өшпеген сияқты. Бейсенғали Тайкіманов, Бейсек Исабеков, Әбсаттар Бөлдекбаев, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов, Нұрмахан Оразбеков, Рымқұл Сүлейменов, одан кейінгі Төлеубай Ермекбаев, Батырхан Жанатов інілерім Мағауия Сламбекұлы өзімнің сүйіктілерім. Газетте қызмет еткен, әсіресе, 1960 жылдардан бергі 50 жылда, қалам қажырымен танылған Масғұт Жабасұлы Халиоллин, сондай-ақ Ораз Сағынайұлы, Төлеуғазы Әбіжанұлы (кейін философия ғылымдарының докторы), Сайлаухан Нәкенұлы, Аманкелді Ахметәліұлы, Амантай Сағындықұлы, Ақселеу Сейдімбекұлы, Қағаз ағай Сәденұлы туған бауырларымдай болған.

1960 жылдардың басында «Орталық Қазақстан» (ол кезде «Советтік Қарағанды») газетінде өндірістік тәжірибеден Рымғали Нұрғалиев (академик-марқұм), Болат Бодаубаев (белгілі жазушы), Қанат Жойқынбеков (жазушы), Қастек Баянбаев (ақын) өтті. Сол кездегі Қарағанды педагогикалық институтының студенттері Мақсым Омарбеков, Кәрім Сауғабаев, Еркін Игенберлин бәріміз тым жақын араластық. Рымғали Нұрғалиевпен курстас досым Мақсым Омарбеков Абралы ауданының Қайнар орта мектебінде бірге оқыған екен. Мақсым мен Рымғалидың сол кездеақ болашақта жазушы болатынына көзіміз жеткендей болған. Р.Нұрғалиев газетте өзінің Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы» романы туралы, Мақсым Омарбеков «Әдеби ықпал жайлы ойлар» деген сын мақалаларын бастырғаны күні бүгінге дейін есімде. Б.Бодаубаевтың Теміртау Магниткасынан жазған құлаш-құлаш материалдары газетте номер сайын жарияланатын. Мәскеуден студент Софы Сматаев балауса жырларын «Орталық Қазақстанға» жолдайтын. Жас журналист Кәмила Құдабаева газеттің мәдениет бөлімінде істейтін. Кәмила мен Масғұт ағай (газеттің жауапты хатшысы) «Балалық», «Шана» деген менің әңгімелеріме де газет бетінен орын берген.

1960 жылдары Қарағандыда Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі болды. Біз ол мекемеге де жиі баратынбыз. Онда Аллажар Теміржанов, Жайық Бектұров, Әуезхан Көшімов, Мақсұт Байсейітов қызмет атқаратын. Қарағанды педагогикалық институтында «Жас қалам» аталатын әдеби бірлестігіміз болған. Оған Қаби Лекеров, Файзолла Кендібаев сияқты ғалымдар жетекшілік жасады. Осы жылдарда Қарағандыда Қазақстан жазушыларының онкүндігі өтті. Сонда қазақ әдебиетін жасаушы жазушыларды көруге құштар біздерді газет журналистері мен Жазушылар одағының Қарағанды бөлімшесі қалам қайраткерлерімен кездестірді. Марқұмдар Аллажар Теміржанов, Жайық Бектұров, Мақсұт Байсейітов, Саттар Сейітқазин, «Орталық Қазақстанның» қызметкерлері Ғ.Нәдіров, М.Халиоллин, О.Сағынаев Алматыдан келген Б.Момышұлы мен М.Қаратаевты, С.Мұқанов пен Ә.Әбішевті, С.Талжанов пен Ә.Тәжібаевты таныстырды.

Одан кейін де Ә.Бөлдекбаев, М.Халиоллин облыстық радио мен телевизияға апарып жазған өлеңдеріміз бен әңгімелерімізді оқыттырғанын да ұмытпаймыз. Жазғы демалысқа шығарда Әбсаттар мен Масғұт ағайлар ауылдағы мәдени ошақтардың жайы, жұмысы тұралы, егінжайлардан, екінші тың деп ұран боп көтерілген қой шаруашылығы туралы хабарлар жазуды тапсыратын. Ағайлардың бұл тапсырмалары бізді жазу жұмысына жаттықтырды, газет оқуға құмарлығымызды қалыптастырды.

Ораз Сағынаев, Кәмила Құдабаева, Сайлаухан Нәкенов апта сайын берілетін «Оқырман пікірі» деген бұрыш ұйымдастырып, оқырман ойларын жариялап тұрды. Мұнда біздің, әсіресе М.Омарбеков досымның мақалалары жиі жарияланып жүрді. Бұл үрдіс біздің әдебиетті терең тануымызда үлкен пайдасын тигізгені анық. Репортаж, суреттеме, очерк сияқты газет жанрларынан хабары жоқ болашақ мұғалім біздер баспасөз ісінің қыры мен сырын игеруге әуестендік. Содан болар, арамыздан курстас достарым Серікбай Алпысов «Торғай таңы» газетінде істеп, «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, Кәрім Сауғабаев Егіндібұлақ аудандық газетінде редактор, «Орталық Қазақстанның» Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарындағы меншікті тілшісі, М.Омарбеков республикаға аты мәлім журналист, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Сүйікті газетімді ардақ тұтамын, әр санын сағына күтіп отырамын. Шымкенттен «Оңтүстік Қазақстан», Тараздан «Ақжол», Алматыдан «Жетісу» газеттерін де алып оқимын, бұлар – оңтүстік өлкелерінің басылымдары, ұлтымыздың ұйытқысы ғой, тілдерінде бізден артықшылығы, ойларында озықтық бар ма екен дегендік. Ол газеттерді кемітпеймін, олардан «Орталығым» оқ бойы озық тұрғандай.

Аман Жанғожин, Ермек Балташұлы сияқты інілерімнің публицистикасы, Серік Ақсұңқарұлының өршіл өлеңдері, Мағауияның жазушылар, жазушылық туралы эсселері мен әдебиеттің бүгіні туралы ойлары, Сүйіндік Жанысбай мен Ермағамбет Лұқпанның газеттік шырайлы шығармалары басқа қандай да бір өңір газет қызметкерлерін шаңына да ілестірмейтін сияқты.

Мен «Орталығымды жасай бер!» деп құттықтап, қызметкерлеріне шығармашылық табыстарға жете бер деп тілек етемін.

Жақсыбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Еңбек ардагері, қарт ұстаз.

«Орталық Қазақстан» газетінің байырғы оқырманы.

Жәйрем кенті.

Басқа материалдар

Back to top button