Жаңалықтар

Рухтың байрағындай байырғы өнер

Ежелден ата-баба ел шетіне жау келгенде ерттеулі атқа қонған. Ел егемендігі үшін өмірлері аттың жалы, түйенің қомында өткен. Осыдан-ақ қазақ пен қазанат ұғымы егіз екенін білеміз.

Дәл бүгінге дейін көкпарды, бәйгені бұлай ұлықтамап едік. Кешегі Кеңес дәуірі сонау ата-бабадан бергі бастауымызды суалтып, тынысымызды тарылтқаны бар. Десек те, етек-жеңді қолға алып ел қатарына қосылдық. Осы бір серпіліс елге ұран салғандай. Қазір ауыл-қала тұрғыны демей, тақия кигені тұлпар жаратып, арғымақ ұстауды мақсат ете бастады. Бұл – бір жетістік. Ұлттық рухтың алға қадамдауы – қазақша күрестің, тоғызқұмалақ пен көкпардың әлем деңгейінде танылуынан да анық аңғарылады.

 Ат құлағында алғаш ойнаған қазақ еді

Төрткүл дүниеде төбе елдер көп. Сол мен деген елдің өзіне тән ерекшелігі һәм салты, ұлттық биі мен ойыны бар. Ерекшелігі соншалық, басқа елдің азаматы көрсе, сол елге тән дәстүр екенін жазбай бірден танырдай. Мысалы, тау халқының (шешендердің) “джигитовкасын” білмейтін ел жоқ. Шапқан аттың үстінде түрлі қимылдар жасап, жиналған жұрттың аузын аштырып, көзін жұмдыру. Бұл – біздің қазақтың қанына сіңген дүние ғой. Қазақ мұны бір-ақ ауыз сөзбен “Ат құлағында ойнаған” деп жеткізген. Ат жалын тартып мінген 5 жастағы бала жасаған ат үстіндегі түрлі іс-қимылды, 20-40-тағы шешен жігіттері жасап, ел тамсандырғанына мәз болысады. Ал, қазақ халқы әр ер баланың жауынгер рухта тәрбиеленуін көксеген һәм оны жетістік көрмеді. Ел болып еңсе түзегелі біраз дүниеге жан-жақты қарадық. Қыр астындағы елдер күн артып жаңаша қырымыздан тануда. Ол мейлі дәстүр, мейлі спорт пен мәдениет болсын. Осының ішінде ұлттық спорт жайлы бірер ауыз айтсақ.

Көшпенділер ойыны – көш басында

Мәдениет және спорт министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, кейінгі жеті жылда елімізде ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны айтарлықтай артқан.

2020 жылы олардың саны 432,4 мың болса, 2021 жылы 489,9 мыңға жеткен.

Яғни, бір жылда 57,7 мың адам қатарға қосылған. Бұл – біздің елдің сегіз пайызы ұлттық спортпен айналысады деген сөз.

Кейінгі жеті жылдағы динамикаға қарасақ, ұлттық спортқа бет бұрғандардың саны соңғы үш жылда ерекше өскен. Мұндай оң нәтижеге ең әуелі әлем бойынша көшпелі өркениеттің ұлттық ойындарына деген қызығушылықтың артуы себепкер деуге болады.

Көшпенділер ойындарын өткізуді қолға алып, көкпардан халықаралық деңгейде өтетін жарыстарды «кок бору» ережесі бойынша ұйымдастыруды жолға қойған бауырлас Қырғыз Республикасында қазір осы этноспорттың арқасында туризм жақсы дамып тұр. Биыл елімізде республикалық бюжеттен ұлттық спортты дамытуға 150 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаражат Қазақстан құрамасын қыркүйек-қазан аралығында Түркияда өтетін IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына апаруға, спортшылардың ұлттық спорт түрлерінен өтетін Азия чемпионаттарына, халықаралық кубоктар мен жарыстарға қатысуға, республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуге жұмсалмақ.

Сондай-ақ, ұлттық спорт санатына спорттың тоғыз түрі кіретінін айта кету керек. Тізімге енгені аударыспақ, асық ату, бәйге, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік және тоғызқұмалақ.

Қазақ халқында ел арасына кеңiнен тараған 200-ден астам ойын түрі бар екен. Алайда, көбінің аты ұмытылып заты жоғалуда. Тек, iшiнде кейбiреуі ғана ұлттық спорт болып ұлтпен қайта түлеген. Олар қазақша күрес, тоғызқұмалақ, көкпар секiлдi жалпақ жұртқа танылған ұлттық спорт түрлері.

Қазақ күресі Олимпиадалық ойынға айналса…

Қазақша күрес – ұлттық ойындардың iшiндегi ең қарқынды дамыған көшбасшы түрi. Бұлай сөйлеуiмiздiң себебi де жоқ емес. Өйткенi, қазақ күресiнен бүгiнгi күнге дейiн төрт рет Азия, 1 рет Еуропа, 2 рет Әлем бiрiншiлiгi өттi. Дүниежүзiлiк қазақша күрес федерациясының атқарып жатқан жұмыстары да ұшан-теңiз. Федерация басшысы Серiк Төкеев осы спорттың барынша дамып, әлемдiк деңгейге көтерiлуi үшiн игiлiктi шаралар атқарып жатыр. Мысалға, Орск қаласында өткен әлем бiрiншiлiгiне 20-дан астам елден 72 балуан келiп қатысты. Оның iшiнде Еуропаның белдi мемлекеттерi Грекия, Германия, Франция, Испания, Голландия, Швеция секiлдi елдердiң спортшылары да бар. Орскiдегi өткен осынау II-әлем бiрiншiлiгiнде жеті салмақтың алтауында қазақ балуандары алтын тағып, көк байрағымызды желбiретiп қайтқан-ды. Сол додаға қатысқан немiс спортшысы Доринг Холгер қазақша күрестi жақсы көргенi соншалық, өз жерiнде осы спорт түрiнен үйiрме ашып, немiс балаларын қазақ спортына тәрбиелеп жатқан көрiнедi. Холгер сияқты азаматтарға қолдау көрсетiліп, қазақша күрес жер-жерлерде насихатталса, түптiң-түбiнде ұлттық спортымыз Олимпиада ойындарына кiрер ме едi деген ой келіп-кетеді. Жапондар өз дзю-доларын Олимпиадаға кiргiзбес бұрын әлемнiң түпкiр-түпкiрiнде сол спорттан жарыстар ұйымдастырып, тегiн спорттық киiмдер таратып едi. Олимпиадаға қазақ күресi кiрер болса, онда Ақсарбас емес пе?! Бұл бүтін еліміздің әлем алдындағы абыройының артқаны болар еді.

Шетелде тоғызқұмалақтың компьютерлік нұсқасы бар

Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк шимандысы, шиге жайған құрттай болып көрінгені бұл – тоғызқұмалақ. Ұлттық спортымыз – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, түркiтектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнерi. Негiзiнен тоғызқұмалақты дамытып жатқан Қазақстан мен Қырғызстан федерациялары. Қазақстан спортшылары Қырғызстанның ашық бiрiншiлiгiнiң тұрақты жеңiмпаздары десек, өтiрiк емес. Қазақстан Ұлттық спорт федерациясының басшылығымен Еуропада, Америкада тоғызқұмалақты насихаттап, түрлi жарыстар ұйымдастырылуда. Ұйымдастырғандары интеллектуалды ойындардың қатарынан орын алып, бүгiнде Лондондағы Олимпиадада тоғызқұмалақтан турнирлер өтіп жатқаны жалпақ жұртқа аян. Сондай-ақ, ұлттық спортымызды испаниялық Дэвид Котин, американдық Баутиста Роха секiлдi тұлғалар да дамытуға атсалысып жүр.

Бiрақ елдегi жағдайға келсек, әлi де тоғызқұмалақ өрістеуіне кедергiлер бар. Жай ғана тоғызқұмалақ тақтасы тапшылығының өзі үзіліс жасауға әкеп соққаны жасырын емес. Сонымен қатар, бізден үйреніп, тоғызқұмалақты әлдеқайда дамытқан өзге елдер бар. Олар ойынның компьютерлiк нұсқасын шығарды. Оны айтасыз, тоғызқұмалақ туралы, оның ережесi жайында толыққанды кiтаптар да жоқтың қасы. Кенжелеу бар. Десек те, «ештен кеш жақсы». Ынта қойсақ құр қалмасымыз анық.

Ұлт таңдамаған ұлттық ойын

Бүгінге дейін көкпар ауыларалық той-домалақтарда берілсе, қазір этносаралық ортақ мүдделі спорт түрі қалыптасты. Алдымен, еларалық сайысты бастаған еліміздің оңтүстік өңірлері. Мұны беделі белес асқан белді командалар “Әулиеата”, “Құлагерлерге” қарап сөзсіз білеміз. Көкпарға баса назар аударып, ұлттық спортқа салғырт қарамай, үзбей айналысып тұратын Жамбыл облысын ерекше атап өткен абзал. 2003 жылы Тараз қаласының маңында “Көкбөрi” спорт клубы ашылды. Онда тек қана көкпар емес, сонымен қатар ұлттық спорттың бiрнеше түрi де қамтылған. Клуб директоры Нұрдәулет Момынов ұлттық спорт жанашыры. Сондықтан да, Жамбыл облысының көкпар командасы жыл сайынғы Қазақстан бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы. Қарағанды да қалыс қалмақ емес. Кеше ғана қадамын тәй-тәй басқан “Бәйтерек” командасы басшысы Дастан Рахманберлиннің бастамасымен, жаттықтырушысы Ерлан Оспановтың еңбегімен бірнеше қалааралық, республикалық додаларда бас жүлде иеленіп жүр. Бұл – арқалық көкпар сүйер қауым үшін жетістік.

Қазір көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 19 спортшы бар.

Жергілікті әкімдіктердің Мәдениет және спорт министрлігіне берген мәліметтерінше, Қазақстанда 45 атшабар бар. Оның 33-і – мемлекет меншігінде.

Қалған 12-сі жеке меншік. Елдегі ең ірі атшбаралар Алматы және Астана қаласында.

Қазіргі таңда Астана қаласында жабық ат спорты манежі салынып жатыр. 2020 жылы Ақтөбе облысында ат спорты манежі салынса, биыл қыркүйекке дейін Шымкентте ұлттық ат спортына арналған базалар бой көтеруі керек.

Осындай базаларды Павлодар мен Қарағандыда салу жоспарда.

Көкпар Оғыз баласына ортақ ойын болған соң ба, қазақпен бірге қырғыз ағайындардың да ықыласы алабөтен.

Содан болса керек, «кок бору» деген ресми атау беріп, төл спортын халықаралық деңгейде дамытуға күш салып жүр. Мұндай әрекеттер қазақ халқының арасында «көкпарды қырғыздар UNESCO деңгейінде патенттеп алыпты» деген алыпқашпа әңгіменің тарауына түрткі болды.

2018 жылы «Кок бору» ойыны Қырғыз Республикасының атынан UNESCO-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының жиынтық тізіміне алынған болатын. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі былай деген еді.

– «Көкпар» әр халықта әр түрлі аталады. Мысалы, қырғыздарда «Кок бору», өзбектерде «Улак-тартыш», тәжіктерде «Бузкаши», ауғандарда «Улак-купкари». Бүгінде халықаралық деңгейде «World Kokpar Association» ұйымы жұмыс істейді. Көкпар спорты дәстүрлі түрде дамып келе жатқан елдерде жарыстардың бәрі осы ұйымның регламенті бойынша өтеді. «Көкпарды» Қырғыз Республикасының патенттеп алғаны туралы мәліметке келсек, ешбір спорт түрін патенттеу мүмкін емес. Спорт түрінде қолданылатын құрал-саймандар ғана патенттелуі мүмкін. Мысалы, футбол добы, штанга сияқты құралдарды патенттеуге болады. Бірақ тұтас бір спорт түрін патенттеп алуға жол жоқ».

 Алыпқашпа аттанды қойып, дамуды ойласақ, іске көшкен дұрыс-ау! Қырғыз бүйтіпті, өзбек сөйтіпті деген налу қазаққа тән емес. Көршіміз көркейсе, ол да ағайын. Керісінше, екі қадам алға шығуға ұмтылсақ қана ұтарымыз хақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button