Бас тақырып

Ұлықтау салтанатындағы ұмытылмас сәттер

Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау салтанатындағы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөзінің басым көпшілігі мемлекеттік тілде болды. Мұның өзі біздің елімізде ана тілі үстемдігінің толығымен салтанат құруға бет алғанын аңғартса керек. Бұл жағдаят жүрекке сенімділік ұялатты, бойға күш-қуат берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі
Суреттер akorda.kz

«Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік», – деді сөз басында Президент.

Иә, 20 қараша күні кезектен тыс өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 6 млн 456 мың 392 сайлаушының дауысын алды. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы сайлауға қатысқан азаматтардың 81,31%-ы.

Алты жарым миллионға жуық адам өзінің болашағын осы Президентпен байланыстыруға берік байлам жасады. Халқының осыншама қолдауы мен сеніміне ие болу – кез келген Мемлекет басшысының қолтығына қанат бітіретін құдіретті күш қой. Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтай төрткүл дүниеге танымал саяси тұлғаның алдында зор мүмкіндіктердің есігі айқара ашылары сөзсіз.

Президентіміз сөзінде халықтың сенімін өзіне артылған аманат ретінде қабылдайтынын мәлім етті. «Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – дегенін халқының алдында берген сертіне балауға да болушы еді.

Сөз арасында Президенттің «Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын», – деп БАҚ өкілдерінің ерен еңбегін де атай кеткені көңілге жылылық ұялатты.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта өзіне дауыс берген азаматтардың ғана емес, күллі Қазақстан халқы алдында есеп беретінін кесіп айтты. Сөз жоқ, бұл бірлікті нығайтып, сенімді ұлғайта түсетін ұлағатты қадам.

Президенттің ұлықтау салтанатындағы мақалдап сөйлеген мына сөзі жұртшылыққа ерекше әсер етті.

Оны кең сарайда отырған игі жақсының ұзақ қол шапалақтауынан да айқын аңғаруға болушы еді. «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», – деген Мемлекет басшысы өзінің алдына адалдық пен айнымастық арқау болған жауапкершіліктің жоғары межесін қойғанын осылайша паш етті.

Президент сайлаудағы жеңісті тойлауды қоя тұрып, аянбай еңбек ететін кездің келгенін еске салды. Иә, күрделі кезеңде тұрған біздің халқымыз үшін дәл қазіргі уақытта тер төгіп, жұмыс істеудің өте-мөте қажет екені айтпаса да түсінікті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығы туралы мәлімдемесі елді, қаймана қазақты бейжай қалдырмады. Халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратын қазақстандықтар үшін бұл ерекше маңызды құжат болғалы тұр. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деген Президент сөзін жұрт зор ықыласпен қабыл алды.

Үнемі шөміштен қағылып жүретін қайран ауыл еді. Енді бәрі сәтімен іске асса, алыстағы аудан, шалғайдағы ауыл халқының шаруасы дөңгеленіп, шырайы кіретін түрі бар. Лайым солай болсын деп тілейміз.

Бұдан кейінгі Президенттің жария еткен тағы бір Жарлығы да жұртты түгелдей желпінтіп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған барлық активтің қайтарылатынын мәлімдеді. Яғни, жемқор жүйе мен оның былыққа белшесінен батқан мүшелерінің ұрлаған-жырлағанын елге қайтару – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселе. Және бұл аз дүние емес, бүтіндей бір мемлекеттің ырыздығына жарайтын өлшеусіз байлық. Бұл мақсатта Үкімет заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін қажетті рәсімдерді реттейтін заң жобасын әзірлемек. «Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын», – дегенде залда отырған қауымның қол соғуы шешімнің қаншалықты әділетті және өзекті болғанынан хабар берді.

«Біздің басты байлығымыз – адам», – деп екпін беріп айтты Президент. Сол себепті де азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасаудың аса маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы салтанатты сәттегі баяндамасын «Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!», – деген елді бірлік пен татулыққа шақырған бәтуалы сөздермен аяқтады.

Cалтанатты ұлықтау рәсімі аяқталған соң Президент елімізге танымал өнер жұлдыздарының концертін тамашалады. «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында Роза Рымбаева, Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкенова, Әлішер Кәрімов, Біржан Хасанғалиев, Ұшқын Жамалбек, Тамара Асар сынды әншілер, сондай-ақ «Астана балет» театры, «Contrast», «Terra» би ұжымдары мен тағы басқа мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

Әсіресе, әлемге әйгілі әнші Димаш айтқан ән мен тартқан күй залдағы жұртты толқындай тербетті, мейірімдей елжіретті. Мерекелік көңіл-күйдің құшағындағы қауым талант иесіне ыстық ықыласы мен айрықша ырзашылығын «Димаш!» деп атын хормен атап, ұзаққа созылған қол шапалақтаумен білдірді. Ал «Атамекен» әні орындалғанда, жұрт орнынан тұрып кетіп, тамырда қанды ойнатқан туындыны қосыла шырқады.

Рас, Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау салтанатының рәсімі жеті жылға жаңадан сайланған Мемлекет басшысының еңкейіп келіп Көк Туға ерін тигізіп, оң қолын Ата Заңға қойып ант бергенінен бөлек басқа да ұмытылмас сәттерге толы болды. Бұған Қарағанды облысы атынан жергілікті «Amanat» партиясының басшылығы бастап барған делегация мүшелері де куә болып, тарихи оқиғадан тартымды әсер алып қайтты.

Қайрат ӘБІЛДА

ҚАРАҒАНДЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button