АймақБалқаш

Береген қол – берекелі

«Қоңырат» корпоративтік қоры Балқаш қаласының орталық ауруханасына барынша көмек көрсетіп келеді. Карантин кезінде өкпеге ауа беру, концентратор аппараттарын, қажетті дәрі-дәрмектер сатып алып берген аталмыш қор бұл жолы сағатына 275 киловат қуатпен жұмыс істейтін дизель генераторын сыйға тартты.

Мамандардың айтуынша, жаңа генераторды қеңінен қолдануға мүмкіндік зор. Құрылғыны орнатып, қолданысқа тапсырған «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС бас инженері Виталий Логачев генератордың ерекшелігін де атап өтті.

– Бұл дизель генератор электр энергиясын алмастыра алады. Мәселен, аурухананың жансақтау бөлімін, перзентхана мен басқа да лифт қызметіне толықтай энергия қуатын беруге қауқарлы. Бір сағатта 25 литр жанармай жағады. 10 жылға жуық жұмыс істейтіндігіне кепілдік береміз, – дейді Виталий Логачев.

Демеушілік жасаған «Қоңырат» корпоративтік қорына орталық аурухананың дәрігерлерінің алғысы шексіз. Генератор дәрігерлер үшін үлкен демеу екендігін де жеткізді.

Айта кетейік, Алматы қаласынан жеткізілген еуропалық талапқа сай, тұтынушылар үшін жасалған құрылғының жалпы құны 14 миллион теңгені құрайды. Аталмыш генератор жарық сөніп қалған жағдайда он секундтың ішінде іске қосылады.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button