Республика күні

Мемлекеттік шаралар нақтыланды

Облыста Республика күніне орай өтетін басты салтанатты шара Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында жоспарланған. Осы күні облыс азаматтары марапатталып, облыс, аудан, қалалардың «Құрметті азаматы» атағы беріледі. Одан бөлек, аудан, қалаларда түрлі концерттік шаралар, пәтер кілттерінің табысталуы, түрлі нысандардың ашылуы тағы бар. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, Ұлттық мереке ретінде тойланатын Республика күніне орай өңірде түрлі мәдени іс-шаралар басталып кеткен. Мысалы, 14 қазанда Қарқаралы ауданында басталған «Табиғатты аялайық!» экологиялық акциясы челлендж ретінде өзге аудандарда жалғасын тапқан. Одан бөлек, 15 қазанда «Жақсылықты бірге жасайық» челленджі басталды. Яғни, челлендж аясында облыстың әр тұрғыны жақсылық жасап жарысады.

– 22 қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында басты салтанатты шара өтеді. Одан бөлек, осы күні «Ту тұғыры» алаңында қарағандылық жастар салтанатты түрде Ту көтеріп, Әнұран орындайды, – дейді Нұрлан Рахметоллаұлы.

Ұлттық мерекені тойлау 23 қазанда «Арманға жол!» атты спорттық жартылай марафонымен жалғасады. Сондай-ақ, Абай, Бұқар жырау аудандарында және Приозерск қаласында пәтер кілттері тапсырылып, облыс орталығында аутизммен ауыратын балаларды қолдауға арналған орталық ашылатынын айтады басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, Абай ауданының Жартас ауылында спорт залы, Көксу ауылында коворкинг орталығы, ал, Дубовка елді мекенінде Open Akimat пайдалануға беріледі. Ал, Нұра ауданында хоккей корты ашылады.

Нұрлан Бикенов Республика күні 25 қайырымды іс өтетінін де айтады. Одан бөлек, облыс өңірлерінің орталық саябақтарында, мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер өтеді. Мерекеге орайластырылған спорттық шаралар, шығармашылық кештер, патриоттық, экологиялық челлендждер, қайырымдылық акциялары да назардан тыс қалмаған.
Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновтің айтуынша, Республика күніне орайластырылған мәдени шаралар ауқымы кең. Мысалы, 15-16 қазанда «Дос-Мұқасан» фильмінің қойылымы болса, 16 қазанда Оралхан Бөкейдің «Атаукере» повесінің желісімен «Қауіпті будан» моноспектаклінің премьерасы өткен.

Басқарма басшысы бұл шаралардың барлығы өскелең ұрпақтың бойында туған еліне, жеріне деген махаббатты сіңіріп, патриоттық сезімді тәрбиелеуге көмектесетінін айтады.

– 19 қазанда Ұлттық мереке құрметіне Мәдениет сарайында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қайырымдылық концерті өтсе, 21-23 қазан аралығында Академиялық музыкалық комедия театрында «Достар» атты оперетта мен мюзикл фестивалі өтеді, – дейді Еркебұлан Жұмакенов.

Ал, тура мереке күні, яғни, 25 қазанда «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты мерекелік концерті ұйымдастырылады. Осы күні облыстың білім беру ұйымдарында интеллектуалдық ойындар, дебаттар мен конкурстар өтсе, мәдени орталықтарда тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, «Сарыжайлау» кинотеатры ұйымдастырған деректі және көркем фильмдердің қайырымдылық көшпелі көрсетілімдері болады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button