Республика күніне орай Қарағандыда Ту көтеру рәсімі өтті

Елорда төрінде Президенттің қатысуымен Мемлекеттік туды көтеру және Әнұранды орындау салтанатты рәсімінен соң айтулы шара Қарағандыдағы «Достық үйінің» алаңында жалғасты. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, қоғам қайраткерлері, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қала тұрғындары мен оқушылар қатысты.

Астана қаласында сағат 11.00-де Президенттің қатысуымен Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді. Облыстың аудан, қалаларында да Ұлттық мереке – Республика күніне орай осындай мерекелік шаралар өткізілуде. Осы мақсатта Достық үйінің алаңына жиналып отырмыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деді құттықтау сөзінде Ербол Шымкентбайұлы.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Елордадағы Мемлекеттік туды көтеру шарасына үн қатып, оны жер-жерде де өткізуді ұсынған қарағандылықтар. Осыған байланысты, ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыс орталығындағы шараны «Достық үйінің» алаңында өткізуге шешім қабылданған.

– Сағат 11.00-12.00 аралығында облыс көлемінде Ұлттық мерекеге орай Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран ойналуда. Салтанатты шараға жиналған тұрғындардың көңіл күйлері көтеріңкі. Республика күні әрқайсымыз үшін маңызды екенін осыдан ақ көруге болады. Мемлекетіміз дами берсін, әр отбасына бақыт тілеймін, – деді Нұрлан Бикенов.

25 қазанды «Достық үйінің» алаңында атап өту жайдан-жай қабылданған шешім емес. Мақсат – достықтың жаршысындай болған, облысымыздағы этномәдени бірлестіктері шоғырланған ордаға жиналып, Президенттің құттықтауын қабыл алып, әрі қарай жалғастыру.

– «Достық үйі» облыс орталығындағы халық көп шоғырланған Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан. Әрі демалыс күндері қарағандылықтар осы жерге келіп серуендейді. Бейбітшілікті, тұрақтылықты қолдаған халық бүгін осы жерге Республика күнін атап өтуге келді. Ішкі саясат басқармасының қолдауымен этномәдени бірлестіктермен, қала тұрғындарымен осы жерге жиналдық» – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының міндетін уақытша атқарушы Думан Малаев.

Шараға жиналған қарағандылықтардың да көңіл күйлері ерекше көтеріңкі. Бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатты.

– 25 қазан – Республика күніне орай «Достық үйінің» алаңында Мемлекеттік туды көтеру салтанатты шарасына жиналдық. Ішкі толқынысымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық қазақстандықтарды, қарағандылықтарды мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көк байрағымыз желбірей берсін! – деді шараға арнайы келген «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының мұғалімі Әсемгүл Өтемісова.

Салтанат ІЛИЯШ

Ortalyq.kz