Бөлек – елден ерек
Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуары музыкалық комедиямен толықты. Драматург Еркін Жуасбектің «Үйлену» пьесасын арқа көрермендеріне арнап режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналады. Композиторы – Серік Әбдінұров.
Спектакльдегі кейіпкерлердің есімі ерек болғанмен, заты сіз бен біз көріп жүрген күнделікті өмірдегі қарапайым адамдар. Мақсаты, пейілі, ниеті, түсінігі, тілегі бір-біріне ұқсамағанымен, материалдық құндылық алдында бәрі дәрменсіз. Мол табыс үшін, тоқшылық үшін қараулық жасайды, қулыққа көшеді, айласын асырады. Ал, бас кейіпкер – Керек пен Дерекгүлдің ұлы Бөлек болса шынында бөлек. Шыншыл, риясыз. Ата аманатына адал болып, сол арқылы әке-шешесіне ой салған жас жігіттің тосын таңдауы көрерменнің де көңіліне ізгілік нұрын себеді. Біздің «Бөлек ролінен қандай ой түйдіңіз?» деген сұрағымызға жас актер Мейіржан Әбдіхалық «Бұған дейін тек массовкада, шағын рольдерде ойнаған едім. Бөлек – ең алғашқы үлкен ролім. Басында кейіпкерімнің қандай адам екенін түсінбей екіұдай күйде жүрдім. Кейін режиссер бағыт-бағдар берді, түсіндірді. Нақты тапсырмасын мүдірмей орындадым, өзім ештеңе қоспадым. Бөлек өзінің жеке әлемі бар, Қытайда бірнеше жыл жұмыс істеп, өзінің мақсатына жетіп елге оралған жігіт, аздап қиялшыл. Алайда, елдегі туған-туыстары оны шетелге кеткен кездегідей қабылдап, оған сол кездегі жас балаға қарағандай қарады. Әке-шешесі біз не айтсақ сол болады деп, баласы үшін шешім қабылдауды жалғастыра берді. Бірақ Бөлек дегенінен қайтпай, өзі шешім шығарып, оны әке-шешесіне, туған-туыстарына ашық айтты және онысы дұрыс болды. Бұл рольден адам өзіне-өзі сенімді болу керек, ата-ананың қалауын да, өз мақсатын да ескеріп, ортақ шешім шығару керек деген ой түйдім», – деп жауап берді.
Ал, режиссер Нұрлан Жұманиязов, дайындыққа бір жарым ай кеткенін айта келе, оның мәнін түсіндірді: «Комедия жанрында спектакль қоюдың өз қиындығы бар, мақсат тек күлдіру болса, күлдіру қиын емес. Алайда, оның мәні болмайды. Көрерменге ой салу үшін музыкалық комедия қою үлкен жауапкершілік. Сатиралық театрдағы қойылымның жүгі мен драма театрдағы комедияның жүгі бір-бірінен бөлек. Сол себепті комедияны, оның ішінде музыкалық комедияны қысқа уақытта қою мүмкін емес. Сәкен театрында «Үйленуден» басқа екі спектаклім қойылып жүр. Ұжымның мүмкіншілігі өте зор, олармен бірге жұмыс істегеніме ризамын. Қатарға жастар қосылыпты. Жас буын келсе шығармашылық ұжымда серпіліс пайда болатыны сөзсіз.
Премьерада ойнаған актерлерге, музыкамен сүйемелдеген Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің музыканттарына алғыс айтамын».
Комедиялық қойылымды репертуарға енгізу – театрға көрермен тартудың бір әдісі. Оған жүгінбейтін театр кемде-кем. Тек көрерменді арзан күлкіге үйір етіп алмаса болғаны…
Назым ДҮТБАЙ.