Баған

«Нан қиқымын шашпаңдар…»

Қарағандыдағы көпқабатты үй тұрғындарының нанды қалай болса солай қоқысқа тастайтыны жанға батады. Кейде нанды құсқа шашу үшін дүкеннен сатып алып, қиқымын жинамай, балалардың табанының астына салып беретіні де көңіл күйді түсіреді. Нан тастайтын жер таппаса, арнайы ыдыс арнап, жинап алу жағына неге көңіл бөлмейді екен дейсіз, амалсыз. Қайткен күнде де нанды шашып қорлап, ысырапшылдыққа бой алдырудан қорыққан жөн. Бір тоқтықтың бір аштығы болары хақ қой.

Нанға қатысты әңгіменің көбін Шерхан Мұртазаның «Интернат нанын» оқығандар жақсы біледі. «Нан» деген сөздi естiгенде, ұйқы шайдай ашылады. Жетi түн iшiнде таң атып, күн шығып, он жетiмнiң тар бөлмесiне нұр шашырағандай болушы едi. «Нан» деген сөз – алыстағы ауылдан апаң келiп тұр дегенмен бiрдей. Айында-жылында ауылдан апаң келгенде кiшi қалта талқан, бiрер таба нан әкелер едi. Iнi-қарындасыңның аузынан жырып әкеп тұрғаны еске түскенде, талқан тамағыңнан өтпейдi-ау» деп жазады жазушы.

Бейресми деректер әлемде әр бес минутта бір бала аштықтан жан тапсыратынын айтады. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда құлқыны тоймайтын пенделер үшін де ішіп-жеудің сақталған белгілі нормасы жоқ. Бұл да ысырапшылдық тіршілігіміздің барлық саласына сіңіп, біте қайнасып кеткенін айғақтайды. Нан қалдықтарының қоқыстан табылуының өзі ысырапты қолдан жасаудың көрінісі.

Ата-бабамыздың дәстүрінде нан ешқашан аяқ астына тасталмаған. Аштықтың дәмін татпаған, бар нәрсенің қадірін білмейді деп өткен үлкендер жерге түскен түйіріне дейін теріп алған. Аштық жылдары адамзаттың басына төнген зобалаң талай жандарды өмірден ерте алып кетті. Басым көпшілігі аштықтан қырылды. Апам бұл жөнінде естелік айтып отырады.

– Аштық жылдары аштан қырылғандарды арбамен тасып, қазылған шұңқырларға апарып тастайтынбыз деп анам айтып отыратын. Өліп қалғандардың етін, малдың терісін жегендер де болды. Амал жоқ, сондай заманды өткердік. Кейінгі мәліметтер 1919-1922 жылдардағы аштық кездерінде 1 миллионнан астам қазақ аштан өлген деп айтып жүр. Сол кезде бір үзім нанға зар болып, өлім құшқандар көп болды. Қазір соларды ойласаң, жаның түршігіп, жүрегің ауырады. Нанды кейде «құстар жейді», жерден көтеріп, шарбаққа іліп кетіңдер деп айтып отыратынымыз, сондықтан» дейді екен апамның анасы.

Асыл дінімізде де нанды құрметтеуге қатысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Айша анамызға: «Әй, Айша, нанды қадірле» деген ескертуі бар.

Жалпы, әр нәрсені үнеммен жұмсау арқылы ысырапшылдыққа жол бермейтінімізді білеміз. Үнемшілдіктің өзі алдымен шүкіршіліктің белгісі. Үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біліп, оларды тиімді жұмсайды. Тиімді жұмсағаны оны біреудің қолына телміруден құтқаратынын біле ме екен?

Әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, бір жылдың өзінде аштық пен дұрыс тамақтанбаудан 10 миллионға жуық адам көз жұмады екен. Қалай болса солай ысыраппен жұмсалып жатқан азық-түліктің төрттен бірін үнемдейтін болсақ, 870 миллион адамның азық-түлік қажеттілігін өтеуге болады екен. Кейбір деректер АҚШ-тағы қоқысқа тасталған азық-түлік қалдықтарының өзіне 80 миллион адам тоятынын айтады. Ал әлемде әр бес минутта бір бала аштықтан жан тапсыруда. Олай болса, бір жапырақ нан мен азық-түлік ысырабының қандай нәтижеге жол ашатынын пайымдай беріңіз.

Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтіні рас болса, нанды неге қадірлемеске?!

Аяулым СОВЕТ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button