Тұлға

Манаураған Алатау

«Алып тұлға байсалды, Манаураған Алатау… Өр тұлғасы жастарға, Қайрат берген Алатау, Айбат берген Алатау»… Осы бір өлең жолдары қайта-қайта тіл ұшына орала берді. Ыңылдап айта бастасам, «басынан қар кетпейтін» мен көрмеген айбарлы Алатау емес, мен танитын Мағау ағамның асқақ бейнесі көз алдыма келеді.

Сурет М.Сембайдың жеке мұрағатынан

2011 жыл. Аудандық газеттің қарапайым қызметкері Арқадағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Орталық Қазақстанның» меншікті тілшісі болып бекітілді. Марқұм, ұстазым Мақсым Омарбеков зейнеткерлік демалысқа шыққан еді. Алғаш рет облыстық газет редакторының кабинетіне имене бас сұқтым. Үлкен кабинеттің төрінде отырған еңселі адам «Қалың қалай? Ауыл-аймақ аман ба? Жоғары шық» деді. Жүзі жарқын, сөзі жылы бастығымды екінші мәрте көруім. Алғаш рет дипломдық жұмысты қорғағанда комиссия төрағасы болып еді. Құжаттарымды тапсырып, жұмысқа қабылдандым. «Екеуміз бір жерденбіз. Мені ұжымның алдында ұятқа қалдырма» деді. Сол сөзі бірге жұмыс жасағанға дейін қалтқысыз қағидам болды. Бастық деген ұрысады. Қатеңді бетіңе аяусыз басады. Тіпті, кейде көңіліңе келер сөз айтуы мүмкін. Бірақ, Мағау ағам ондай емес еді. Мүмкін мені «ұятқа қалдырма» деген сөзі санамда сақталып қалғандікі болар, ол кісі ұялатындай әрекетке бармадым. Алып тұлғалы, мәртебесі биік, аты асқақ болса да, кісілік келбетін жоғалтпады. Кішілігінен айнымады.

Жаны жабырқаған сәтте уақытпен санаспай ат басын Қарқаралыға бұратын. Алдымен, әке-шешесінің басына барып Құран оқытады. Үйге келіп, арқасын кеңге салып, әңгіме өрбітеді. Ақкөңіл, аңғал адам. Маңайындағы отырғандардың жасына, лауазымына қарамайды. Бәрімен тең дәрежеде әңгімелеседі. Айналасына жиналғандармен ашық-жарқын араласады. Туған жерде бір жасап қалушы еді. Маңайына топтасқан біз де мәзбіз. Айнала- сына шуақ нұрын шашып жүретін ағам жайдарланып, жайбарақат отыратын. Тұлғалы жанның жүрегі де кең, пейілі таза. Үнемі ауылды сағынып жүруші еді. «Маған жайнатып дастархан жаймаңдар, нан мен қаймақ, қуырдақ болса болды» дейтін. Ол кісі Қарқаралыға келгенде бір думан еді. Бір жасап қалатынбыз. Жұмысқа алғанын міндетсінбеді. Жасаған жақсылығын жария етпеді. Ақкөңіл жанның адалдығы мен адамдығы оның кесек тұлғасы әрдайым біз үшін биікте.

Зейнеткерлікке шықты. Орнын босатты. Ағамның туған жерге келуі сап тыйылды. Неге екенін ұқпадым. Мерекелерде WhatsApp-ына жазып, құттықтап тұрдық. Мүмкін «мен енді бастық емеспін» деген пенделік ой қалыптасты ма екен?… Бұрынғыдай мәз-мейрам болып дастархан басында жерлестерінің ортасында отыратын Мағау аға біржола бәріне қол сілтеді. Қалай ғана адам осының бәрінен тыйыла қалды. Бәріне іштен тынды ма, әлде?… Тіпті, қоңырау соқсам да көтермеді. Кейіннен ауырғанын естідім. Тағы хабарластым. Тағы үнсіздік… Арада біраз уақыт өткенде хабарлама келді. «Қал қалай? Звондапсың рақмет. Көп сөйлеуге болмайды»… Бірде тағы «Бұл топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ. Біреуі олай қарап, біреуі былай қарап, Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ. «Қал қалай? Абайдың 7-8 қарасөзін оқы»» деген хабарлама келді. Оқып шығып ойға қалдым. Өзімен-өзі жалғыз қалған сәтінде жан мен тән қалауын айта отырып, білмекке, білімге ұмтылғанмен, көзбен көргенді саралап отырып шешімге келетін сияқты. Айтар ақылды тыңдамаған адамның таңдаған жолы басқа екенін де ой елегінен өткізгендей.

Өзінің сүйген жұмысынан жырақтаса да, туған жеріндегі жаңалықтардан хабардар болып отырды. Жақсысына қуанды. Көңілі толмаған сәттерде «Көзден кеткен соң, көңілден де кетіргені ме?» деп күйзелді. Иә, талай әңгіме болды. Бәрі ішінде еді. Елге ұқсап әлеуметтік желіде ешкіммен сөз таластырмады. «Азаматқа ең үлкен құрмет – жерлестерінің қолдауы» деп үнемі айтып отыратын. Осындай перзенттік ұстанымы бар азамат жерлестерімен айтысып, тартыспады. Бәрін уақыт еншісіне қалдырып жүргенде, өзі де кете барды…

Енді Мағау ағам бұрынғыдай әке-шешесінің басына барып, дұға бағыштай алмайды. Оған зират басындағы долана ағашы куә. Қарқаралының қарағайын алып құшағына ешкім алмайды. Оған қалың орман куә. Енді, Мағау аға туған жеріне келмейді. Оған көзкөргендері куә. Алыстан бұлыңғыр бейне «Манаураған Алатауға» айналды…

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button