Жаңалықтар

Жастармен жұмыс жан-жақты

Қарқаралы ауданы тұрғындарының 7 мың 709-ы жастар. Яғни, өңірдің әрбір төртінші тұрғыны жас азамат. Үлеске шаққанда аудан халқының 25,7%-ын құрайды. Қоғамның болашағы мен қозғаушы күші болып отырған жастарды қолдау, ынталандыру мақсатында ауданда қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын мақаламызға арқау етпекпіз.

Еліміздегі жастар саны жалпы халықтың 22%-ын құрайды. Алайда, өткен жылдың демографиялық көрсеткіші бойынша, олардың саны күрт азайған. Яғни, 26% -дан 20%-ға төмендеген. Сарапшылар әр жылдардағы демографиялық өсімнің көрсеткішіне байланысты дейді. Статистикалық көрсеткіштер бойынша, жастар қатарына 14-29 жас аралығы жатса, 2007-2008 жылдары туу көрсеткіші төмен болғандығын көрсетіп отыр. Бұл демографиялық дүмпу 2013 жылға дейін жалғасып келген. Соған қарамастан жастардың белсенділігі жоғары. Саннан сапа көрсеткіші алда. Тек бір ғана Қарқаралы ауданының өзінде жастармен жұмыс жасау жүйелі жолға қойылған. Осы орайда, Жастар ресурстық орталығының еңбегін атап өткен жөн. Қарқаралы ауданында жастардың басым бөлігі – 75% ауылдық жерде, тек 25% қалада шоғырланған. Бұл – ауылдың келешегі бар дегенді көрсетеді. Ауылда бос жатқан жас жоқ. Кейбірі түрлі мамандық иелері болса, бірі шаруашылықпен айналысады. Яғни, еңбекке қабілетті, экономикалық белсенді жандар. Жастардың ауданның тыныс-тіршілігіне еркін араласуына орталықтың үлесі зор. Жастар саясатын жүзеге асыруда іске асып жатқан барлық бағдарламаларды қажетіне жаратып отыр. Бұл жастарды ынталандырып, бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етуде.

– Аудан жастары өте белсенді. Жастарға арналған бағдарламадан тыс қалып жатқан жоқ. Тіпті, халықаралық грант иелері де жетерлік. Олар бүгінде өз кәсіптерін жолға қойған. Бірі балаларға арналған оқыту орталықтарын ашса, екіншісі нүктелі массаж орталығын, сонымен қатар, денешынықтыру-сауықтыру ісімен де айналысуда. Атап өтерлігі, жыл сайынғы «Жасыл Ел» бағдарламасы жастардың ерте еңбекке араласуына, кез келген табыс маңдай тер еңбекпен келетінін сезіндіруде. Бұл мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асырудағы мотивациялық механизм десе де болады. Биыл іс-шараны жүзеге асыруға 9 млн. 630 мың теңге қаржы бөлінді. Маусым-тамыз айларында 70 жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның ішінде қала басында 45 жас болса, қалған 25-і ауылдық округтерде. Сондай-ақ, биылдан бастап, Қарағайлы кенті, Бүркітті, Балқантау, Қасым Аманжолов ауылдық округтері мен Егіндібұлақ ауылы еңбек жасақтары жұмыс жасайды, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ерсайын Қобыланды.

Орталық тек жастар бастамашылығын қолдап қана қоймай, ақпарат беруге де ынталы. Жыл басынан бері 70 жас орталық көмегіне жүгінген. 2021 жылы – 288, 2019 жылы 322 жас орталықтан кеңес алған. Олардың: 83-і жұмыс іздеп жүргендер, 4-і құқықтық кеңес алуға келген, 37-і еріктілер желісіне қосылуы үшін, 13-і өз бастамаларымен, 185-і іс-шараларға қатысуға ниет білдірген жастар. «Самғау» жобасына жіберілген 4 жобаның 2-еуі қолдау тауып, жұмыс жасауда. Жоба аясында кәмелетке толмағандарды, оның ішінде есепте тұрғандарды қоғамдық маңызы бар мәдени іс-шараларға тарту мақсатында және еріктілерге арналған «Фронд-офис» ашылды. Аудан жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, түрлі спорттық ойындар өткізу дәстүрге айналған. Орталықта 2021 жылдан бері іске асып жатқан ауқымды жобаның бірі «Samgau Upshift». Қарағанды облысы бойынша аталмыш жобаны жүзеге асырып отырған жалғыз орталық. Бүгінде 3 жоба орталық жанынан ашылған «Фронд-офис», қала басындағы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 ЖОББ мектеп-интернатында оқушыларға қосымша білім беру жобасы және Балқантау ауылдық округінде балаларды өнерге баулу жобасы.

– Аталмыш жобамен 220 теңге грант ұтып алдым. Өзім гуманитарлық колледждің «Музыкалық білім беру» бөлімін тәмамдағам. Сол бойынша балаларға білім берем деп шештім. Қаражатқа 4 баян, 2 домбыра аспабын сатып алдым. Бүгінде 15 балаға домбырадан тегін дәріс жүргіземін. Жоба талабына сай 5 жыл тегін сабақ беруім керек. Менің мақсатым – жасөспірімдердің ұлттық аспаптарға қызығушылығын арттырумен қатар үйренуге ықпал жасау, – дейді жоба жеңімпазы, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ақжол Серікжанұлы.

Жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемші болып отырған Жастар ресурстық орталығы жастарға қолдау көрсететін бірден-бір ұйым екенін дәлелдеп келеді.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button