АймақАқтоғай

Ауылға қазығын қақты

«Дипломмен – ауылға» – шалғайдағы ауылдың бойына қан жүгіртіп, тынысын ашатын бірден-бір мемлекеттік бағдарлама. Аталмыш бағдарламаның арқасында ауылдағы жас мамандарға қатысты тұрмыстық түйткілдің түйіні тарқап, кадр мәселесі күн тәртібінен өздігінен түсіп келеді. Сәйкесінше, Президент ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырамын» деген болатын. Қазіргі таңда бұл бағдарлама арқылы ауылға жол тартқан жастардың саны артқан. Сол жас мамандардың бірі – Аманбол ЕРБОЛ.

Аманбол – мысты Балқаш шаһарының тумасы. Балдәурен балалық шағы Көкше теңіздің жағасында өткен. Содан болса керек, көлдей сабырлы әрі жан дүниесі тұңғиық. Екеуара әңгімелесіп, сұхбат құрғанымызда бірден ақтарыла салмады. Содан мипаздап отырып, сыр суыртпақтадық. Біздің кейіпкер қарапайым отбасында дүниеге келген.

– Мен ұлдың үлкенімін. Алдымда Рысалды есімді әпкем бар. Ал, күміс қасықтай – Динара, Диана есімді қарындастарым, алтын асықтай інім – Айдын бірінің өкшесін бірі басып, соңымнан ілесіп келеді. Сол себепті де мойныма үлкен жауапкершілік артып, өз-өзі ме сын көзбен қараймын. Себебі, бауырларым маған қарап бой түзеп, мені үлгі тұтатынын жақсы білемін. Үйден тыс мектеп қабырғасында да дәл солай. «Ұстаз – ұлттың ұстыны». Оқушы деген оңы мен солын танып, толық қалыптасып үлгермегендіктен қоршаған ортасына тым еліктегіш келеді. Сондықтан, мұғалім өзінің жүріс-тұрысына, сөз сөйлеу мәнеріне үлкен мән беруі тиіс. Тиісінше, біз де кішкене күнімізде ұстаздарға қызығып, талай мәрте «мен де өскенде мұғалім боламын» дедік қой. Қазір міне, Құдайға шүкір, сол арманым орындалып, бала қиялыма қол жеткізіп отырмын. 2006 жылы осы Тораңғалық негізгі орта мектебінің табалдырығын имене аттағаным күні бүгінгідей қаз қалпында есімде. Міне, содан бері араға аттай он төрт жыл салып, өзім түлеп ұшқан ыстық ұяма мұғалім болып оралып отырмын, – дейді Аманбол.

Болашаққа ұстаз 2015 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін Балқаш қаласындағы Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің «технология» мамандығына оқуға түскен. Содан қызығы мен шыжығы мол төрт жылды артта қалдырып, 2019 жылы күректей қызыл дипломды қолына алады. Уақыт оздырмай, бірден жұмысқа орналасудың қамын қылады. Нәтижесінде, биыл ауданымызға қарасты Тораңғалық ауылындағы Тораңғалық негізгі орта мектебіне көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта жемісті еңбек етіп жатыр. Ұжымға да айтар алғысы – мол. Білек сыбанып алғаш жұмысқа кіріскенде бағдар беріп, білмегенін үйреткен аға-әпкелеріне дән риза.

Қазақта «Жас келсе, іске» деген тәмсіл бар. Қазір қай жағынан болса да жастарға Үкімет тарапынан қолдау көп. Оның ішінде, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының шарапаты мол. Аманбол аталмыш бағдарлама негізінде Тораңғалық ауылынан үй алуға ниет білдіріп отыр. Тиісті құжаттарының басын құрап, тапсырып та қойған. Құдай жазса, алдағы уақытта аңсаған баспанасына қол жеткізетіні де хақ. 

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button