Мемлекеттік қызметтің маңызы зор
Жуырда Жандос СӘРСЕНОВТІҢ төрағалығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс алдында департамент басшысының орынбасары Берік Ахметов Кеңестің 2017 жылдың 2 наурызында берілген ұсыныстардың орындалуы туралы айтып, қаралған мәселелер бойынша мағлұмат беріп өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалардың және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын бұзудың алдын алу жөнінде атқарылған жұмыстар туралы облыстың статистика департаментінің басшысы Жанат Садықованың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жарты жылда кемінде бір мәрте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерімен бірлесе отырып, Әдеп кодексінің, «ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі» Заңының орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа саясаттың жүзеге асырылу жолдары және мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларының сақталуы мәселесіне қатысты дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылады. Департамент басшылығы мен кадр жөніндегі мамандары мемлекеттік қызмет істері департаменті ұйымдастыратын бейне-конференцияларға, тәжірибелік семинар-жиналыстарға қатысады. Осы мәселеге қатысты облыстың дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те баяндама жасады. Басқармаға қарасты облыстың конфессияаралық мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы жұмыс жасайды. Ал, басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттау. Сондықтан, басқарма мен оған бағынышты зерттеу және сараптау орталығы мамандарының жемқорлыққа төзбеушілік қасиетін қалыптастыру мақсатында әр тоқсан сайын жемқорлықтың алдын алу заңнамаларын түсіндіру бойынша аппараттық жиналыс өткізіледі. Дәл осындай мәселе бойынша Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов та мәлімет беріп, жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Келесі кезекті Абай ауданының ветеринария бөлімінің басшысы Саят Жарқынбековке қатысты осы ауданның ветеринария станциясы қызметкерлерінен келіп түскен ұжымдық шағым талқыланды. Қызметкерлер өз шағымдарында бөлім басшысының әдеп нормаларын сақтамау фактілерін алға тартып, жұмысшылармен қарым-қатынас орнату кезінде моральдық-этикалық нормаларды сақтамауын, сыпайылық пен әдептілік қағидаларын ұстанбауын, сонымен қатар, ветеринария станциясының көлігін белгіленген мақсатында қолданбауын тілге тиек етті. Нәтижесінде, мәселенің анық-қанығына жеткен Кеңес мүшелері Саят Жарқынбековке қатаң сөгіс жариялады.
Бұдан бөлек, «Балқаш қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ-нің басшысы Әнуар Самиевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік мекеме басшысы қол астындағы қызметкерлерімен саунада спирттік ішімдік ішіп, соңы төбелеске ұласқан. Дегенмен, Әнуар Самиев төбелес болған кезде аталған орында болмағанын және ол жерге жұмыстан тыс уақытта барғанын айтып ақталды. Алайда, Кеңес мүшелері мекеме басшысы тарапынан еңбек тәртібі мен қызметтік этика нормаларының бұзылу фактілері орын алғанын айғақтап, қатаң сөгіс жариялады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН