Ресми

Жарқын болашақ жаршысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек» деген еді. Сәйкесінше, 25 қазан қайтадан Республика күні ретінде тойланатын болды.

Жарқын болашақ жаршысы

Бұл мереке өткеніміз оралып, өшкеніміз жаңғырған тұста 13 жылдан кейін Ұлттық мереке мәртебесін қайта алды.

– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, 25 қазан күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Президент 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғандығын айта келе, Тәуелсіздік күнінің де мән жоғалмайтындығын жеткізді. Бұл күн, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керектігін айтқан еді.

1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Құжатта «Қазақ КСР-і республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени дамуға, оның әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты барлық мәселені, мемлекеттік билік пен басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ, республиканың рәміздерін ешкімнің араласуынсыз дербес шешеді» деп бекітілген. Осы сәттен бастап, Қазақстан өзінің дербестігін іс-әрекетімен шынайы жүзеге асыра бастады. 1991 жылдың желтоқсан айында бірнеше маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, 1 желтоқсанда жалпыхалықтық Президент сайлауы өтіп, 10-ында «Қазақстан Республикасы» атауы бекітілді. 16 желтоқсанда өзінің Тәуелсіздігін жариялап, арнайы заң қабылдады.

– Осы құжат негізінде Қазақстан Республикасы еңсесі биік, терезесі тең, жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Яғни, қабылданған декларация Тәуелсіз Қазақстанның болашақ іргетасы саналды. Бұл құжаттың қабылдануымен жеке территориясы, азаматтығы, бюджеті, халықаралық қатынастары мен мемлекеттік рәміздері бекітілді. Мемлекеттік тілде білім беретін білім ордаларының саны артты. Ата тарихымыз баба тілімізде жазылды. Тіпті, өскелең ұрпақ та осы бір құжаттың маңыздылығын түсінді. Ұлттық рухты оятқан құжат деп түйсіндік өзіміз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілек Сәдуақасов.

Бұл факторлар саяси, құқықтық, экономикалық тұрғыда дәйектелді. Әрі демократиялық қоғам құруда бірқатар өзгерістерді өзінше жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Жас мемлекеттік маңызды құжаты болған декларация өз бетінше шешім қабылдауға, өз әлінше дербес әрекет етуге, жарқын болашаққа нық қадам басуына мүмкіндік берді.

Азаттыққа қол жеткен күн әркім үшін қадірлі. Сол сияқты, жарқын болашақтың жаршысындай болған 25 қазан да – қазақ үшін қастерлі құжат қабылданған айтулы күн.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button