Бас тақырыпКөкейкесті

Балаға зорлық тыйылмай тұр

Жаманатты атамауға үйреткен дала даналығына жүгініп кеп, осы күнгі адамнан түңіліп кеткен жайымыз бар. Содан шығар, қазір қоғам белсенділері, журналистер қауымы, жалпы есі дұрыс жұрт әлеуметтік желі арқылы педофильдерге жазаны қатаңдатуды сұрап отыр. Өлім жазасын сұрап отыр. Бұған дейін де жазғанбыз. Жазып та келеміз. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей. Жағымыз талмай. Жұтқыншағымыз дірілдеп. Жанымыз жапырақша қалтырап тұрып. Жұдырықтай балаға азғындық жасалған сайын. Бүгін тағы айтуға мәжбүрміз. Ондағымыз – айғайлай берсек, дауысымыз талып жетсе де, әйтеуір, бір естір деген өлермен ой. Ал, үніміз қарлыққанша айғайламасқа мына қан-жыны араласқан қоғам қоймай барады. Бүтін елді айтпағанның өзінде осыдан біраз күн бұрын Қарағандыда 13 жастағы қыз балаға азғындық жасалмақ болды. Бүкіл БАҚ шулады. Оның алдында қазақтың қанын қарайтқан жайт Жетісу облысында орын алғаны аян. 15-тегі қыз баланы зорлап, өртеп жіберген айуан. Дүйім елдің жаны түршікті. Мұндай айтуға ауыз бармайтын сұмдықтар, жасыратын несі бар, іште өте-мөте көп. Сондықтан, бұқара педофильдерге өлім жазасын, я басқа қатаң жаза сұрайды. Бұл талабын естуі тиіс билік. Біз бүгін сол дауыстың жалғасы болғымыз келеді…

 

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ КЕРЕК ПЕ?

Жалпы, Мемлекет басшысы заңды қатаңдатуды тапсырғаны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын. Бірақ, заң күшейді екен деп балаға жасалған шабуыл кеми қойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген-ді. Содан соң заңға өзгеріс енді. Зорлау орташа қылмыстан ауыр қылмыс түріне ауысты. Кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлағаны үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы заң шықты. Зорлау 2000 жылдан бері орташа ауырлықтағы қылмыс саналып келген. Әйткенмен, қоғам белсенділері жазаның өлімге ауыстырылуын талап етуде.

Әлеуметтік желіде белгілі журналист Аяна Ғабдулинна Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Жетісу облысындағы оқиғадан соң ашына, педофильдерге өлім жазасын, заңдағыдан жазадан да ауыр жаза тағайындалуын өтінді. Бұл – талайдан бері көптің ойында жүрген пікір.

Деректерге жүгінсек, Қазақстанда 2003 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған. Осыған орай қатыгез қылмыскерлердің өзін өлім жазасына кесуге рұқсат жоқ. Бұл қазіргі түсінікше, ізгілікке сай емес әрекет. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, елімізде мұны қоштамайтындар аз емес. Бұл – жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Парламент қабырғасында Сенат депутаттары да қозғаған кезінде. Атап айтқанда, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мұндай қылмысқа өлім жазасын тағайындауды сұраған-тын.
«Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету, әйел зорлау, әсіресе, жас балаларды зорлау, болмаса оларды ұрлау, адам ұрлау мәселелері бұл ауыр қылмыстың қатарына жатады. Сондықтан, біздегі Қылмыстық кодекс бойынша, өкінішке орай, бұларға берілетін жаза әлі де болса жеңілдеу. Біз, бір топ сенаторлар алдыңғы жылы осы мәселені көрерген едік. Ауыр қылмыстың қатарындағы қылмыстарға өлім жазасын беру керектігі туралы айтқан едік. Өкінішке қарай, ұсынысымыз қолдау таппады. Парламент мүшесі ретінде, балаға, әйел, қыз балаларға жасалатын ауыр қылмыстарға біз өлім жазасын беруіміз керек», – деген болатын.
Қазіргі таңда бұл – әлі де өзекті өртеп тұрған сұрақ. Жасөспірімдерге қарсы зорлық жасаған педофильдерге өлім жазасын қайтаруды көпшілік сұраса, демек, халық одан басқа қатаң жазаны көрмей отыр. Сол себепті де, проблеманың салдарымен күрескенше, оның тамырына үңілу қажет. Өлім жазасы күшіне енсе, күнде айуандыққа асыққан азғындар айылын жияды. Заңды сыйлағаннан емес, әрине. Адамның жаны тәтті. Ол қорқады. Өз жаны үшін, – дейді заңгер. Жасқанат Ерсайынұлы.

Ақпараттар қазіргі уақытта Қазақстанда 3 сағат сайын бір әйелдің, ал, тәулігіне екі баланың зорлық көретінін айтады.

МӘСЕЛЕНІҢ ТҮП-ТҰҚИЯНЫ НЕДЕ?

Кейбір заңгерлер, саясаттанушылар өлім жазасы тығырықтан шығарар жол дегенге сенбейді. Олардың айтуынша, мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде ақталмаған. Бұның түбіне үңілу керек дескендер де бар. «Бұл неге көбейді?» деген сұраққа жауап іздеу керек олардың ойынша. Бірақ, оған әлі нақты жауап жоқ.

Тек бір анығы – балаларға зорлық көбіне алыстан келмейді. Сол жақын маңайы жасайды.

«ҚР ІІМ мәліметтеріне сәйкес, әрбір екінші қылмыс үйде орын алады. Ал үйге полицияның баса-көктеп кіруіне шектеу қойылған. Сондай-ақ, балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстың 70%-ына жақын туыстары, әкесі, өгей әкесі, анасының нақсүйері, көршілері немесе таныстары кінәлі болып шығады» дейді деректер.

Еліміздің құқықтық саласында балаға азғындық әрекет жасағанға бас бостандығынан айырумен қатар 2018 жылдан бері химиялық кастрация қарастырылған. Бұл қылмыстың бетін қайтарды ма? Осы күнгі жағдай мұның да айтарлықтай тосқауыл еместігін көрсетсе керек.

Кастрация – уақытша әсері бар екпе, оның да қорған болып жарытпауы мүмкін дейді мамандар. Ал, «Не молчи.кз» қоғамдық қозға- лысының басшысы Дина Таңсәрі мұндайда педофильге браслет кигізетін әлемдік тәжірибені ұстану қажеттігін ұдайы айтып келеді БАҚ бетінде.

 

– Түрмеден шыққан педофильге браслет тағылады. Бұл браслет ол қандай да бір балалар нысанына жақындағанда белгі береді. Ол мектеп, балабақша, аурухана болуы мүмкін. Сонымен қатар, әр күні таңертең дәрігерге барып, дәрі-дәрмек қабылдайды. Себебі, мұнда зардап шеккендермен ғана емес, залал келтірушілермен де жұмыс істеу керек, – депті қозғалыс басшысы БАҚ-қа берген сұхбатында.

Оған қоса, оның айтуынша, балаға жасалған зорлыққа қатысты қылмыстық-іс жүргізу үдерісіне де өзгерістер қажет. Өйткені заңдағы кейбір кереғарлықтар қылмыстың ашылуына кедергі келтіреді. Мәселен, зорлық көрген баланың сол уақытта емес, біраздан соң айтуы секілді жайттар да қылмысты ашуды күрделендіре түседі екен.

ТҮЙІН

Ізгіліктің дәнін еккіміз келеді. Сол үшін өлім жазасынан бас тартты мемлекет. Амал не, есуастар ізгілік дәні бүр жарар құнар болмай тұр. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтіргіміз жоқ. Алайда, мынадай жағдайда мүмкін бе?!

Кей ел күмілжімей өлім жазасына кеседі екен. Мәселен, Үндістанда 12 жасқа дейінгі балаға зорлық көрсеткенге өлім жазасы бар. Ұлыбритания ғұмыр бойына еркіндігін шектейді. Зорлауға әрекеттің өзін 10 жылға соттайды екен. АҚШ-тың Монтана штатында кез келген зорлыққа бас бостандығынан өмірбақи айырады. Қайталанса, өлім жазасын тағайындайды. Ойланатындай-ақ.

Әлбетте, мойынға кісі қанын жүктеуге құмар емеспіз. Әйтсе де, діңіне құрт түскен ағаштың одан кейін қайта гүлдеуі неғайбыл. Мұндағы құрт түскен ағаш – педофиль. Оның да айуаннан адамға айналуы да неғайбыл, олай болса…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button