Жаңалықтар

ҚарЛАГ – қасіретті тарих

Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихқа тағзым» тақырыбымен Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Инновациялық технологиялар колледжінің I курс студенттері Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына экскурсияға барды. Ауқымды шара саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде оқиғаның тарихынан білім алушыларға дұрыс түсінік беру, олардың саяси санасын ояту, адамгершілік құндылықтармен ұштастыра көзқарастарын қалыптастыру, қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылардың және басқа да көрнекті тұлғалардың ерлігін үлгі-өнеге етуді көздеді.

Шарадан мұражай гидінің көрмеде тұрған әр экспонаттың тарихын таныстыра айтқан әңгімесі студенттерге әсер етіп, тебіреніп қайтты. Ұшан-теңіз ақпараттың ішінде жастар үшін жаңалық болған тұстары да болды. Мәселен, «Алғыс айту» күнінің тарихы «31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» тікелей қатысты. Туған жерінен кетуге мәжбүр болған түрлі этнос өкілдеріне Қазақстан жерінің топырағын басып, дәмін тату бұйырған екен. Сол қасіретті бастан кешкендер мен олардың ұрпақтары қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткен қазақ халқына әлі күнге алғыс айтады. Қарлаг тұтқыны болған Гертруда Платайстың естелігі бойынша жазылған Р.Голубьеваның «Курт – драгоценный камень» өлеңі ілінген бұрышқа да білім алушылар жіті назар салып, өлең мазмұнынан әсерленді. Тарихқа тәу етіп, алтын уақытын бөліп келетін талай шетелдіктің бір легімен кезігіп те қалдық. Қолдан жасалған ашаршылық құрбандарына, жазықсыз жапа шегіп, «қазақты егеменді ел етеміз» деп еркіндікке ұмтылған арыстардың рухтарына бас иген жастар рухани байып, жігерленіп қайтты. Бұл тәрбиелік шара Инновациялық технологиялар колледж директоры Н.Смагулованың арнайы тапсырмасымен жылда дәстүрлі өткізіліп отырады. Кезекті экскурсияны колледждің тарих пәні оқытушысы Ә.Тазабекова міндетіне алып, өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, ата-аналардың алғысына бөленді. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы автобус және музей қызметкерінің көмегін ұсынып, қолдау көрсетті. Экскурсия студенттерге өлке тарихын сезінуге және құрметпен қарауға, танымдық қызығушылығын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қарлаг тарихы – қасіретті тарихымыздың бір бөлігі. Мұнда келген сайын біз Тәуелсіздікпен бейбіт өмірдің қадірін түсінеміз. Батыр бабалардың асқақ рухына таң қалып, бас иеміз.

Роза БЕКМОЛДИНА, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ Инновациялық технологиялар колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button