Руханият

Байғозы батырдың байрағы

Қазақта ту туралы небір ғаламат әңгіме бар. Соның бірі – Кенесары ханның орыспен соғысын жалғастырған баласы Сыздық сұлтанның жауға шапқандағы әңгімесі. Есімде сорабы ғана қалыпты, бабасы Абылайдың ақ туын көтеріп зеңбірекке қарсы шапқанда, байрағының шұрықшұрығы шығатын көрінеді ғой. Өмір бойы Орта Азия халықтарын бастап орыспен соғысып өткен Сыздық сұлтанның өзіне бір оқ дарымаған. «Зеңбірек үш атқанда дарымады» демей ме Махамбет?!

Бүгінге аман жеткен атақты Байғозы батырдың мына байрағы да рух шақырады. Көз тоқтатып қарағанға. Шұрық тесігі шығып, үгілерге шақ қалса да, тегін емесі байқалады. Қазақтың ту ұстаған бас батырының бірі – Наймантайұлы Байғозы көтерген байрақ. Алаштың абызындай Ақселеу Сейдімбек атамыздың жеке қорында сақталып келген. Неткен киелі, неткен аруақты десеңізші?! Ақаң – Байғозы батырдың ұрпағы, ол кісіге батырдың одан бұрынғы ұрпақтарының қолынан өтіп, батыр қолында қаншама қиян-кескі шайқастардан аман жеткен Алаштың ар-намысының нышаны. Ұзақ телмірсең, арқаңды шымырлатады. Бала күнімізде ауыл іргесіндегі Батыр басынан (Байғозы батыр мазары) түлкі қуып, жылқы қуып сан өттік. Содан да шығар, кім білген?! Батыр басы немесе Батыр тамы аталатын Байғозы батыр мазары Шет ауданына қарасты Айса мен Жыланды ауылдарының арасында. Ортау мен Тағылы тауларының арасындағы Жаман Сарысудың бойында, түстігі – Ақадыр, батысы – Көктіңкөлі, шығысы – Нілдімен (Өспен) шектеседі. Жылқысы Сарысудың сол тұсын жауып кететін Жаман бай батырдың аталас туысы дегенді бала күнімде естігем. Батыр өлерінде өзін сол Жаманның бойына қоюды аманаттапты. «Батыр-ау, Жаманның бойында қалыпты деген атқа қаласыз ғой?» дегендерге, «Жаманнан аспаса, атым өшсін» депті. Ақыры, айтқанындай жатқан жері Батыр басы аталып кетті. Ел аузынан біз естіген сөз – осы. Кейін, студент кезімде Байғозы батыр туралы Шоқан Уәлихановтың еңбегінен кездестіріп, марқайып қалғанбыз. Онда жастау Байғозы батырдың Шақшақ Жәнібектен жауға шабар алдында шақша сұрағаны, оған Жәнібек батырдың шақша бермегені, сол өзі менсінбеген жігіті шайқас үстінде үлкен ерлік көрсеткені баяндалады. Шоқан бабамыз басқа да ерліктерін жазады ғой деймін, ұмыттым. Ауыз толтырып айтатын еңбектері көп болмаса, Алашқа батыр даңқы жайыла ма? Ал, батыр ұстаған мына байрақ туралы тамаша деректі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай ұсыныпты:

«Бұл ту ол кездегі Ағадыр ауданы, Ортау ауылының (бұрынғы Жаңаарқа ауданы, Ортау ауылы) тұрғыны Саламат нағашымда сақталып келді. 1992 жылы Ағадыр ауданының Айыртау деген (қазіргі Шет ауданы) жерінде Ағыбай батырдың 190 жылдық тойы өтті. Сол тойда осы ту тұңғыш рет арнайы көтерілді. Ту аруақтанып, дүрілдеп тұрды. Мен тудың түбінде отыр едім, Шота Уәлиханов бастаған Алматыдан келген бір топ зиялы азаматтар өтіп бара жатып, бұрылып келді. Шота Уәлиханов желбіреп тұрған туға таңырқап қарап тұрды да: «Бұл кімнің туы» деді. Мен: «Тарақты Байғозы батырдыкі» дедім. «Пай-пай!» – деді Шота аға, сөйтті де қасындағы жазушыларға бірдеңе деп кетті (қазір есімде жоқ). Сосын маған бұрылды да: «Сіз кім боласыз?» деді мені баласынбай «сіз» деп сөйлеп. «Жиенімін» – дедім. Сәл ойланып тұрды да: «Көрдіңіз бе, бұл кісі менің Абылай бабаммен бірге жүріп, қалмақпен соғысқан. Енді олардың ұрпағы – екеуміз мына ту түбінде тұрмыз. Бұл тегін емес, бізді бабалардың аруағы кездестіріп тұр» деді. Сосын туға қарап аңырып, біраз тұрды да, серіктерін бастап кете барды.

Бұл тудан басқа Байғозы батырдың қылышы мен тұмары болған. Ол Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында менің туған нағашым Рақыш Әбдішевтің шаңырағында сақталып келген. Тұмар таза күмістен, бұрандалы (резбасы бар) ашылып жабылатын болған. Бұл бұйымдар кейін жоғалып кетті. Ал, Ағыбайдың шешесі Қойсананың бейіті Шет ауданы, Қармыс деген жерде қараусыз жатыр (кейін көтермесе). Нағашы шешем Бибігүл Қалмағанбетқызының айтуынша, Қойсана әкесі Байғозыға тартқан сүйекті, алып әйел болыпты. Ағыбай әкесі Қоңырбайдан жас қалыпты. Шиеттей баласымен кедейшілік көрген Қойсана Қоңырбайдың ағайындарының қотанда жатқан қойын қолтығына қыса салып кете береді екен. Қойын бергісі келмей қарсылық көрсеткен шұбыртпалыларға: «Сендер қой жеп отырғанда менің Ағыбайым аш отыра ма» – деп итеріп тастап, қойды көтеріп жүре береді екен. Ағайындары дәнеңе дей алмай қалады екен. Сондай қайратты, бетті әйел болған дейді Қойсана. «Алып анадан туады» деген осы да! Ал мына туды Ақаң Саламат нағышымның қолынан алып, реставрация жасатып, Елордадағы музейге өткізді. Кезінде бұл ту ұзыны бір құлаш, ені жарты құлаш алып ту болған екен. Әйелдер босана алмай, қиналған кезде шетінен жыртып алып, ырымдайды екен. Содан шеттері жырымдалған, ұлы денесін қалмақтың оғы шұрық-шұрық тескен көне ту болатын…

Тарақты – Орта жүздің ноқта ағасы болғандықтан, бұл ту майданда Орта жүздің туы ретінде көтерілген деген де сөз бар. Сондықтан, бұл ту тегін ту емес! Мұны көтерген Байғозы да оңай емес. Тегін батыр ту көтермейді».

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button