Жан үйлесімі керек-ақ…
Жуырда әріптестермен әңгімелесіп отырғанда, соңғы кезде ажырасудың көбейіп кеткені тілге тиек етілді. Себебі, «сыртқы сұлулыққа қызығып, жастар бір-бірін толық танымай жатып үйленетіні болса керек» дестік. Сөйтсем, мұның басқа да бір себебі бар екен. Мұндай тоқтамға келуіме әлеуметтік желіден көзім шалып қалған сурет әсер етті.
Суретте орта салмақтағы ережесіз жекпе-жектен чемпион атанып, ол атағын бірнеше рет қорғап қалған Конор Макгрегор жарымен тұр. Финалдық төбелесте айқын басымдықпен жеңіске жеткен Макгрегор қанға малынған сақалымен көзі жасаурап, жарына қарап қалған. Ал, жары оған «чемпион болу қолыңнан келеді деп айттым ғой мен саған» деген сияқты кейіп танытып жатыр. Басқаны білмедім, маған солай көрінді…
Содан оның өмірбаянын ақтарып, қарай бастадым.
Конор Макгрегор қазіргі атақ-абыройға қол жеткізбей тұрғанда өте кедей болыпты. Нанын әзер тауып жеп, пәтер жалдап, киерге киім таппай біраз қиналған екен.
Бірақ, оны тағдырдың осыншама қатал сынақтары да сындыра алмады. Өйткені, оның қасында үнемі рух беретін, тіреуі – адал жары бар еді. Ол Конордың қарым-қабілетін жоғары бағалап, жетістікке жете алатынына бек сенген. Осы сенім Конорды әлемдік атақ-даңққа жеткізді. Дүние жүзіндегі ең табысты спортшы қатарына қосты. Қазір екеуі балалы-шағалы. Бақытты ғұмыр кешуде.
Оның миллиондаған кумирлары төбелесіне куә болу үшін арнайы билет алып барады екен. Конордың боксқа да икемі бар. «Балуанға оңы да, солы да бір» демекші, бірнеше жыл бұрын әлемдегі ең көп табыс табатын боксшы Ф.Мейвезермен өткен жекпе-жегінде де ел билет таппай қырыла жаздаған. Жарнамадан түсетін қаржыны қосыңыз оған. Бір қызығы жүрген жерін думанға бөлеп, ерсі қылықтарымен апыр-топырын шығаратын Конор үйіне келгенде мүлдем дөрекі қылық көрсетпейді екен. Отбасына, жары мен балаларына мейірімін төгіп, бар жағдайын жасайтын көрінеді.
Шындығында, бала-шағасына ие болмақ түгілі, қара басын алып жүре алмайтын кей жігіттерді көргенде таң қаласың. Қалап алған жарымен де тіл табыса алмай, ажырасып кетіп жатады. Оның себебі, отбасындағы ер мен әйелдің бір-бірін түсінбей, ішкі үйлесімге қол жеткізе алмағаны деп топшыладым. Жары мен бала-шағаға ауыр сөз айтып, жанын жараламай, отбасына ие болу – азаматтың парызы ғой.
Қазақта «адамды сынағың келсе, байлық немесе мансап бер» деген сөз бар. Осы жағынан келгенде, «есер» Конордың азаматтығы біраз «мен» деп кеудесін соғып жүрген азаматтардан биік болғаны ғой. Өйткені, Конор қанша байлық пен атаққа қол жеткізсе де, отбасына деген сол баяғы жауапкершілікті сақтап қала алды. Жарымен ішкі үйлесімді қалыптастыра білген азамат екен.
Қазақ «әр жетістікке жеткен азаматтың үйінде рухы мықты әйел бар» деп бекер айтпапты.
Себебі, отбасы – қасиетті құндылық. Үйдегі ымыра-бірлік үлкен жеңістерге бастайды.
Сондықтан, ертең опық жемес үшін ішкі рухы мықты, ертең сізді қамшылап, биік белестерге баптай алатын аруды іздеген жөн. Себебі, жан үйлесімі болмаса, бәрі бекер екен…
Жәлел ШАЛҚАР,
облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.