Жаңалықтар

Ахметжан әулетінің қилы тағдыры

… Бір отбасы мүшелері – ЖҮСІПОВТЕРДІҢ ауыр және қайғылы тағдыры хақында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында қалам тербеуді жөн көрдім. Өйткені, Жүсіповтер әулетінің 4 мүшесі, тепсе темір үзетін

4 ер-азаматы әйгілі 58-бап бойынша «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз сотталған. Мақалада пайдаланылған деректерді осы әулеттің белгілі өкілі Ахметжан қажының немересі Бейбіт БАЙМУРЗИННІҢ жеке мұрағатынан алдық.

Жүсіповтер «Қожа» руынан. Қазіргі Шет өңірі, Дария ауылдық округінің аумағында, «Сарытау» деген елді мекенде туған. Әулет­тің бетке ұстары Ахметжан қажы Жүсіпов (1874­1947 ж.ж.) 1901 жылы Бұхарада жоғары рухани білім алып, 1905 жылы Меккеге қажылыққа барып келген. «Шушақ» бұтағының руының көрнекті діни қайраткері болған. 1928 жылдың күзінде ірі бай ретінде тәркілеудің бірінші толқынына түседі (170 жылқы, 200 сиыр, 500 қой, Қарағанды облысы ҰҚКД­-ның 18.10.2013 ж. мұрағаттық анықтамасынан). Мүлкі күштеп тәркіленген соң, Қарағандыда тұрып жатқан оны 05.03.1933 жылы ГПУ органдары тұтқындайды және «Үштік» 15.08.1933 жылғы шешімімен 58­-бап бойынша «контрреволюциялық қызметі үшін» сотталады. Алдымен, жазасын Батыс Қазақстан облысында өтеп, содан кейін РСФСР Омбы облысына жер аударылған. Туған жеріне тек 1942 жылдың соңында ғана қайтуға рұқсат етіліпті. Ахметжан қажының ұлы Әжбаба Жүсіпов Сталинград түбінде ерлікпен қаза табады. Осыдан кейін Әжбабадай батыр ұлдың әкесі ретінде Ахметжан қажыға Кеңес үкіметі кеңдік жасаған. Сол Әжбаба Жүсіповтің ұлы – Тілеухан Жүсіпов 90 жылдық тарихы бар облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 1953 жылдан бастап корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі сынды қызметтерді атқарып, кейін 1982­-1988 жылдар аралығында Бас редактор болып қызмет еткенін атап өткен жөн.

Ахметжанның үлкен ұлы – Омархан қажы Жүсіпов (1891­ 1943 ж.ж.) тұтқындалып, Қарағанды облыстық сотының 19.12.1942 жылғы шешімімен 58­-баптың 10­-тармағы бойынша 8 жылға сотталып, жазасын «До- линкада» өтеп, 1943 жылы қайтыс болды.

Ахметжан қажының екінші ұлы – Әуезхан Жүсіпов (1893­ 1959) өз заманының зиялы қауымының көрнекті өкілі болды. Ол 1909 жылы Ақмола орыс приход мектебін бітіріп, Сәкен Сейфуллиннен бір сынып төмен оқыды. Кейін ол Ташкент қаласындағы ҚазПИ­-ді бітіріп, ШҚО, Күршім ауылындағы мектеп­-интернаттың бірінші директоры болып жұ­ мыс істейді. Сәкен Сейфуллиннің сыбайластарының бірі ретінде 1937 жылдың күзінде тұтқындалып, 10 жылға сотталған, жазасын қатал «Воркуталагта» өтеген. Әуезхан Жүсіпов 1916 жылдың қаһарлы қысын Ақмола даласындағы ұлт­азаттық қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі ретінде патша түрмесінде өткізген. Бұл туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында айтылған – «Жазушы» баспасы, 1977 ж., 326­327­беттер.

Ахметжанның інісі – Сейіл қажы Жүсіпов (1876­1966 ж.ж.) 1948­1954 жылдары Қарлагтың «Бидайық» бөлімшесінде өзінің діни қызметі үшін жазасын өтеген.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған, тар заманда зар жұтып, жазықсыз жапа шеккен Жүсіпов­ тер отбасының барлық 4 мүшесі ақталды. Бүгінде көптеген ұрпағы Қарағанды қаласында тұрады.

Міне, бір отбасы мүшелерінің өкінішті және қайғылы тағдыры осындай болды. Олар басқа да себепсіз қуғын­сүргін көрген жандар сияқты, тек білімді, рухани және материалдық жағынан бай болғаны үшін репрессия дейтін қанды қырғынның қатыгез шеңгеліне түсті. Бір әулеттің қайғы­қасіретінен сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу деген қаншама отбасының шеккен азабын, жанын жеген ащы өксігін сеземіз.

Алайда, Ахметжан қажы әулеті қандай қиындыққа тап болса да, тағдыр тауқыметін бастан кешсе де тегінен бас тартпаған, ақиқаттан жалтармаған. Олардың аңызға татырлық қилы тағдыры кейінгі ұрпаққа рух беріп, патриоттыққа тәрбиелері анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button