АймақҚарқаралы

Шежірелі өңір айнасы

Қарқаралы өңірінің шежіресін жасаушы, аудан халқының «көзі, құлағы һәм тілі» әрі сырласы, облыстағы қазақорыс тілдеріндегі үлкендікішілі газеттердің бәрінен ерте жарық көрген «Қарқаралы» газетіне бүгін 90 жыл толып отыр. Газетіміздің тарихына көз жүгіртсек, мақтанышпен айтатын әңгіме аз емес…

Газетіміздің алғашқы саны «Еңбек туы» деген атпен жарық көрді. Біраз уақыт өткен соң «Еңбек майданы» атауымен тарады. Округтік, ауданаралық газет болды. Бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты 22 болыс елдің алып жатқан территориясы ұлан-ғайыр екені белгілі. Бір шеті Павлодар, Семей облыстарымен шектессе, бір шеті Балқашқа дейін созылды. Газет Қарқаралы, Баянауыл, Абыралы, Шұбартау, Қоңырат, Шет, Ақтоғай, Балқаш, Жаңаарқа, Қу (бұрынғы Егіндібұлақ) аудандарына тараған.

Газеттің тұңғыш редакторы Жұмабай Орманбаев әуелде округтік комсомол комитетіне хатшы болып келіп, кейін осы қызметке тағайындалған. Ол кісі кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетіне ұзақ жылдар бойы редактор болды, бірнеше кітап жазды.

Оның орынбасары Медеш Оралдиев те қаламы жүйрік журналист еді. Ол «Қара бала» деген бүркеншік атпен коллективтендіру кезіндегі шолақ белсенділерді, солшыл, жеке басының пайдасын көздейтін мансапқұмарларды сынап-шенеді. Сөйтіп жүріп, сталиндік репрессияның құрбаны болып, кейін ақталды.

Газеттің алғашқы жауапты хатшысы Жүсіп Жантөрин екі тілге бірдей сауатты адам еді. Газеттегі қызметтен соң Алматыға ауысты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспасында аудармашы болып қызмет етті.

Газеттің 30-шы жылдардың орта шеніндегі редакторы Тұмыш Сарғожаев, орынбасары Мақыш Құлмағамбетов, қызметкерлер – Малгаждар Нұржанов, Қанаш және Ахметжан Тұрғанбаевтар «Еңбек майданының» оқырмандарына тұщымды дүниелер ұсына білді. Сол кездегі корректор Хасен Итбалин газетке көп еңбек сіңірді. Аудандық баспахананы баянауылдық полиграфист Григорьев, Әпсаламов, Мансұр Мәжитов, Әміре Мұсатаев басқарып, терім цехына Хафиз Салықов жетекшілік етті.

«Еңбек майданының» әр санында сол кездегі саясатқа сай коллективтендіру, бесжылдықтар, отырықшылық өмір мәселелерін қозғаған мақалалар жарық көрді. Округтік партия комитеті газетке жіті назар аударып отырды. Әсіресе, екінші хатшы Мансұр Ғатаулин еңбегі үлкен болды.

Округтер таратылып, аудан құрылған кезде «Еңбек майданы» екі бетке ауысып, аптасына екі рет шығарыла бастады. Оған Әміре Жұманов, Тойбек Әбжәлелов, Мәди Сәрсенбаев, Зәріп Қосыбаев, Айташ Омаров, Қосан Сәдуақасов, Әбікен Бақтыбаев, Мырзағұл Сәтбаев, Мақыш Құлмағанбетов, Оспанбай Орынтаев редактор болды.

Аудандық газет еңбек майданының қаһармандарын, колхоздық құрылыстың басшыларын, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын және Н.Әбдіров, М.Мамыраев, П.Теряев сынды батырлардың ерлігін елге паш етті. Сол жылдардағы қиындықтарға қарамастан мезгілімен шығып, тылдағы еңбекті жырлады.

Соғыстан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игерудегі еселі еңбектерді үздіксіз жариялап отырды. 1956 жылы газет атауы «Коммунизм таңы» болып өзгеріп, аптасына үш рет (орысшасы «Заря коммунизма») шыға бастады. Сол кезде Оспанбай Орынтаев – редактор, Рамазан Сағымбеков орынбасары болды.

1958 жылдың шілде айында редакторлыққа Шаймерден Сатыбалдин тағайындалды. Шаймерден ағамыз 15 жыл редактор болып, жемісті еңбек етті. Ол кісінің тұсында аппарат жаңа қызметкерлермен толықты. Бұрыннан қаламы төселген Оспанбай Орынтаев, Ғабдиман Игенсартов, Шаймаран Мезгілбаев және Айташ Омаровтың қатарына Дүйсенбай Төлепбергенов, Шәкіман Төлеутаев, Сапарғали Ләмбеков, Ілияс Ысқақов, Ғалым Абдуллин, Еркін Ахметов, Қырықбай Есеев тағы басқалары қосылды.

1973 жылы редакторлыққа Заманбай Игіліков, орынбасарлыққа Айыпхан Жақатаев тағайындалды. Заманбай ағамыз да 10 жылдан астам уақыт редактор болып, газеттің өсіп-өркендеуінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

1988 жылы Талды ауданы таратылып, қайтадан Қарқаралы құрамына қосылғаннан кейін «Коммунизм таңы» – «Заря коммунизма» деген атпен екі тілде шыға бастады. Сол кезден бастап газет өзін-өзі қаржыландыру тәртібіне көшірілді. Сол жылдары орыс тілінде шығатын газетке Серік Торыбаев редактор болғанын айта кетуіміз керек. Газетіміздің Қарағандыдағы полиграфиялық өндірістік бірлестік баспасында Қазақстанда ғана емес, Одақта алғашқылардың бірі болып, офсеттік басылыммен шығарыла бастады.

1991 жылдан бастап газет «Қарқаралы» деген атаумен шыға бастады. 1987 жылы белгілі журналист Нәзипа Асқарова редактор болып та ғайындалды. Ол он жылдан астам редакторлық қызметінде іскерлік ізденімпаздық, сауаттылықтың аса жоғары үлгісін көрсетті. Осы еңбегінің арқасында Қазақстан Журналистер одағының қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова атындағы сыйлығына ие болды. 1997 жылы көрші Қазыбек би ауданы жабылып, аудандық «Балқантау» газеті шығуын тоқтатқаннан кейін газетіміз бұл өңірге де кеңінен тарауда. Газетіміз құрылтайшы – аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың Президент саясатын, Үкімет шешімдерін орындаудағы жұмысын насихаттап, қалың оқырман назарына жеткізудегі міндетін қалтқысыз атқаруда. Сондайақ, газетте Қарқаралыдан шыққан атақты адамдар, ғалымдар, өнер адамдары, ақын-жазушылар туралы үнемі жазылып тұрады. «Қарқаралы» газеті жыл мерейтойларының бірдебірінен оқырманын қалыс қалдырмайды. Қаламыздың 190 жылдық мерейтойларына арналған материалдарды қарқаралылық авторлар шығармашылығы арқылы көрсеткен болсақ, Мәдидің, Тәттімбеттің, Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың, Алаш қайраткері Нығмет Нұрмақовтың атаулы күндері, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституциямыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдықтары, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді. Тұрақты авторлар арасында тарихшылар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер, тағы басқа интеллигенция өкілдері көптеп саналады. Осы орайда газетімізде бұрын қызмет істеген майталман журналист-жазушылар – Сапарғали Ләмбеков, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы, Әбікен Бақтыбаев, Заманбай Игіліков, Әбжан Омарбаев, Самат Жүнісов, Нәзипа Асқарова, Мейрам Сағымбеков, Дәурен Сүлеев, Мақсым Омарбеков, Қарлығаш Құспанова, Жолкен Тайтөлеу, Раушан Нұрша, Мақсат Омарбеков, Ардақ Қабықанов, Саян Несіп, Бекәділ Семқұлов, Лаура Оразбаева, Тимур Төлегенов, Әсем Аралова, Гүлім Жақыпханова, Эльмира Хайруллина, Құралай Тәттімбетова, Шаймұрат Оспанов туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл қаламгерлердің газетке сіңірген еңбектері ерекше. Сонымен қатар, ҚР Президенті сыйлығының иегері, белгілі қаламгер, «Орталық Қазақстан» газетінің бұрынғы Бас редакторы Мағауия Сембайдың тырнақалды мақалалары осы газетте жарияланғанын айта кетуіміз керек.

Біздің газет редакциясынан Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш лауреаты шықты. Олар – Мақсым Омарбеков, Сапарғали Ләмбеков, Нәзипа Асқарова. Осы орайда бұрын баспаханада, редакцияда түрлі техникалық жұмыстар істеген Нұрғайша Камерленова, Әнтай Аймағанбетова, Гүлназия Айтбаева, Алма Абдуллина, Рахима Жүнісова, Оркен Бейсекина, Алма Камерленова, Рымкеш Хамитова, Рая Омарова, Марал Жарылғасымова Сағира Базылова, Дариға Аманжолова, Ақыбай Жақсылықова, Күлкен Әбәханова, Назкен Хасенова, Сәтбек Ахметов, Тұрсын Нұрсейітова, Анна Губчук, Нина Забродина, Қазыхан Оралбаев сияқты аға-апаларымыздың аты-жөндерін атай кетуіміз керек.

Кейінгі жиырма шақты жылдың көлемінде редакцияда көптеген өзгерістер болды. 2001 жылы аудан басшылығының көмегімен редакцияға ризограф аппараты сатып алынып, үш жыл бойы газет редакцияның өзінде басылды. Бұл күндері редакцияның материалдық-техникалық жағдайы жақсарған. Толық компьютерлік жүйеге көшірілген. Электронды пошта арқылы Қарағанды қаласындағы «Арко» баспаханасында басылуда. Газет тиражы өсті.

Осы мерзім аралығында редакция қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды. «Тасқа түскен тарихы» 90 жылдық ғұмырды қамтитын газетіміздің 1930 жылдың 7 қарашасынан бері 12 мыңға жуық саны жарық көрген екен. «Қарқаралы» газетінде қызмет жасаған қаламгерлер – Ғ.Игенсартов, С.Ләмбекұлы, Ә.Бақтыбаев, М.Омарбекұлы, С.Ақсұңқарұлының 30-дан аса кітаптары жарық көрді. Соңғы жылдары газет редакторы – осы жолдардың авторы, журналистер – А.Кизкин, С.Әбілова, Б.Мұқашева, газеттің бұрынғы қызметкерлері – М.Омарбекұлы, А.Қабыханов, Ш.Оспанға облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы берілді.

Редакцияның бір топ қызметкері облыс, аудан әкімдерінің марапаттарымен марапатталды. Шежірелі өлкенің тарихы мен тағдырын, халықтың үнін, оның тыныс-тіршілігін жеткізе жазып, қалам тербеп, газеттің жарық көруіне айтулы үлес қосып келе жатқан редакция ұжымындағы қызметкерлер – Диана Түсіпбекова, Ләйлә Сыздық, тілшілер – Дулат Жүнісбекұлы, Бану Мұқашева, Аян Кизкин, Сағыныш Әбілова, Данияр Ыдырысов, есепші Гүлмира Ералина, Қымбат Байбосынова сияқты қызметкерлерімізді атап айта аламыз.

Міне, апта сайын оқырманымен қауышып келе жатқан «Қарқаралы» газетінің қысқаша өмірдерегі осындай. Өлкенің бар асылын бойына жиған, киелі мекеннің баурайынан шығып, оның бетіндегі қаймағы мен бал шырынындай тіршілік тынысынан сүзілген құнды деректер мен өзекті мақалаларын жария етіп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола бермек.

Рымбек СМАҒҰЛОВ,

«Қарқаралы» газетінің Бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 

Басқа материалдар

Back to top button