Тағзым

Сағыныш сазы (естелік эссе)

Қаңтар айының аяғына таман ару Алматыға жолым түсті. Жастық шағымның куәсі әсем Алматыны ерекше сүйемін. Биылғы Қаңтар қасіретінен кейінгі Алматының Тәуелсіздік алаңының ұсқынсыз қираған, от-жалынға оранған түрін көріп, жаным ауырып, жүрегім езілгенін несіне жасырайын. Еңсем түсіп, Алматымды осыншама ойрандағандарға ішкі ызамен қарғысымды айтып, терең жазылмас өкінішпен жүрегім алай-дүлей болып, орталық көшемен төмен қарай теміржол вокзалына тарттым. Жолда теміржол кассасы кездесе кетіп, кешкі поездардың біріне Қарағандыға билет алып, әлі уақытымның көп екенін есептеп, студент шағымда ең жақсы көретін демалыс орным Абай атындағы опера және балет театрының жанындағы саябаққа барып демалуды ұйғардым.

 

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында студент жастардың көп жиналатын, қыдыратын жері осы болатын. Жастар театры, консерватория, гүлдер саябағы, бас почта, ҚазМУ бәрі сол маңда орналасқан. Әсіресе, орталық алаңдағы Үкімет үйі алдындағы «Аққу» кафесі жастардың ең сүйікті жері еді. Жастығымның куәсі болған әсем жерлерін еске түсіріп, сағыныш симфониясы кеудемді кернеп келе жатсам, бұрын-соңды мен білмеген, көрмеген мұражайға тап болдым. Қызығушылығым оянып, ішіне кірдім. Кіргеніме қуандым. Іші де әдемі, ойыңды қозғар мазмұны да терең, жәдігерлер де ғажап. Әсіресе, қызметкерлердің ой-өрісі кең, сөйлеу мәнері мен құрметтеу мәдениеті өте жоғары екендігі қуантты. Мұражайларға тек шаңын сүртіп бағып, қадағалап тұратын күзетшілер емес, ұлттық салт-дәстүрдің тарихын жетік білетін, сөзге шешен білімді қызметкерлердің болғанын осы мұражайдан көріп қанаттанып қалдым.
Мұражайдағы ұлттық аспаптарды көріп, қай жылы кім ұстаған аспап екенін танысып жүріп, арасынан қазақтың қасиетті қара домбырасына көзім түскенде санам тоқ соққандай дір етіп, көзім жасқа толып, бұлдырап кетті. Анықтап қарасам қателеспеппін: «Сол, иә сол домбыра» деп көкейіме өксік келіп, кемсеңдеп кеттім. Бір жағықайта көргеніме, екіншіден, жетімсіреген жүрегімдегі сағыныштан тебіреніп кеттім. Иә, бұл Арқаның аяулы азаматы, дәстүрлі әншілердің дүлдүлі, қазақтың Біржан, Ақан, Мәди, Жүсіпбек, Манарбектердің сарқыты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбековтің өнер жолында өмірлік серігі болған шешен домбырасы еді. Былтыр жыл аяғында Арқа өңірінің өнері мен мәдениетінің үлкен жанашыры, қолдаушы-қамқоршысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арқа өнері мен мәдениетінің Ұлпаны атанған (Ә.Сығай) Рымбала Омарбекова мен Мейірханның ұлы Алданыш екеуінің Алматыға әдейі барып, мұражайға Мәкеңнің домбырасын тапсырғанын «Ortalyq Qazaqstan» газетінен оқығанмын. Енді, міне, кезінде жан серігі болған домбырасы иесін жоқтаған сәйгүліктей мұңайып, жалғызсырап тұр. «Біссіміллә» деп бетін сипап, шегін саусағым- мен шертіп едім «шұрқырай кісінеп қоя берді», тек қосыла шырқай жөнелетін Мәкеңнің жүректен шығып, тыңдаушысының жүрегіне жететін қоңыр дауысы жоқ. Домбыраның күмбірлеген үнімен құлағыма Мейірхан бауырымның «Ауылды сағындым ғой, бауырды сағындым ғой» дегендей сағынышты үні құлағымнан ызыңдап кетпей қойды.

Ия, ерекше үн, ешкімге ұқсамайтын жүрек тебірентерлік дауыс еді ғой. Тыңдаған сайын тыңдай бергің келетін ғажап, шебер әнші еді-ау, Мейірхан! Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында ұлы жазушы М.Әуезов өмірден өткенде замандасы сөз зергері, академик жазушымыз Ғ.Мүсірепов: «Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген сөз барын білесің. Бірақ, бұл сөз саған келмейді, сенің орның қазақ әдебиетінде мәңгі үңірейіп тұрады» деп қоштасыпты. Бірін-бірі құрметтей, бағалай білген аталарымыз қандай аталы сөзбен аспандатып, ұрпағына мәңгілік сыйластық пен кең жүректі парасаттылықтың үлгісін көрсетіп кетті. Бүгінгі таңда кім көп, дәстүрлі әнші көп. Н.Тілендиевтің «Сағындым-ау» әнін орындамайтын әнші жоқтың қасы. Қанша тыңдасам да, кімді тыңдасам да, домбырамен, эстрадамен болсын Мейірханның әніне жеткізе алмай, мейірім қанбай тұрады. Шынында да, Ғабаң айтқандай, Мейірханның орындаған көптеген әндері кім орындаса да «үңірейіп тұрады». Құлағымнан Мәкеңнің үні кетпей сағыныш сазы бебеу қағып, мазам кетіп, мұражай қызметкерлерімен қоштасып, көшеге шықтым.
Көз алдымнан Мейірханның көркем бейнесі, жымиған күлкісі, «Ассалаумағалейкүм» деп сыздықтата қос қолдап, еркелей созған аялы алақаны, сүйкімді қалжыңы, әсіресе, парасаттылықтың биік тұғырындағы ақыл-ойы мен адамгершілік мол қасиеті мен кішіпейілділігі кетпей қойды.
Алматының көше шуылымен жарыса, ерекше екпінмен әуелеген Мейірханның әні бүкіл денемді баурап алды. Дана халқымыз: «Жақсы адам тіршілігінде табындырып, өлген соң сағындырып өтеді» демеп пе еді?.. Тіршілікте сыйласып өткен аяулы бауырым, өнерлі інімді сағынғаннан шығар, «сағым аралындағы» бейнесі кездесіп қалатындай елең етіп, алаңдай қараймын. Табанынан таусылып жүріп Тәттімбет атындағы өнер колледжіне ғимарат алып берген Мейірхан Адамбековке музыка мектептерінің бірінің атын берсе, өнер колледжінің маңдайшасына ескерткіш тақта орнатса, дәстүрлі ән өнерін әуелетіп өткен дарабоз әншіге деген құрмет бұрынғыдан да ардақталып, өскелең жас ұрпақтың өнерге құштарлығын арттырып, мәңгілік есте қалары сөзсіз.
Жылтыраған жылтырауықтар көп, ал нағыз гауһарлар өте сирек. Ән салғанның бәрі Мейірхан емес. Мейірхан көп әншінің бірі емес, биік тұғырдың шыңындағы бірегей тұлғасы. Әміре, Әсет, Жүсіпбек, Манарбек, Қайрат, Жәнібек… Мейірхан сынды қазанаттарға тай бәйгесінен оза шауып, Ұлы Даланы дүбірлетіп, алдыңғы толқын ағаларының қарасынан қалмай сәйгүлігін сол топқа бұрып екпіндей ілесіп жақындап келе жатқан өзінің шәкірттері Сержан мен Дәуренбек те шабысынан жаңылмай, қайта үдетіп, көсіліп келеді. Қарағандының талантты әнші жастарын дәстүрлі әншілікке баулып жүрген өзінің жан досы Жақсыгелді Кемалов бас болып, Мейірхан бастаған істі әрмен қарай жалғастырып жүр. Арқаның дәстүрлі ән өнері аспан көгінде биіктеп барады.Аспанмен астасқан Алатаудың биік шыңына бұлттармен жарыса Мейірханның «Сағындым-ау» әні қалықтап бара жатыр. Көшкен бұлттар да әсем әнмен тербелгендей өздерімен бірге ән құшағына оранып, «Көктемді сағындым ғой» деп күн шуағын төккен ару Алматыға тездете көктемнің көркем көріністерінің келуін аңсап биіктеп барады.Біз де сені, сенің әніңді сағындық! Елің барда сен ұмытылмайсың. Өйткені, қазақ радиосының алтын қорындағы, үнтаспалардағы сенің қоңыр дауысың жүрегімізді тебірентіп, үнің құлағымыздан кетпейді. Сағынған сайын әлсін-әлсін тыңдап, сыздаған жүректің мұңын әніңмен басамыз.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Басқа материалдар

Back to top button