Жаңалықтар

“Қыс шанаңды жаз сайла”

Жақын уақытта төрт түлікті жем­шөппен қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Сонымен қатар, субсидия мәселесі де шешімін табуы керек. Жол жөндеу жұмыстары да маңызды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды.ЖЕМ-ШӨП ДАЙЫНДАУ НАУҚАНЫНА ӘЗІРЛІК ҚЫЗУ

– Облыс бойынша мал шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрады. Ет өндірісі – 2,4 пайызға, сүт өнімі 3,6 пайызға өсті. Ал, жұмыртқа өндірісі 4,9 пайызға төмендеді. Бұл – «Құрма» агрофирмасында құс саны азайғанымен байланысты болып отыр. Облыста төрт түлік саны артып келеді. Сиыр – 3,3 %-ға, жылқы – 14,3%-ға, қой-ешкі – 4,1%-ға, шошқа – 0,4%-ға, құс 3,8 пайызға көбейді. Өнім өндірісінің көлемі артуы өз төлі есебінен ұлғайтумен қатар өнімділігін арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді. 2021 жылы облыс бойынша 2860 сиыр және 7 967 қой сатып алынды. Асыл тұқымды ірі қара мал үлесі 7,5 %-ға, қой 5,9 пайызға өсті. Айта кету керек, биыл «Бәйтерек» АҚ- ның қаржы институттары арқылы 438 ірі қара және 664 бас жылқы сатып алуға 489 млн. теңге несие берілді.

Мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базасын құру қажет. Жем- шөп дақылдарының егіс алқаптары ұлғаюда. Биыл 81,5 мың гектар жерге көпжылдық және біржылдық шөптер егіледі, бұл өткен жылға қарағанда 9 мың гектарға артық, сондай-ақ жемдік дақылдар егісі де артып келеді, – деді облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.

Қазір фермерлер жем-шөп әзірлеу үшін техника дайындап жатыр. Басқарма басшысының ақпараты бойынша, биыл 30 мыңға жуық машина мен агрегат іске қосылады. Қысқы малды азықпен қамтамасыз ету үшін 203 млн. тонна шөп 480 мың тонна жем және 85 мың тонна пішен қажет.

Асқар Санаубаров мал шаруашылығы өнімдерінің өсу көрсеткіші Нұра, Ақтоғай, Ұлытау аудандарында жоғары болса, жыл басынан бері Абай және Бұқар жырау аудандарында төмендеп кеткендігін атап өтті.

– 2025 жылға дейін мал шаруашылығы саласында 69 млрд. теңгеге 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 2021 жылы облыста мал шаруашылығы саласында екі жоба іске асты: «Құрма» агрофирмасының құс фабрикасы жаңғыртылды және асыл тұқымды репродуктор салынды. Ал, биылғы жылы 175 жұмыс орнын құрумен 4,5 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жоба жоспарланған болатын, оның екеуі іске қосылды. Шет ауданында жаңа сүт-тауар фермасы және Бұқар жырау ауданында құс фабрикасы салынды, – деді Асқар Даукенұлы.

Облыста мал шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға қолдау көрсетілмек. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жауапты мекемелерге субсидия мәселесін шешуді тапсырды.

– Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің тұрақты өсуі байқалады. Бұған мемлекеттік қолдау, оның ішінде субсидиялар түріндегі қолдау ықпал етеді. Біз мал шаруашылығын дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдалануға тиіспіз. Жем-шөп дайындау науқанына уақытылы дайындалу керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы қаржы басқармасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы малдары үшін жем-шөп шығындарын субсидиялауға қаражат бөлу мәселесін қарастырғаны жөн, – деді Жеңіс Қасымбек.

ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ БАСТАЛДЫ

Жиында жол мәселесі де айтылды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов:

– Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл өңірде 1400 шақырым жолды жөндеу қарастырылып отыр. Облыстық маңызы бар 464 шақырым болатын 29 нысан қамтылады. Оның ішінде ұзындығы 130 шақырым 7 жол учаскесі қайта жаңартылады. Облысымыздың барлық ауданында ұзындығы 313 шақырымды құрайтын 20 жол учаскесі орта жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оның ішінде 12-сі 2021 жылдан ауысқан болса, ал 8-і жаңа жоба. Жартас – Долинка, Новодолинка – Шахан – Молодецкое, Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс, Қаражал – Атасу жолдарындағы учаскелерді қайта жаңарту жалғасуда. Осакаровка – Молодежное, Нұра – Шахтер жолдарын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда.

Жол жөндеушілер Нұра – Осакаровка автожолының учаскесін қайта жаңартуға кіріседі. Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне кіреберіс жолдың құрылысы басталады.

Қарағандыда К.Маркс және Магнитогорск көшелеріне, 7-ші магистральға күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол биыл аяқталады. Жол жұмыстарына осы маусымда 4 мыңға жуық арнайы техника мен 5 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылады, – деді.

Республикалық жолдар туралы «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Сырым Хамзин айтып берді. Биылғы жылы қайта құру жұмыстарымен ұзындығы 504 шақырымды құрайтын 11 учаске қамтылатын болады, ұзындығы 167 шақырымдық 8 учаскеде орташа жөндеу көз- делген.

Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы, Жезқазған – Қарағанды жолдарын қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленуде.

– Облыстық және республикалық жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Материалдармен уақытылы қамтамасыз ету және олардың сапасын бақылау қажет. Кестеден қалыс қалуға жол бермей, барлық белгіленген жоспарлар мерзімінде іске асырылуы тиіс, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button