Жаңалықтар

Өшкен жанған күн

Бұдан 75 жыл бұрын, «күркіреген күндей өткен соғыстың» ақиқаты толық ашылған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінде сол дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Аманжол Бұхарбаевқа – 75, Алшынбай Тасболатовқа тағайындалған орденнің куәлігі 78 жылдан кейін ұрпақтарына табысталуы соның бір айғағы.

Қарқаралы ауданы Бесоба селолық округінің Қызылту ауылында туған Аманжол Құсайынұлы 1942 жылы арнайы броны болса да өз еркімен соғысқа аттанады. Ол оған дейін, 1934-36 жылдары Алматы тау-кен техникумында оқыды. 19371940 жылдары Қарағанды қалалық сауда бөлімінің меңгерушісі және қалалық кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне сайланады. «Қарағанды пролетариаты» газетінде сектор меңгерушісі, Қарағанды қаласында №19 мектеп директоры, Егіндібұлақ ауданы (ол уақытта Қу ауданы) оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған еді. 1942 жылдың қазан айынан бастап соғысқа Оңтүстік майдан әскері қатарында кіреді. 1945 жылдың 5 наурызында танк командирі Аманжол Құсайынұлы 54 фашисті жер жастандырып, жаудың 4 пулемет нүктесін, сондайақ, өздігінен жүретін артиллериялық техникасын жойып жібереді. Экипажымен қоса танкінің ішінде отқа оранады. Жау бекінісін бұзып кірген батыр жауға берілмейді. Ерлік ұмытылмайды. Ресейдің Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық мұрағатта сақталған құжаттар туралы жазған «Память народа» сайтынан Аманжол Бұхарбаевтың 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталғаны белгілі болды. 1945 жылдың 31 наурызындағы №02/Н бұйрықта ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді марапаттау туралы айтылыпты. Осыншама фашисті жер жастандырып, ұрыс алаңында жанып кеткен Т-34 танкісіндегі 4 жауынгерге: танк командирі, лейтенант Аманжол Бұхарбаевқа І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, кіші сержант Антон Асеев, аға сержант Иван Коваленко, кіші сержант Николай Кондрашинге ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені берілгендігі туралы айтылады. Марапаттау құжатына Қызыл Тулы, Богдан Хмельницкий, Кутузов орденді № 25 ерекше Умань танк полкінің командирі, подполковник Антонов қол қойған.

Ал, 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген Алшынбай Тасболатұлы 1939 жылы әскер қатарына алынады. 1942 жылы Ленинград түбіндегі шайқастағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған Ленинград майданының бөлімше командирі Борисовтың жазбасында: «Тасболатов Алшынбай взводымен үлкен батылдық көрсетіп, жаудың миномет батареясына шабуыл жасады. Шайқаста ол ауыр жараланды, бірақ ұрыс алаңын тастамай, шабуылды әрі қарай басқарып өз бөлімшесімен бірге белгіленген жерге жетіп, қорғанысқа бекініп алды. Ол осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталуға лайық» делінген.

Арада жылдар салып жеткен орден куәлігін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мұхтар Қайшатаев салтанатты түрде Отан үшін жан қиған батырлардың ұрпақтарына табыстады. Нәйла Аманжолқызы әкесіне деген сағынышын жеткізсе, Алшынбай Тасболатұлының қызы Зубайра Мамлина әкесінің ерлігін паш еткен куәлікті қолына ұстап отырып:

– Әкем сол соғысқа кеткеннен оралмады. Туған жердің бір уыс топырағын апарып салу арман еді. Бірақ, әкеміздің жатқан жері әлі күнге дейін белгісіз. Бүгін – біз үшін өшкеніміз жанған күн болды, – деді.

Әдебиет Белгібайұлы.

Басқа материалдар

Back to top button