Жаңалықтар

Сөзден іске көшер сәт

5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президент бейнеүндеуінде айтты.

Қоғам Жаңа Қазақстанды құруға кірісті. Саяси жүйені тамырынан өзгерту қолға алынды. Демократиялық қоғам құру – басты бағыт. Әрбір азамат мемлекетті басқару ісіне араласуы қажет. Президент Жолдауында осы мәселені ашық айтып, конституциялық реформа туралы мәлімдеді. Міне, сөзден іске көшер кез де келді.

Президент тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Топқа белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді.

   «Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата Заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ата Заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ал, бұл өзгерісті халық дауысына салу арқылы енгізу – әділетті қоғам құрудың алғышарты екені айдан анық.

Соңғы референдум 27 жыл бұрын өткен-ді. Ал, кейінгі конституциялық реформалардың барлығы Парламенттің мақұлдауымен күшіне енді.

«Негізінде, бұл – заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ, дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек», – деді бұл турасында Президент.

Референдум еліміздің келешегін айқындайтыны белгілі. Ата Заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер мемлекетті басқару моделін толыққанды өзгертеді. Яғни, біз «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тартамыз. Оның орнын ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика үлгісі басуы қажет.

Жаңа реформа биліктің өкілді тармақтарын күшейтеді. Мұнда мәслихаттардың ролі күшеймек. Президент айтып өткендей, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Аталған өзгеріс сайлаушы-лардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.

Ал, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлауда мажоритарлық жүйе қолданылады. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындар өңірлердің тыныс-тіршілігіне айтарлықтай ықпал ете алуы көзделген.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда Президент барлық партиялар мен саяси күштерден дербес болады. Тіпті, Мемлекет басшысының туыстары саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқара алмайды.

Бейнеүндеуде құқық қорғау саласындағы өзгерістер туралы да айтылды.

«Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен, 5 маусымда конституциялық реформа бойынша референдум өтеді. Екінші Республиканы құру – біздің қолымызда. Келешегімізге бейқам қарайтын кез өтті.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button