Бас тақырып

АЙТЫЛМАҒАН АҚИҚАТ немесе әлі хабар жоқтар бар…

Сұм соғыстың ашылмаған ақтандағы әлі жетерлік. Мыңдаған қара қағаз елге ағылды. Дегенмен, арасында іс-түзсіз кетті деген хаттар да болды. Кейін, туған жеріне оралғандар болғанымен, әлі күнге дейін хабар жоқтар да бар. Иә, айтпағымыз ІІ дүниежүзілік соғыстан оралмағандар туралы болмақ.

– Әкем, соғысқа кетіп, із-түзсіз кеткен атамыз туралы тірі кезінде ешбір дерек айтпады. Неге екенін осы күнге дейін білмедік. Жақында, әкеміз жасырған жайттың ақиқатына жеткендей болдық. Қолымызға дерек түсті.

– Не дерек?

– Сөйтсек, атамыз соғыста айып батальонында болып, 1944 жылы қайтыс болған екен. Оны біз «Форум пойсковых движений» сайтынан таптық. Онда атамыздың қай жерден шақырылғаны, әскери қызмет атқарған жері, қаза тапқан уақыты да көрсетілген.

– Жақсы жаңалық қой!

– Солай ғой. Бірақ, әкеміз бұны көрмей кетті. Сонымен қатар, Молдавия жерінде айып батальонында болды деген сөз де бар…

Бұл, танысымның айтқаны, не қуанарын не жыларын білмейді. Дегенмен, сол сайттағы жазбада 29 жауынгердің бауырластар зиратында жатқаны жазылған. Молдавиядағы соғысты зерттеген жазушы В.Перстневтің «Қырық төрттің ыстық жазы» атты кітабында «Бүгінгі тарихты қайта жазып жатқан кейбір зерттеушілер мен жазушылар айтқандай, айып ротасы қылмыскерлер мен «саяси қылмыскерлерден» емес, әскери трибуналда сотталған қатардағы жауынгерлер мен сержанттардан құралған» делінген. Яғни, соғыс жағдайында ауыр қылмыс жасағандар бірден атылса, тәртіп бұзғандар осындай айып ротасында болған. «Негізінде айып батальонында ұстау үш айдан аспаған. Шайқаста жарақат алу немесе өлім бірден кінәні өтеу болып саналды. Ал, ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін олар жазалау батальонынан мерзімінен бұрын босатылды» деген зерттеуші жазбасында. Олай болса, танысымның қаза тапқан атасының айыбы сол күні жуылды емес пе? Осыны айтып едім, «Нақты дерек бар, соған қуаныштымыз. Тек, әкемнің де атамның да аруағы тыныш болсын. Аты-жөндерін бермей-ақ қойшы» дегені. Сонымен тоқтадық… Ал, келесі оқиға да алдында айтылғанмен ұқсас. Редакцияға Қарқаралы ауданы Нұркен ауылының тумасы Әсет Ақынов ағамыз хабарласып: «Әкемнің туған бауыры Мұғиын туралы дерек іздедік. Ол кісі соғысқа 1942 жылы шақырылып, кейін із-түзсіз жоғалды деген хабар ғана келген екен», – деді.

Хабарласқанына да себеп бар екен. Ақынов Мұғиын туралы «Бессмертный полк» сайтынан дәйек табылған. Онда «Ақынов Мугаил 1899 жылы Қарқаралы ауданы, Жарлы ауылында туған. 1942 жылдың тамыздың 8-і Қарқаралы аудандық әскери комиссарияты әскерге шақырған. 05.08.1944 жылы Латвия елінің Ескене деревнясында жерленген» деп жазылған… Әсеттің әкесі Мүттахи соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, елге оралады. Ал, Мүттахидың бауыры Мұғиын да әскерге шақырылып, із-түзсіз кетеді. Қара қағаз келмегеннен кейін жары Күнбала Ләмбекқызы ошақтың отын өшірмей, ұлдары Әбушахманды өзі жалғыз өсіріп, жеткізеді. Жоғарыда жазылғандай Мұғиын есімі Мугаил болып кеткен екен. Содан да болар 80 жылдан кейін ғана жауынгердің қаза тапқан жерінің белгілі болып отырғаны…

Иә, тарих Қарағанды аймағынан 1941-1945 жылдары Отан қорғауға 60 мыңға жуық азаматтың аттанғанын дәлелдеп отыр. Олардың арасынан 18 мыңдай боздақ туған топырағына оралмай, майдан даласында, елден жырақта өшпес ерліктің үлгісін танытып, қаза тапты. Әлі де айтылмаған ақиқат, ашылмаған деректер қаншама…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.  

Басқа материалдар

Back to top button