Covid-19Коронавирус

Коронавирус құрыған жоқ

Коронавирусты ұмыттық. «Күнделікті анықталып жатқан жиырма шақты жағдай есепке алынбайды» деп, емін-еркін тойға барып, ауызашарға шақырып жүрміз. Әлемде пандемия дүбірі қайта басталып жатқанын естіп, біліп жүрсек те, әзірге бейқамбыз.

Супермаркеттерде күзетшілердің ескертуінен кейін ғана тағатын бетперделер қазір мүлде тағылмайды. Себебі, оны біздің денсаулығымызға «жауапты» Денсаулық сақтау министрлігі алып тастаған. Алайда, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда жағдай жақсарғанына қарамастан, әлемде эпидемиологиялық ахуал әлі күнге тұрақсыз екенін алға тартады. Ол «Елде пандемияның жаңа толқыны басталып-басталмауы әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты», – дейді.

– Қазір Қытайда «омикрон» штамын жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Еуропаның кейбір елдерінде көбеюде. Елде бәрі тыныш, сол себепті біз шектеу шараларын алып тастадық. Бірақ, шекарада бақылау бар. Елге кіргендердің бәрін тексереміз. Вакцинация мен теріс нәтижелі ПТР-тест міндетті. Сырттан коронавирус штамдары еніп, ауру таралмаса, елде қазір эпидемиологиялық ахуал оптимистік сценариймен келеді. Сонда да адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағуға кеңес береміз, – деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтып отырғаны – Шанхайдағы локдаун. 24,9 млн. халқы бар мегаполис 28 наурыздан бері жабық. Оның себебі – таралып жатқан коронавирус. Өткен жексенбі күні Қытайда коронавирус жұқтырған 27 595 адам тіркелді. Бұл – бір тәуліктегі рекордтық көрсеткіш. Қатаң шараларсыз миллиардтаған халыққа вирус енсе, ие бола алмай қалатынын біледі Қытай билігі. Халық та сол тәртіп пен талапқа көнді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болжағандай, коронавирус біржолата жоғалып кеткен жоқ. Жаңа түрлері пайда болып жатыр. Әлемдегі омикронның әдеттегі нұсқасының орнын оның Стелс-Омикрон немесе BA2 деп аталатын субварианты басуда. Соңғы күндері Үндістаннан коронавирустың жаңа ХЕ деген штамының анықталғаны туралы да ақпарат тарауда. Індеттің жаңа түрлері көбейгенімен оның емі – вакцинация мен ревакцинация, қарапайым гигиена амалдары болып қала береді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button