Біздің энциклопедист
Көмірлі Қарағанды өндірісімен ғана емес, өзінің қарымды қаламгерлерімен де әйгілі. Көпшілігі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған немесе қаламын шыңдаған. Солардың бірі – өмірінің отыз жылдан астамын осы газетке арнаған Аман Жағдаұлы ЖАНҒОЖИН.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы. Мен ол кезде Қарағанды телерадио комитетінде редактор, аға редактор болып істеп жүрген кезім. Қашанғы әдетіммен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінен қол үзген жоқпын. Жазған хабарларым мен мақалаларымды үнемі жіберіп тұрдым. Оларым үзбей шығып жатады. Сонда барған кездерде газеттегі өзім қатарлы Әбусаттар Тұрғанбеков, Еркін Лұқпанов және Аман Жанғожинмен жақсы таныс болып, араласып кеттік. Кейін Мағауия Сембай мен Дүйсенбек Ысқақов, Бикен Мұсабекова мен Баян Бұлғақбаева келді.
Аман Жанғожин – ортамыздағы жасы үлкеніміз. Бірақ, ол үлкенмін деп тұрмайды, бәрімізбен араласып кетеді. Мен телестудиядағы жастар редакциясының аға редакторы болып жүргенімде Аманға тапсырма беріп, қазіргі Әлия Молдағұлова атындағы спорттық бағыттағы мектеп-интернат-колледжден (ол кезде №3 спорт мектеп-интернаты) тікелей эфирде хабар ұйымдастырғанымыз да бар. Сол хабардың жүргізушісі Әужекең болып еді. Хабар өткеннен кейін студиядағы арнайы лездемеде хабарымыз жақсы жағынан аталып өтілді.
Мен 1980 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне тілші болып ауыстым. Оған жоғарыда аттары аталған жігіттер себепші болды.
Мені құрылыс және ауыр индустрия бөліміне тілші етіп жіберді. Ол бөлімде Аман Жанғожин меңгеруші екенін білемін. Сол 5 мамыр күні қызметке қуана кірістім. Ол кезде 5 мамыр – Баспасөз күні болып аталып өтілетін.
Міне, сол күннен бастап Әужекеңмен қарым-қатынасымыз ажыраған жоқ. Әужекеңнің тағы бір ерекше қасиеті – қандай мәселе туралы сұрасаң да нақты жауап аласың. Егер, өзі білмей жатса, оны қайдан табуға болатындығын, қайдан іздестіру қажеттігін айтып жібереді. Бұл оның зердесінің, есте сақтау қабілетінің мықтылығын көрсетеді. Сондықтан да, кейде әлдебір деректі анықтау керек болса, Әужекеңе хабарласып отырамын. Ол болса, қашанғы елпілдеген әдетімен тиісті жауабын беріп жатады.
Зерде туралы айтқанда Әужекеңнің шахматты жақсы ойнайтындығын атап өтуіміз керек. Ол редакциядағы өзара шахмат турнирінде үнемі жеңіп шығатын. Өйткені, ол – шахматтан спорт шеберлігіне кандидат. Әлі күнге дейін облыстың шахмат турнирлеріне қатысып, оның ұйымдастырылуына атсалысып жүреді. Шахмат өнері есте сақтау қабілетін жетілдіре түсуге ерекше әсер ететіндігі белгілі.
Ол қандай тақырыпқа қалам сілте се де тереңнен қозғап, оның мазмұнды болып шығуына ерекше көңіл бөледі. Әужекең қаламгерлікті редакцияның спорт бөлімінің тілшісі болып бастаған. Сол кезде жазған спорттық хабарлары мен репортаждарын әлі күнге дейін ұмытқан жоқпыз. Жетпісінші жылдардың соңын ала Қарағандыда ауыр атлетикадан СССР чемпионаты өткен болатын. Әлемдегі ең мықты ауыр атлеттер, оның ішінде, Жаботинский мен Алексеевтің көмірлі қаламызға келіп, «Октябрьский» спорт сарайында (қазір «Ақжолтай») өнер көрсеткені сол жолы. Сонда Аман Жанғожиннің сол сарайдан берген репортаждарын рахаттана оқығанбыз.
Әужекең Қарағанды политехникалық институтын бітіргендіктен өнеркәсіп, көмір өндірісі саласын өте жақсы білді. Әужекең, Мағауия Сембай үшеуіміз Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы шахтаға түсіп, жер астындағы өмірді де көзімізбен көргеніміз бар. Соны да Әужекең ұйымдастырып, бес-алты журналист түспек болғанбыз. Бірақ, шахтаға келгенде үшеуіміз ғана суырылып шықтық.
Біздің «Энциклопедист Әужекең» деп атайтын себебіміз – «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясының алғашқы және кейінгі басылымдарын шығарушылар тобының мүшесі болды. «Боздақтар» зерде кітабын шығаруға қатысты. Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына орай екі томдық жарық көргенде оның құрастырушыларының және редакторларының бірі болды. Мұндай басылымдарды шығаруға қатысу жоғары жауапкершілікті талап етеді. Әужекеңнің өзі де энциклопедиялық білімді, зерделі болғандықтан әрқашан сондай талап деңгейінен шыға біледі.
Сөз соңында Әужекеңнің әлі де бергенінен берері көп екендігін айта отырып, оған зор денсаулық, еңбегіне жеміс тілейміз.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері.