Руханият

Маралдың мәңгілік мұрасы

Қазақ көсемсөзінің көшелі тұлғасы, белгілі аудармашы Марал ХАСЕН ағамның жетітомдық шығармалар жинағының қолыма түскеніне аттай шауып бір жыл өте шығыпты. Қаламгердің аяулы жары, асыл мұраларының шырақшысы Рымбала шешейдің қолынан алып тұрып: «Жинақ туралы пікірді өзім жазамын», – деп уәде бергенімді несіне жасырайын?! Кешіктірдім, білем. Алғашқы томын жастана жатып оқыған сәтте ғана мойныма ауыр міндет алып, беліме батпандай жүк байлап алғанымды сезіндім. Өйткені, Марал ағаның асыл мұрасы жай ғана парақтап шығар осал дүние емес еді. Қалай болғанда да, «Уәде – Құдай сөзі», тәуекел етуге тура келді. Әдебиет сыншысы болсам, қане? Кәсіби сыншының өзін «сындырып» жіберетін күрделі дүние жатыр – алдымда. Күрделі болатын себебі – жанр алуандығы. Публицистикалық мақалалары, сұхбаттар, аудармалар, орыс тілінде жазылған немесе қазақ тілінен орыс тіліне аударған шығармалар, ұлттық журналистиканың жансақтау бөлімінде жатқан очерк, фельетон сынды жанрлары, сатиралық әңгімелер, саяси шолулар… Осының барлығы – аманат. Ал, аманатқа қиянат жүрмейді.

ӘУЕЛГІ ӘСЕР

Сонымен, алдымда – жетітомдық таңдамалы. Әр томның мұқабасы әртүрлі түспен безендірілген екен. Кемпірқосақтың шұғыласы. Таңдалған түстер де – кемпірқосақ доғаларының ғажайып түсі. Қызыл, сарғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін. Аспан әлемін зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, жаңбырдан кейінгі кемпірқосақ бояуының қанықтығы – жауын тамшыларының үлкен-кішілігіне байланысты. Мәселен, тамшы неғұрлым үлкен болса, кемпірқосақ жердегі пенделерге соғұрлым қанық көрінеді. Бұл құбылыс тікелей түскен күн сәулесінің жаңбыр тамшыларынан өткенде сынып, құрамдас бөліктерге бөліну және тамшы бетіндегі ғажайып сәулелермен шағылу арқылы пайда болады деген ғылыми тұжырым да бар. Мен кітап мұқабаларының әр түспен берілуінің ғажап таңдау болғанына бас шайқап отырып, Марал Хасен әлемінің де құбылыс екендігіне көз жеткізе түстім. Кемпірқосақтың айқындығы жаңбыр тамшыларының үлкендігіне қатысты болса, дәл осы таңдамалыға енген қаламгер туындыларының да кесек дүние екендігін аңғардым. Әр томның ішкі бояуы да қанық, өйткені. Том сайын түрлене түсетін жауһар дүниелер! Жүрегіме жаңбыр тамшыларын жарып өтіп, жер-жаһанды нұрға малындырған құдіретті сәуле құйыла бастады. Жауыннан кейін жеті қат көкте жеті түрлі бояуға қаныққан кемпірқосақ көрінген сәтті есіңізге алып көріңізші. Жұпар аңқыған дала. Көбесі сөгілген бұлт атаулы тым-тырақай ыдырап жатыр. Күннің нұрлы шуағына кедергі келтірмей ғана доғаланған кемпірқосақ. Ғалымдар кемпірқосақ сәулелердің дифракцияланған түрі екенін айтады. Ал, дифракциялану дегеніміз – жарық, дыбыс толқындарының сол толқын ұзындығымен шамалас тосқауылдарды орап өтуі. Яғни, шынайы сәуле кедергіні керек қылмайды деген тоқтамға келіп, байыпты байлам жасауға болады. Марал Хасен шығармаларының шынайылығы да кедергі-тосқауылға тәуелді емес шексіздік толқынына айналған екен. …«Кемпірқосақ» сөзінің шығу төркініне үңілсек, орыс тілінде «радуга» аталған бұл құбылыстың атауы қазақтың «Кем бір қосақ» сөздерінің тіркесінен құралған деседі. Жеті түрлі жолақты екі-екіден жұптайтын болсақ, үш қосақ шығады да, жетінші доға жалқы қалады. Қолыңыздағы жинақты құрастырушы жазушының жары Рымбала апайдың қосақсыз жүріп, осынша толымды еңбек тындыруына қалай разы болмайсыз?! Егер, осы жинақты Марал аға екеуі ақылдаса отырып құрастырса, бұдан да зор таңдамалы жарық көрер, бәлкім… Бірақ, дәл осы жеті түс-жеті бояудан айырылып қалар ма едік?! Жеті бояулы жеті том құнды біз үшін. Өйткені, дана қазақ «7» санын ерекше қастерлеген. Ол аз десеңіз, таңдамалыда Марал ағам өзі бастап, үлгере алмай кеткен аудармаларды Рымбала шешей тиянақтап, автордың стиліне қылдай да қиянат жасамай тәржімалап шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан, Рымбала апайдың таңдамалыға енгізілген шығармаларды жүйелеп-жіктеудегі сергек талғамына қоса аудармашылық қырына да көңіл аударғаныңыз абзал, қадірлі оқырман.

ҰСТАРАНЫҢ ЖҮЗІНДЕГІ ҰТҚЫРЛЫҚ

Жалпы, Марал Хасен шығармашылығы өзіне тән әуезділігімен, мәйектілігімен дараланады. Жасыратыны жоқ, біздің журналистика Кеңес дәуірінде биліктің қолына су құйып, қолтығына бу бүркуге ғана жараған қолбаласына айналып кеткен-ді. Алып империяның адуынды идеологиясы сөз еркіндігін матап, тіпті, әріптестеріміздіңстиліне де үстемдік етті. Марал ағамыздың қаламдастары Компартия пәрменімен қасаң стиль, құрғақ ұранның «құрбанына» айналды. Аймақ баспасөзі былай тұрсын, тұтас ұлттық журналистикада талантымен тамырлас мінезінен айнымай, азуын да, жазуын да қатар көрсете білген қаламгер – саусақпен санарлық қана. Өкініштісі сол, көптеген талантты аға буын өкілдері өз дәуіріндегі қасаң стилден арыла алмай, қабілетін толық көрсете алмады. Ресми биліктің шектеу шеңберінен шығып кеткендерінің «шекесі шылқи» қойғаны да шамалы. Ал, біздің буынның бақыты – Тәуелсіздікпен бірге келген еркіндік. Бұған дейін Марал Хасеннің кейінгі жылдары жарық көрген жекелеген кітаптарын оқығаным болмаса, сонау 70-80 жылдардағы публицистикасына зер сала қоймаған екенмін. Осы жолғы таңдамалысына талғаммен сұрыпталған азаматтық ой-толғам, очерк, сұхбаттары мен фельетондары шынымен-ақ бас шайқатып, таңдай қақтырды. Автордың тақырып қою, көтерген мәселесінің түйінін тамыршыдай тап басу, тақырыпты ашу, сөз саптау шеберлігі қалыпқа құйған қара кірпіштей қасаңдықтан мүлде алыс жатыр. Таразының екінші басындағы оқырман талғамын ойдан шығармай, кез келгеніміздің алтын уақытымызға қиянат жасамай жазған екен жарықтық. …Бала болсам да, есімде. Сол дәуірдегі кез келген редактордың оқырманға арнау сөзі «КПСС-тің пәленінші съезі шешімдерін жүзеге асыра отырып» деп басталатын еді. Ал, Марал ағаның өзі басқарып отырған «Ақадыр таңы» газетінің 1975 жылғы алғашқы санына жарияланған беташар сөзі «Оқырманға айтар сөз» деп айдарланыпты. Оймақтай ғана мақаланың бір сөйлемінен не «КПСС», не «Орталық Комитет» деген сөз кездестіре алмайсыз. Керісінше өзі батыл сөйлей отырып, оқырманды да ақиқат ауылына шақырады. «Біз бүгінгі болмысымызда кемшіліктердің әлі де болса орын алып келе жатқанын жақсы түсінеміз. Кері тартар олқылық көрсеңіз, қолыңызға қалам алыңыз. Жарқын да жасампаз тұрмысымызға көлеңкесін түсірер көріністер жайлы да жазып тұрыңыз», – деп қоғам проблемасын бірлесе шешуге үндеу сол замандағы қай редактордың қолынан келді екен? Онсыз да Компартияның қаулы-қарарларымен сіресіп шығатын аудандық газеттің әр санын өткір сын, өтімді пікірмен тұздықтап отыру дәстүрін сақтай алмаған, оқырман сенімін ақтай алмаған шектен тыс идеолог-редакторлардың болғанын жақсы білеміз. Менің Марал ағамның олардың қатарынан болмағанын таңдамалының алғашқы томына топтастырылған шығармалары арқылы айқын аңғаруға болады. Қазір ғой – еркіндіктің екпіндеп, жазу формасының түрленіп тұрғаны. Маркең марқұмның заманында әңгіменің әлқиссасы «күн көсемге» табынумен басталып, Компартия көшбасшылығымен көмкеріліп жатты емес пе?! Жинаққа енген қаншама мақаласынан бірде-бір ұрандау ұстынын кездестіре алмайсыз. «Тыңда сен, ұлым менің, әкеңнің сырын» деп аталатын 1 мамыр мерекесіне орай жазылған мақаласы да – сол уақыттың күн тәртібіне мүлде шығып көрмеген сирек форма. Ұлына сыр ақтара отырып, қоғамдағы тыныштықтың маңызын, адал еңбектің жемісін кестелі сөзбен келісті толғайды. «Бар ғаламға шапағатты шуағын молынан төгіп, мамырдың алғашқы таңы атты, мінекей. Көгілдір көктемнің зеңгір көгіне көтеріліп келе жатқан күннің нұры балғын дидарыңды аялай аймаласыншы деп сен жатқан бөлменің терезесін айқара аштым, ұлым. Арқа төсінде көсіліп жатқан Ақадыр алабының жібек самалы желеңімен желпіп оятты сені». Қандай ғажап сурет! Жарты ғасыр бұрын жазылған дүниенің газеттің сол күнгі санында «бас мақала» (сол уақыттың дәстүрі бойынша өзекті мәселе көтеріп, мазмұнды, көлемді және партиялық талаптарға сай жазылған материал осылай аталатын) болғанын ішім сезіп отыр. Сонда, райкомның үгіт-насихат бөліміндегілердің бас мақалаға қатысты талабы неге орындалмаған? Лениннің атын атамай, ұлттар достығын ұран қылмай-ақ, дала дидары мен еңбек адамының қажырын суреттеп отырып ұлына (өз ұлына бағыттай отырып, қазақ жастарына арнаған-ау негізі) көп сыр ұқтырған автордың шеберлігі де, батылдығы да, көрегендігі де осында тұр.

…Марал ағамен қатар немесе қарамағында қызмет атқару бақыты бұйырмаған әріптес-інісімін. Ара-тұра кездесіп, бір-біріміздің шығармашылық қуатымыз жайында пікір алмасқанымыз болмаса, ертелі-кеш етене жүріп сырласқан сәттеріміз өте аз. Сонда да Марал ағаны өзіме ұстаз санадым. Маркеңнің мінезді қаламына, көркемдіктен айнымайтын көшелі қуатына қызығатын едім. Еліктеп те жаздым. Бәрібір, Марал аға өз дәуірінің алдаспанындай жарқылдаған қалам иесі болып өтті. Кез келген шығармасын таразылап көріңіз… Кестелі сөз, келелі ой, сарқылмайтын сарказм, ащы ақиқат, тәтті сезім… Осының бәрі Марал Хасен феноменін айқындап тұр. Маркеңнің «мылтықсыз майдандағы» беймаза күндері – коммунистік жүйенің дәуірлеп тұрған жылдарына тән. Айдаһар жүйенің айлакер жазарманы болудан бас тартып, ұстараның жүзіндей қылпыған дәуірде асқан ұтқырлық танытқан қаламгер – Марал ағам, ендеше.

НЫСАНАҒА ДӨП ТИГЕН ЖЕБЕ ҚАЛАМ

Жақсы шығарма дәмді дайындалған тағамдай ғой, шіркін. Қанша ішіп-жесең де, тоя алмайсың. Марал ағаның жетітомдығын оқып шыққанда жеті айлық курс бітіріп келгендей жетіліп қалдым. Жарым-жартысын бұрынырақ жеке кітап болып шыққанда оқып алғанмын. Мені қызықтырғаны – Марал Хасеннің публицистикалық шығармалары. Автордың шығармашылық шеберханасына тәнті болдым. Сын садағын кере тартып, қауырсын жебесін үнемі ондыққа дөп тигізетін сұрмергендігін айтыңыз. Қазіргі ой еркіндігі мен сөз бостандығының мүмкіндіктері шаш-етектен болып тұрғанда, біз кібіртіктеп жүргенімізді мойындауымыз керек. Марал аға қылышынан қан тамған қызыл империяның дәуірлеп тұрған кезінде ана тіліміздің мәртебесі жайлы қаймықпай қайрат танытып, қалам сілтеген. Бір ғана Нұра ауданының аралас мектептеріндегі тіл мәселесін көтере отырып, тұтас қазақ қоғамындағы тіл саясатының ақиқатын қанын сорғалата толғайды. Журналист үшін ойын айтар мінбер іздеп қажеті жоқ. Оның мінбері – әр жазбасы. «Қос қанаттың бірі бәсең қаққандай» деп аталатын мақаласын сол мінберден көрсеткен мінез дер едім. Дәйекті дәлел, тірі фактілерді ойната отырып, ойын ашық айтқан бұл мақаласы 1989 жылы өзіміздің «Орталықта» жарияланған екен. Сұхбаттары да сұңғыла ойларға жетелеп, сұрғылт қоғамның сұрқия болмысын өткір көтереді. Кейбір сұрақтарына тәнті бола отырып, Марал ағаны кейіпкері үшін жаналғыш әзірейілдей болған шығар деген ойға да келдім. Естеріңізде болар, 1990 жылы орыс жазушысы А.Солженициннің ұлтаралық мәселені ушықтырып, «Россияны қалай көгертеміз?» деген атышулы мақала жариялағаны. Мақала авторының Қазақстан шекарасына қатысты пікірлеріне нілдей бұзылған Марал Хасен дәл осы мәселеге қатысты сұхбат алады. Кімнен дейсіз ғой? Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Виталий Гаркушадан. Бірінің сандырағын екіншісіне мойындатып, мойындатып қана қоймай, айыптатып, ол сұхбатты обкомның органы облыстық газетке жариялайды. Міне, қалам қайраткерінің қайсарлығы! Сұрақты төтеден қойып, обком хатшысын абдыратып тастағанын көзімізбен көрмесек те, сұхбатты оқу барысында сезіндік. «Мақаланың «Қазақстан туралы» деген абзацын оқығанда Сіз не сезіндіңіз?» деген сұрағына обкомның біріншісі: «Не сезінді дейсіз ғой… Өкінішке қарай, сөз шебері үшін ұялдым», – деп жауап берген екен. Дәл осы сұхбатында бірінші хатшыны бақырашқа балықты тірідей салып қуырғандай мінез танытқан екен. Мәселен «Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы Қарағандыға да жетті ғой. Сол кездегі облыс басшыларының іс-қимылына қандай баға берер едіңіз?» деген сұрағының өзі неге тұрады?! Әбден әбігерге түскен хатшы: «Меніңше, ақыры шындық жеңді. Ерте болсын, кеш болсын, ақиқат өз дегеніне жетеді. Иә, Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы біздің облысқа да жетті. Өкінішке орай, облыс басшылығы ол кезде талап биігінде бола алмады. Бәлкім, мұның өзі қателікті кеш мойындау болып көрінер, соған қарамастан ақиқаттан ешқайда кете алмайсың», – деуге мәжбүр болыпты. Анығын айтайын, Марал Хасеннің қай жанрдағы болсын, шығармаларының барлығы – жанды организм. Өз дәуірінің үнін анық, бояуын қанық жеткізетін қасиет бар. Саяси сараптамалары мен шолулары. Құдай-ау, бұл тақырыпқа кімнің аңсары ауып, тісі бата қояр дейсіз? Редакциялық тапсырмаға сәйкес, тиіп-қашып жазуға болады. Немесе, саясат сахнасында беделі һәм айтары бар әлдебір саясаткердің аузына салып, сұхбат алуға болады. Ал, халықаралық аренада ушығып тұрған жаһандық мәселелерге үн қосып, түйін байлау дегеннің өзі қиын шаруа екенін өз басым мойындаймын. Оның үстіне, саясат деген құбылмалы әлемнің болжаусыз тынысынан тыңғылықты ой құрап, салмақты жасаған сараптамаңыздың өзі ертең-ақ өзектілігін жоюуы мүмкін. Бұл тақырыпқа тіс батыруүшін өзің тіс қаққан саясаткер болуың керек шығар… Маркең жазған саяси тақырыптағы сараптамаларының салмағын тақырыптарынан-ақ тануға болады. «Демирел неге ренжіді?», «Буырқанған Буш аптығын басқан ба?», «Масанов маса шаққан құрлы көрер емес», «Елцин сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді», «Балқанның талқаны шықпаса игі еді» тағы басқа да тақырыптарының өзі «Мені оқы» деп тұрған жоқ па?!

КӨРКЕМДІК КӨКЖИЕГІ

Марал Хасен – әмбебап қаламгер. Көсемсөзші, жазушы, аудармашы, сатирик… Керек десеңіз, өлең де жазған. Бәрібір, осынша қырының арасында аудармашылығының бәсі басым тұрады. Сана дағдарысқа ұшыраған мезгілде қоғам әдебиетке жүгінеді. Бабаның шұрайлы тілімен шырайлы кестеленген әдеби мұра арқылы ұлттың рухын көтеріп, дертіне шипа табамыз. Осы орайда, Марал Хасен секілді қабырғалы қаламгердің тындырған ісі орасан екенін айтуға тиіспіз. Әлем әдебиетін ана тілімізде сөйлету мақсатына ұмтылу арқылы аудармашы тығырықтан жол таппай, демі үзілгелі тұрған аударма жанрының тамырына қан жүгіртті. Сонымен қатар, қазақ қаламгер[1]лерін өзге жұрт оқырмандарына танысты[1]руды да өзінің аудармашылық парызы са[1]наған. Академик Ебіней Бөкетовтен бастап, орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов, Бақытжан Қанапиянов, Сейдахмет Құттықадам, Нұрсұлу Бөкетова сынды қазақ қаламгерлерін өз жұртымен қайта табыстырды. Әсіресе, Ебіней Арыстанұлының «Шоқанның шуақты шұғыласы» («Святое дело Чокана») атты көлемді шығармасының ана тілімізде сөйлеуі ұлт көсемсөзі үшін орасан олжа болғанын баса айтуымыз керек. Түпнұсқа авторының стильдік қуатын сақтай отырып, шығармашылық процесс барысында автор мен аудармашының тұтас бір әлемге айналуы болмайынша, аударма сәтті шыға ма? Шықпайды, әрине. Марал ағам әрбір шығарманы аудару сәтінде осынша ауыр міндет, зор жауапкершілікке мойынсұна отырып, белуардан бейнет кешкенін еріксіз сезінесің. Тіпті, түпнұсқаны түрлендіріп, ой-арман, мақсат-мүддесі ұлттық болмыста болғанымен, бар айыбы орысша жазатын қазақ қаламгерлерін өмірге қайта әкелгендей еңбек жасағанына көзіміз жете түседі. Әдебиеттанушы ғалым, профессор Жансая Жарылғаповпен ара-тұра әдебиет жайында, көркем аударма тақырыбында, әдеби сын төңірегінде ой бөлісіп, пікір таластыратынымыз бар. Әдебиет теориясының бүгінгі әйдігі атанып жүрген Жансая досым әлем әдебиетінде абсурдизм бағытының негізін қалаушы Альбер Камюді аударуға, сюрреалистік ағымды қалыптастырушы Пауло Коэльоны тәржімалауға екінің-бірі тіс батыра алмайтынын айтады. Ал, аудармашы Марал Хасен осы екі классикті де қазақ тілінде сөйлеткен. Қазақ оқырманы жатырқай қабылдаған модерндік бағыттағы өзіміздің Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан», «Көзжендет» атты шығармаларын орыс тіліне тәржімалап, талантты жазушы Думан Рамазанның «Алланың әмірі» мен «Көкжал» шығармаларын орыс тілді ортаға танытқан да – Марал Хасен. Өмірінің соңғы жылдарын «Нобель сыйлығы лауреаттары» сериясына арнағанын бұрын да жазғанбыз. Орыс халқының мінезді жазушысы Иван Бунин мен американдық Эрнест Хемингуэйге жүрегі дауалап, батылы барған аудармашының осы серия аясында әлемнің 15 қаламгерінің және 2015 жылы Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш журналист, орыс тілінде жазатын белорус публицисі Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» («У войны не женское лицо») повесін тәржімалауын әдебиетіміздің аударма саласына салған орасан олжасы деп айтуымызға толық негіз бар емес пе?! Асыл жарының шығармашылық жоспарларының өзін қастерлі аманаттай қабылдаған Рымбала апай Марал ағамыздың көзі тірісінде аударуға ниет етіп жүрген С.Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындар» («Цинковые мальчики») атты шығармасын шырайын кіргізіп тұрып аударып тастады. Бұл – Марал ағаның қалам ұшына бағындай, жанар ұшында мөлдіреген аяулы арманы. Арман орындалды, аманат ақталды!

…Мен Марал Хасен аудармаларын оқи отырып, аудармашының көркемдік көкжиегіне тамсандым. Ал, табандылығына таң қалдым. Неге? Қотара сіңіріп, көркемдік деңгейін сақтай отырып, өзге дәстүр, өзге бағыттағы шығармаларды өз тілінде сөйлету былай тұрсын, оқып шығуға батылымыз бармайды ғой. Төзіміміз де сарқылады-ау. Ал, Марал аға аударған әлем әдебиеті классиктерінің әрқайсысы – бір-бір әлем. Бірі – постмодернизмнің, екіншісі – сентиментализм бағытының, енді бірі – эксперессионизм ағымының өкілі. Еуропа мен Америка әдебиетіне тән ағымдар мен бағыттардың табиғаты мен талабын сақтай отырып, аударманы көркемдігінен ажыратпай тәржімалау үшін сарқылмас қажыр, телегей білім керек. Соның бәрі біздің Марал ағамызда болды. Ең бастысы, публицист, аудармашы Марал Хасен мұрасын зерттеушілерге архив ақтарып қажеті жоқ. Қаламгер шығармашылығы, оның қаламгерлік қуаты туралы ғылыми тұжырым, жылы пікір топтасқан осы жетітомдық таңдамалы қолыңызға түссе – болғаны. Маралдың мәңгілік мұрасымен қауыштық.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button