«Кеңестің кезеңін аңсап, кері кетпейік»
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да арамызда баяғы Кеңес үкіметін аңсайтындар бар. Ал, солар тек Тәуелсіздіктен кейін ғана біз өз тарихымызға, ұлттық дүниетанымымызға бет бұрғандығымызды елеп, ескермейді.
Бұдан көп жыл бұрын, шамасы 2000 жылдың басында болуы керек, қаладағы ардагер ағалардың жиналысына қатыстым. Жиында қаладағы жастар саябағында тұрған Ленин ескерткіші туралы сөз болды.
Шыны керек, ескерткіштің сол уақыттағы жағдайы мүлде нашар-тын. Қараусыз қалған. Ескерткіш туралы сөз болған кезде мен орнымда отырып «сол ескерткішті неге алып тастамайсыздар?» дедім.
Сол-ақ екен қариялар «одан қандай жамандық көрдіңдер» деп маған дүрсе қоя берді.
– Кешіріңіздер, сіздер әуелі оны барып көріңіздер, мұрны жоқ, саусақтары сынып қалған, аяқкиімінің жартысы жоқ. Сыры көшіп тозып кеткен. Солай тұрғаны дұрыс па? – дедім.
Қариялар ескерткіштің жағдайын білмейді екен, бәрі үндемей қалды. Баяғы компартия жоқ, көсемді күзетіп отырған. Сонда С.Мұстафин деген соғыс ардагері, қаланың «Құрметті азаматы» орнынан түрегеліп:
– Қарақтарым, соған сендер әзір тиспеңдерші, біз ана жаққа кеткен соң алып тастайсыңдар ма, басқадай жасайсыңдар ма, оны өздерің білесіңдер. Өтінеміз, әзірге тиспеңдер,– деді.
Содан кейін әлгі кемшіліктер дұрысталып, қалпына келді. Сонда, өткенін аңсаушыларды көріп таң қалған едім. Одан кейін, тағы бірде қонақасыда отырып, құлдық сана-сезімнен арылмаған ақсақалдың қылығы қамықтырды. Жанымда отырған жас шамасы сексенді алқымдаған қарт адам ел басшыларын жамандап, қоғамды қаралап, таусылып сөйледі. Бүгінгі заманға ырза еместігін алға тартып: «Шылғи құлқынның қамын ойлағандар, бұларға Сталин керек, сонда тәртіп болады» – деп оттай тұтанып, соқтығарға қара таппағандай көсілді.
Бұл қылығына төзе алмай: «Беу, ақсақал, Сталин дедіңіз ғой, Қазақстанның тәуелсіздігіне де ырза емессіз бе?» – дедім. Тағы да Тәуелсіздіктен не жақсылық көрдік деген кейіп танытты. Мұнысына менің де намысым қозып, көк көз сары шалға жалт қарап:
– Осы сөзің үшін атып тастайтын қазақ екенсің, – дедім.
Өзеуреп отырған қария үндемей қалды. Сәлден соң орнынан тұрып менен әрірек барып отырды. Мен де үндемедім, ол да ләм демеді. Дәмнен ауыз тиіп, шығып кеттім. Міне достар, біздің кейбір қандастарымыз әлі күнге өткенді көксейді.
Шынтуайтында, Арыстарымызды атқызған, ұлттық құндылығымыздан айырып, қазақ жерін аса зиянды әскери, ядролық, ғарыштық полигонға айналдырған Кеңес үкіметін аңсаушылардан не қайыр күтеміз?! Кеңес кезін сағына еске алатындарға айтарым, ескі күннің елесінде естері кеткенше, есті ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосқан абзалырақ.
Кеңесті аңсап, кері кетпейік!
Жанболат Башар,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.