Проблемаға көзқарасымыз қандай?
Айналамыздың бәрі түрлі құбылыстар мен проблемаларға толы. Соған қарамастан, біз олардың барлығын, тіпті, өзімізге тікелей қатысы барын да тең дәрежеде көріп, бағамдай алмаймыз. Ал, шындығында қоршаған әлемге және өзімізге деген көзқарасымыз өмірімізде болып жатқан оқиғалар мен процестерге қатысты көзқарасымызды бағыттайтын нәрсеге тікелей байланысты.
Көп жағдайда біз шынайы жағдайға қарағанда әлемді және өзімізді мүлдем басқаша көреміз әрі ол айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Сыртқы және ішкі оқиғалар мен процестердің себептерін қалай түсінетініміз көбінесе проблемаларымызды көрсетуге мүмкіндік беретін ойлау құралдарымыздың қандай екендігіне байланысты. Мұны түсіну үшін Қожанасыр туралы тәмсілді естеріңізге салғым келеді.
Бір күні үйінің кілтін шамның астынан іздеп жүрген Қожанасырды көрген көршісі «Не іздеп жүрсің, Қожеке?» деп сұрайды. «Үйімнің кілтін іздеп жүрмін» деп жауап береді.
– Кілтіңізді нақты осы жерде жоғалтып алған ба едіңіз?
– Жоқ, кілтімді үйде жоғалтып алдым.
– Онда неге үйіңнен емес, шамның түбінен іздеп жүрсіз, Қожеке?
– Бұл жер жарық, сол себепті осы жерден іздеп жүрмін, – деп жауап берген екен Қожанасыр.
Бұл тәмсілдің мағынасы қандай? Кез келген астарлы әңгіме сияқты, ол бірнеше мағынаға ие және сәйкесінше оның әртүрлі түсіндірмелері болуы мүмкін. Адамдар өздерінің проблемаларының себептерін объективті логикаға, болмаса, барлық қолжетімді фактілер негізінде емес, өздеріне психологиялық тұрғыдан ыңғайлы, өзі көре алатын фактілерге сүйене отырып іздеуге бейім.
Адамның ақыл-ойы «шамының» мүмкіндіктері мен назарынан бөлек, әлемде болып жатқан оқиғаларды көруге және оны түсіндіруге басқа мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, адамдар процестер мен оқиғалардың себептерін түсіндіргенде, олар нақты іздеу керек жерден емес, өздерінің ақыл-ойларының «шамының» жарығы жеткен жерлерден іздейді, яғни, ақыл-ойының өресі жеткен тұсымен ғана өлшейді.
Шам туралы тәмсіл бізге келесідей ой қорытуға мүмкіндік береді. Біріншіден, Қожанасыр тәрізді жоғалған кілтті, немесе бізге жетіспейтін басқа заттарды «табуға» мүмкіндік беретін «шам» қажет. Екіншіден, ақыл-ойымыздың «шамы» «кілтімізді» жоғалтқан жерден емес, шамның жарығы түскен жерден іздеуге мәжбүрлейді. Үшіншіден, өзімізге қажетті «кілттерді» іздеудің дәлдігін арттыру үшін біз «шамның» құрылғысын біліп, қажет болған жағдайда оны қайта жасау керек.
Бірақ, қоғамнан дайын ақыл-ой құрылғысын алатын адамдардың көпшілігі оны талдауға бейім емес. Нәтижесінде, олар өздері маңызды дүниені жоғалтып, оны жоғалтқан жерден емес, жанып тұрған «шамының» астынан іздеуге жүгіреді. Бірақ, өмір жолымызды дұрыс жарықтандырады деп қателесіп, маңдайлары тасқа тигендей болғанда, кінәлілерді іздей бастайды.
Шам туралы астарлы әңгімеден қандай пайдалы қорытынды жасай аламыз? Біздің «шамға» тым көп сенуіміз өзімізді сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін, сондықтан оны мезгіл-мезгіл тексеріп, ақыл-ой «шамын» қайта жасау керек. Егер мұны әдетке айналдырсақ, проблемаларымыздың себептерін көру және оны шешу жолын табу қабілетіміз айтарлықтай жақсара түсуі мүмкін.
Есет ЕСЕНҒАРАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.