Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Жеңіс ҚАСЫМБЕК: “Ұлытау облысының болашағы зор”

Облыста биыл даладағы жұмыстар аяқталды. Жұмыссыздықпен де күрес ымырасыз. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беруде. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аталған салаларға жауапты басқарма басшылары баяндама жасады. Сонымен қатар Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жаңа Ұлытау облысын құру туралы Мемлекет басшысы Жарлығының күшіне енетінін айтып, әріптестеріне сәттілік тіледі.

ҰЛЫТАУДЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

8 маусымда Мемлекет басшысының жаңа Ұлытау облысын құру туралы жарлығы күшіне енеді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа өңірге баратын әріптестеріне бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.

– Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Ұлытау, Жаңаарқа өңірлеріндегі әріптестерімізге табыс тілеймін. Бірлесе отырып, иық тіресе талай жұмыс атқардық, осы жылдар ішінде осы өңірлердің тұрғындары үшін өзекті мәселелерді шешуге қол жеткіздік, – деді Жеңіс Қасымбек. Ол жаңа өңірдің болашағы зор екеніне, өңірдің дамуға серпін беретініне сенім білдірді.

– Сіздер жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Осынау шешуші сәтте сәттілік тілеймін, – деді Жеңіс Қасымбек әріптестеріне.

ЕГІС АЯҚТАЛДЫ

Егіс науқанының қорытындысы туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров:

– Облыста көктемгі дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқталды. Биылғы жылы егіс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда – 30,2 мың гектарға артып, 1 миллион 84 мың 900 гектарды құрады. Картоп – 11,4 мың гектарға, көкөніс 52 гектарға егілді. Бұл да былтырғыдан көп. Мал азығы дақылдары – 4,2 мың гектарға артып, 75,9 мың гектарды құрады, – деді. Ол шаруалардың сұрып жаңартуға мән беріп, өнімділігі жоғары және элиталық тұқымдарды көбірек пайдаланатынын атап өтті. Сондай-ақ, егістік алқаптарының 40 пайызға жуығын минералды тыңайтқыштармен өңдеу жоспарланған. Агротехнологияларды қолдану егіннің өніміне ықпал етеді. Басқарма басшысының мәліметінше, қазірдің өзінде диқандарға тұқым шаруашылығын дамытуға және минералды тыңайтқыштар сатып алуға 1,2 млрд. теңге көлемінде субсидия төленген. Аграрлық несие корпорациясы арқылы облыстың 132 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егіс жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілген. Азық-түлік корпорациясы астықты форвардтық сатып алу бойынша бес өтінімді қаржыландырды. Егіс алқаптарын шегірткеден қорғауға бюджеттен қаржы бөлінді, жұмыс маусым айына жоспарланған. Қажеттілік 2,3 млн. тоннаны құрайтын мал шаруашылығына жем-шөп дайындау қажет.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ҚАЛАЙ?

Ал, жұмыссыздықпен күрес облыста қалай жүргізіліп жатқаны туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова өз баяндамасында айтып берді.

– «Кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Оның аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 204 адам жіберілді. Өңірлердің көпшілігінде бұл оқыту бойынша жұмыс әлі басталмаған, бірақ 100 пайыз жұмыспен қамтылған жұмыс берушілердің өтініші бойынша өткен жылдан бері өткізіліп келеді. Әлеуметтік жұмыс орындарына тағы 390 адам, жастар тәжірибесіне 191 адам жіберілді – оның ұзақтығы жалақыны 30 АЕК-ке дейін көтерумен бір жылға дейін ұлғайып, «Күміс жас» жобасына 534 адамды жіберу жоспарлануда. Тағы 3081 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді – мұнда жеке сектордағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру басты назарда. Біздің облыста да жұмыс істейтін «Алғашқы жұмыс» жобасына 20 жасқа дейінгі, оның ішінде NEET санаты бойынша жұмыс іздеп жүрген түлектер, Жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне қарамастан жұмыссыздар қатыса алады. Ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін ұлғайды, 44 адам жұмысқа орналасты, бұл – жоспардың 18%-ын құрайды. Мұнда жалақы да өсті – 30 АЕК-ке дейін, – дейді ол.

Жалпы, республикалық жобалар аясында облыста 121 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда, оның ішінде 30 мың тұрақты, 91 мың уақытша. Биыл 20 890 жұмыс орны ашылады, оның 5 433-і, тұрақты, 15 457-сі – уақытша. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек:

– Қарағанды қаласында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Облыста бұл көрсеткіш 4,5 пайыз болса, облыс орталығында 5 пайыздан жоғары, – деді.

Ал, Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биылғы жылы Қарағандыда жұмыссыздардың үлесі 5,1 пайызды құрағанын айтты.

– Біз бұл пайызды төмендетпекпіз. Қазір мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, жыл басынан бері 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткіздік. Қалада ішкі және сыртқы көші-қон жоғары, бұл – жұмыссыздықтың бір себебі. Деректер базасында 3000-нан астам бос жұмыс орны болса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 10 оқу орталығында 12 мамандық бойынша 16 топ қысқа мерзімді оқуға түсті – барлығы 209 адам жоспардан артық, – деді қала әкімі. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмыссыздықпен күресті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button