Руханият

Ақпарат ақтаңгері

Қазақстанның Құрметті журналисі, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, облыс әкімі тағайындаған «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты Амандық РАХҰЛЫ «жетпістің жайлауына» ат басын тіреді. Ақырын жүріп, анық басатын ақпарат ақтаңгерінің қарымды қаламы қашанда қолында. Мерзімдік баспасөзде 50 жылға жуық еңбек етсе, соның 37 жылын Жезқазған-Ұлытау өңірінің шежіресін жасап, тыныс-тіршілігін көрсетуге арнады.

Сексенінші жылдардың ортасында қоңыр күзге қарай орта бойлы, бидай өңді жас жігіт Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетіне партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып келді. Жасы «орда бұзар» отыздан енді асса да, сөзі салмақты, ой-пікірі орнықты шығып жатқандықтан ба, ересектеу көрінетін. Бастапқыда тұйықтау түр танытқанымен, уақыт өте келе «тонның ішкі бауындай» аралас-құралас болып кеттік.

Ол кезде облыстық газет аптасына бес рет шығады. Қазіргідей компьютер қайда, жазған мақаламызды бастыру үшін машбюродағы төрт машинисткаға қаздай тізіліп, кезекке тұрамыз. Редакциядағы жиырмадан астам журналистің арасында төрт-бесеуі материалдың тезисін түртіп алып, «диктовкамен» заулатады. Соның бірі – осы Аужекең. Жаңа бөлім меңгерушісінің басқамыздан тағы бір артықшылығы – орысша мәтіндегі материалды да ойланбастан қазақшаға аудара береді.

Асылы аудандық газеттен келгендер қамшы салдырмайтынын талай көрдік. Аужекең де еңбек жолын 1974 жылы аудандық «Жаңаарқа» газетінде корректор болып бастап, редакторға дейінгі барлық жолдан өтіпті. 1976-1983 жылдары Ақадыр аудандық «Ақадыр таңы» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болыпты. 1985 жылы облыстық газетке Приозерный аудандық «Ленин жолы»-«Ленинский путь» газеттерінің редакторлығынан келді. Осындай азаматпен 10 жыл облыстық газетте бірге қызмет істедім. Тоқсаныншы жылдардың ортасында күзде ел газеті «Егеменге» экономика бөлімінің меңгерушісі болып ауыстым. Келесі жылы облыстық әкімдік Аужекеңді қызметке шақырғанын естідім. Содан ол Жезқазған облысы таратылған 1997 жылғы мамырға дейін ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінде бас инспектор болды. Сосын қалалық «Сарыарқа» газетіне бас редактор болып тағайындалып, алғашқы қиын кезеңде оны қалыптастыруға зор үлесін қосты, білікті басшы екенін көрсетті.

«Дүрілдеп тұрған Жезқазған облысы таратылған уақыт қиын да қилы кезең болды, бәріне ауыр тиді» деп, еске алады Аужекең. Расында қызмет жайы алаңдатқан облыс деңгейіндегі басшылардың өзі абдырап қалған еді. Облыстық «Сарыарқа» газеті шығуын тоқтатып, қаламына сүйенген әріптестердің көбі «сең соққан балықтай» күй кешті. Осы бір алмағайып кезеңде, ойда-жоқта редакцияның басшылық тізгінін Аужекеңнің қолға алуына тура келді. Өйткені, бұрынғы облыстық газет таратылғаннан кейін шілдеде жарық көрген жаңа қалалық басылымның басшысы Әубәкір Ахметбеков алғашқы санынан кейін оқыстан бақилық болды.

«Жазған құлда қажу жоқ» демекші, іске кірісті. Проблема бастан асады. Штат шағындалған. Бұрынғы облыстық басылым журналистерінің бәріне бірдей орын жетпейді. Штат кестесі анықталғанмен, қаржыландыру көзі белгіленбеген. Оның үстіне облыс кезінде редакция баспахана қызметі үшін 5 млн. теңге қарызға батыпты. Сол кездің бағамымен бұл – қыруар қаржы. Әкімдік: «Бұрынғыдай дотациялық мекеме деген енді болмайды, нарық талабына сай әркім өзін-өзі қаржыландыруы керек» деген әңгіменің шетін шығарды.

Газет ол кезде аптасына үш рет жарық көреді. Қаржы жағдайы әбден тығырыққа тіреді. Одан шығу үшін таралым мен жарнаманы көбейтуге күш салды. Ұжымның ұйымшылдығы мен тыным таппай еңбектенуі арқасында қалалық басылым таралымы 6 мың данаға жетсе, бұрын құттықтау мен көңіл айтудан басқа дүниеге онша көп бой ұра қоймаған қазақ газетінің екі бетіне дейін жарнамаға толатын болды. Жергілікті кәсіпкерлермен арада байланыс нығайды. Баспахананың қарызынан құтылудың да жолы табылды. Ел оқитын газет жасау жолындағы талпыныс ізсіз кетпеді.

Қалалық «Сарыарқа» газетін 2002 жылға дейін басқарған, 2008-2013 жылдары аймақтық «Мысты өңір» газетінің бас редакторы болған Аужекең екі мәрте: 2002-2008 және 2014-2016 жылдары облыстық газеттің Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі меншікті тілшісі болып еңбек етті. «Орталықтың» оғландарымен қанжығаласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты, сондай-ақ, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі өзекті проблемаларды баспасөз бетінде жүйелі көтерумен көзге түсті. Қазір де шығармашылықтан қол үзбей, қалам қарымын танытып жүр.

Ол 1995 жылы «Қазақстан энциклопедиясы» бас редакциясынан шыққан екі томдық «Боздақтар» кітабының қазақша қолжазбаларына редакторлық етті. 2004 жылы жарық көрген «Жезқазған» энциклопедиялық анықтамалығын, қаланың 60 жылдығына арналған «Жезқазған» деректі кітабын және 2019 жылы жарық көрген «Жезқазған» энциклопедиясын құрастырушы авторлардың бірі. Облыс қаламгерлерінің «Сарыарқа» сериясымен шыққан кітапқа және басқа да ұжымдық жинақтарға очерктері енді. «Ұлытау кітапханасы» сериясымен 2012 жылы «Тарпаң тірлік» атты кітабы жарық көрді.

Амандық Рахұлы баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне орай бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағының және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, дипломымен марапатталды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button