Бас тақырып

Жалған сөз жарға жығар

Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Тіл сүйексіз. Қай тілде, қалай сөйлесең де икемделе кетеді. Алайда, тиексіз тілім бар екен деп ауызға келгенді айта беру қаншалықты дұрыс? Адамның ойы жүйрік. Күніне сан мыңдаған нәрсені ойлағанмен, оны сыртқа шығарғанда да әбден ой елегінен өткізген абзал. Әйтпесе, орынсыз сөйлеп, опық жеп қаларсыз…

Ғайбат сөйлеу, өтірік айту-орынсыз екенін біле тұрғанмен, айтуға жанымыз құмар-ақ. Мәселен кейбір ақпараттар еш дәйексіз мың құбылып тарап жатады. Елімізде эпидахуал күшейген тұста, түрлі жалған қауесет тарады. Тіпті, жақында болған «Қаңтар қасіретінде» де ел арасына іріткі салғандар орынсыз ақпараттар–өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып жеткізді. Қандай да бір адамды да дәл жанында жүргендей жабыла жамандауға әуеспіз. Әсіресе, осындай жайттар әлеуметтік желіде жиі байқалады. Әр адам санасына байланысты түрліше пікір жазады. Солардың ішінде бірін-бірі танитындары некен-саяқ. Адамның ар-намысына тиетін сөздерден көз аша алмай қаласың.

Ислам діні біреуді ғайбаттауды, ол туралы лақап сөз таратуды құптамайды. Қасиетті Құранда: «Ей мүміндер. …Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны ұнатпайсыңдар. Расында, Алла тәубаны тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» делінген. «Біреуге зәредей қолымен немесе тілімен зиян келтірмеген адам–ол нағыз мұсылман» дейді. Егер сен қаншалықты ораза ұстап, садақа беріп, бес уақыт намаз оқысаң да ғайбат сөз соның бәрін жуып-шайып кетеді дегенге саяды.

Кез-келген мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, сыртынан долбарлап айту жаман қасиет. Әрі осындай бос сөздер еліміздің ешкі саяси тұрақтылығына да зор қауіп төндіреді. Халықты іштен ірітіп, алауыздық тудыратын ғайбат сөзге тосқауыл қою заңмен реттелмек. Бұл орайда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез-келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады»-деді, сұхбатында. Айтылған сөз–атылған оқ. Шынымен де, елді арандадатып, дүрбелең туғызатын орынсыз сөзден заңды түрде жазаланғандар да бар.

–Ел арасындағы жаман індет талай адамның өмірін қиды. Осы бір уақытта індетті жоққа шығарып, екпені іске алғысыз қылғандар қатары көбейіп кетті. Сондай сәтте жұмыста түнгі кезекшілікте отырып, мен де ватсаптағы достар группасына өзімше қалжың ретінде бейнеүндеу жолдадым. Яғни, ауру жоқ. Дәрігердің көмегіне жүгініп керек емес деген секілді. Бір күнге жетер-жетпес уақытта ауылдағы ішкі істер бөлімінен шақырту алдым. Ойымда ештеңе жоқ. Сөйтсем, менің түндегі жіберген жазбам аудан тұрғындарының чаттарына тарап кеткен екен. Осылайша, ойыннан от шықты. Еңбекақымның жартысын айыппұл ретінде төлеп құтылдым,-деп еске алады, фабрика жұмысшысы Фариза Кемелбаева.

Өсек тарату, өтірік айту, ғайбат сөйлеу түбі бір төркіндес сөздер. Абай айтқан 5 дұшпанның ғайбат сөйлеп, өсек айту адаммен біргеге жасасып келе жатыр. Күнә екенін біле тұра, түндігін кеңге жая түскенінде жасыра алмаймыз. «Басқа пәле тілден» десек те, психологтардың айтуынша ғайбат сөйлеу көбіне қажеттіліктен туындап жатады екен. «Қара басының қамы үшін, жағымпаздану, іштарлық өтірік айтып, өсек таратуға ықпал етеді. Яғни, орынсыз сөйлеудің әлеуметтік жақ басым тұрады екен. Тіпті бұған әуестеніп алатындар да бар. «Көп айтса болды, жұрт айтса көнді» деп, өзіндік пікірі жоқтар орынсыз сөздің көк сандығы» дейді.

Ғайбат сөйлеу адамгершілік тұрғысынан алғанда дұрыс емес екендігін, адамның ар-намысына тиетін ұят нәрсе екенін білгенмен, амал қанша?! Кейде бұл қанға сіңген қасиет пе деп қаласың…

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button