Тағзым

Ер есімі ұмытылмайды

Отан алдындағы борышын адал атқарған, ерлікпен қаза тапқан өрімдей боздақтың рухына тағзым ету, оның өнегелі ғұмырын өзге де білім алып жатқан студенттерге таныстыру, Отансүйгіштік қасиеттерді жастардың бойына сіңіру мақсатында ҚарТУ, Инновациялық технологиялар колледжінің бұрынғы түлегі Мадияр ҚАЙСАРОВТЫ еске алуға арналған «Ер есімі – ел есінде» атты онлайн режимде кураторлық тәрбие сағаты апталығы өтті.

Мадиярдың колледждегі оқытушылары бар жоғы 20 жасында қыршын кеткен есіл боздақтың студент кезінен сыр шертетін естеліктерімен бөлісті. Ол Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүріп, мемлекет мүддесін қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Сол сәтте көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілген еді. Оның өмірі қас-қағым сәт екен…

Мадияр Қайсаровтың тай-құлындай тебісіп, бірге өскен, аралас-құралас болған колледждегі қазір оқып жатқан студент достары онымен бірге жүрген сәттерін еске алып, сыр шертті. Отбасылық және студенттік кезден естелік боп қалған фотосуреттер, интернет желісіндегі деректер негізінде олар бүгінгінің батыры туралы сыр айтты. Ол Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5547 әскери бөлімінде азаматтық борышын атқарып жүріп, ел басына күн туған сәтте халықтың тыныштығы мен бейбітшілігі жолында құрбан болды…

Апталықтың соңғы күнінде бірінші курс кураторлары – Р.Закиуллин, Ә.Тазабекова, Р.Бекмолдина және А.Мыңбаева ұйымдастырған ауқымды еске алу шарасына Отан үшін шейіт болған боздақтың әкесі және ағайын-туыстары қатысты.

Марқұмның рухына тағзым ету сәтінен кейін сөз алған Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Н.Смағұлова бейбіт күннің батырына айналған Мадиярдың әкесіне қайғы тек бір отбасына ғана емес, бүкіл елге ортақ екенін, Оразалы Қайсарұлына атаның ұлынан адамның ұлына айналған ұрпағының қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырғанын айтып, колледж ұжымы адам жанына сөзбен де, іспен де демеу болатынын білдірді.

Мәңгілік естелікке айналып, тарихтың төрінен орын алған есіл ердің есімін ҚарТУ колледжінің де мәңгі жадында сақтайтынын серт етті. Мадиярдың құрметіне түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, еске алумен рухын жаңғырта ұрпақ санасына сіңіріле беретініне директор өзі бастап сол жолда қызметтер атқаратынын жария етті.

Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Сыздықова Қазақстан тарихына «Қаңтар толқуы» атауымен есте қалатын оқиғаны арандатушылардың ұтымды пайдалану салдарының орны толмас өкініштері енді қайталанбай, Тәуелсіздігіміз баянды болып, ұрпағымыз еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, енді бейбіт күндерден айырмасын деген тілек білдірді.

Қаһарман Мадияр өздері оқып жатқан колледждің түлегі екенін енді білген 1-курс студенттері тебірене сөз сөйлеп, алған әсерімен бөлісті.

Мадиярдың әкесі Оразалы Қайсарұлы қайғысына ортақтасып, шейіт болған ұрпағына құрмет білдіріп, еске алып жатқан ұжым мен жас ұрпаққа алғысын айтты.

Роза БЕКМОЛДИНА,

ҚарТУ, Инновациялық технологиялар колледжінің оқытушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button